Тұрғындар Арысқа қайта оралды
Тұрғындар Арысқа қайта оралды
5,203
оқылды

Апта басындағы барша жұртты дүрліктірген Арыстағы апатты жағдайдың қаупі сейіліп, беті толықтай бері қарады. Қуанышты жағдай, Арыс қаласының тұрғындары қалаға кірді.

Бұл туралы бүгін Түркістан облысында құрылған штабтағы баспасөз мәслихатында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.

Облыс әкімінің мәліметінше қала мен әскери қоймада оқ-дәрілерді тазалау және қаланы дезинфекциялау шаралары аяқталған және қауіп бұлты толық сейілген.

«Арыс қаласының тұрғындарын ертең 28 маусым күні сағат таңғы 8.00-ден бастап ұйымдасқан түрде автобустық коллоналармен кіргізе бастаймыз. Ал жеке тұлғалардың көліктерін сағат 12.00-ден бастап кіргіземіз. Тұрғындарды кіргізу үшін Арыс қаласы 17 секторға бөлінді. Осы секторларға облысымыздың  аудан, қала әкімдіктерінен 640 жауапты (1 аудан - 40 адам) азамат бекітілді. Әрбір 10 үйге 1 қызметкерден жауапты. Тұрғындарды жайғастыру кезінде осы азаматтарға арыстық көше, аулалардың белсенділері көмек беретін болады. Қазіргі таңда Арыс қаласындағы төтенше жағдай толық бақылауға алынды. Өрт ошақтары сөндірілді. Алаңдауға еш негіз жоқ. Арыстықтарға көмек ретінде «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорында арнайы есеп-шот ашылып, бүгінгі таңда 721 млн. теңге жинақталды. Түркістан облысы әкімдігі тарапынан Арыс қаласының тұрғындарына азық-түлікпен көмек көрсету жөнінде штаб құрылған. Қайырымдылық акциясы аясында халыққа қажетті жалпы көлемі 150 тонна зат жиналды. Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Алматы облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларынан жеткізілді. Эвакуациялық орталықтарда елге көмек көрсетілді. Мемлекет тарапынан да қаржылай қолдау болады. Мұның бәрі ел игілігі үшін жұмсалады. Құрметті, арыстықтар! Біздің жүрегіміз де, тілегіміз де бір. Біз елмен бірге Арыс қаласын 1 ай ішінде толық қалпына келтіріп қана қоймай, оны одан да жақсы жағдайға жеткіземіз. Ол үшін шыдам, ұйымшылдық және патриотизм керек», – деді Ө.Шөкеев.

Тұрғындар үйіне оралғанда бекітілген қызметкерлер бүлінген баспаналарды фото-видеофиксация жасап, шығындарды есептеуге көмек береді. Жайғасу барысында облыстық полиция қызметкерлері мен дәрігерлер, төтенше жағдай департаменті мен құзырлы мекемелер үздіксіз қызмет көрсетеді.

Облыс басшысы қаланың бүлінген үйлерін қайта қалпына келтіру мәселеміне де тоқталды.         

Құрылыс-жөндеу жұмыстарына көмек беру үшін еліміздің барлық өңірінен 160  арнайы бригада келеді. Әрбір облысқа Арыс қаласындағы бөлінген секторлар бойынша жұмыстар беріледі.

 

Яғни,  шаһар шартты түрде 17 секторға бөлінетіндігін мәлімдеді. Атап айтқанда, әрбір секторға 17 аудан-қала әкімі бекітілген. Олардың әрқайсысының жанында 40 жауапты қызметкерден болады. Сол жауаптылар тұрғындар қалаға кіргенде үйлеріне орналастырады.  Сонымен қатар әрбір баспананың зақымдануын фото-видеоға түсіріп, актілер жасаумен айналысады.

«17 сектор 17 облыс әкімдіктеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге бөліп берілді. Әрбір облыстан 10 бригададан, жалпы саны 1500-ден астам құрылысшылар келіп, жөндеуді бастайды. Облыстың өкілдері келіп, бекітілген секторларды аралап, тиісті жұмыстарға кірісті», – деді Түркістан облысының әкім Өмірзақ Естайұлы.

Облыс басшысы тұрғындарға үйлеріне кіргенде қандай қауіпсіздік шараларды орындау керектігін де ескертті.

«Үйіңіз бен аулаңызға кіргенде күдікті заттар байқасаңыз 112 немесе 102 нөміріне қоңырау шалу қажет. Ұрлық болды деген күдік болса, ешбір затқа тиіспей, 102 нөміріне қоңырау шалу керек. Үйде қалған азық-түлікті жойып, суды да 10 минут ағызған абзал. Осыларды ескеріп, ертең тұрғындарға арнайы жадынамалар әзірленіп, таратылады» деді ол.

Ал ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев сапер-мамандар Арыс қаласы мен әскери қоймада оқ-дәрілерден тазалау жұмыстарын атқарғанын айтты. Арыста 400-ден астам әскери мамандар қала аумағы мен әскери қойманы, көшелерді, темір жолды тексеріп шықты. Қала тазаланған.

Қалада ауа, су сынамалары алынып, радиация мөлшері зерттелген. Бұл туралы еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.

 «Бүгін жылжымалы лабораториялар арқылы қала аумағында және сыртында зерттеу жасалды. Радиациялық жағдай тексеріліп, 518 сынама өлшемдері жүргізілді. Радиациялық фон қалыпты деңгейге сәйкес келеді. 50 орында атмосфералық ауаның сапасы тексерілді. Нормативтен ауытқу анықталған жоқ. Қазіргі таңда қала бойынша ауыз су құбырларының дезинфекциясы және жуып-шаю жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс бүгін сағат 18.00-де аяқталады. Қоқыс жиналатын контейнерлік орындар толық дезинфекциядан өткізілді.  Бұл жұмыстарға Түркістан облысымен қатар Қызылорда, Жамбыл өңірлерінің мамандары тартылды. Қаланың ауасы қауіпсіз. Арыста радиация қаупі жоқ», – деді ол.

Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет төрағасы Владимир Беккер қаладағы әлеуметтік нысандар тексеруден өткенін мәлімдесе, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев үкімет тарапынан арыстықтарға жағдай жасалатынын, қала жедел қалпына келтірілетінін жеткізді.