Арыстықтар үйлеріне оралды
Арыстықтар үйлеріне оралды
185
оқылды

Арыс қаласының тұрғындары бүгін, яғни 28 маусым күні таңғы 8.00-де қалаға кіргізіле бастады.

4 күн бойы Шымкент қаласы мен облыстың өзге де аудандарындағы эвакуациялық орталықтарда күн кешкен тұрғындар ұйымдасқан түрде автобус колонналарымен туған жерлеріне оралды.

Қазіргі таңда Арыс қаласы мен әскери қоймада оқ-дәрілерді тазалау және қаланы дезинфекциялау шаралары аяқталды. Тұрғындар өміріне еш қауіп жоқ. Сондай-ақ бүгін ғана ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Арыстағы атмосфералық ауаның таза, су және топырақтың ластанбағанын, радиацияның жоқтығын айтқан болатын.

Тұрғындар үйіне оралғанда бекітілген қызметкерлер фото-видеофиксация жасап, шығындарды есептеуге көмек береді. Жайғасу барысында облыстық полиция қызметкерлері мен дәрігерлер, төтенше жағдай департаменті мен құзырлы мекемелер үздіксіз қызмет көрсетеді.

​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ 

Сонымен қатар арыстықтарға құрылыс-жөндеу жұмыстарына көмек беру үшін еліміздің барлық өңірінен 160​ арнайы бригада келеді. Әрбір облысқа Арыс қаласындағы бөлінген секторлар бойынша жұмыстар беріледі.

Айта кетейік, тұрғындарды кіргізу үшін Арыс қаласы 17 секторға бөлінген. Бұл секторларға облысымыздың​ аудан, қала әкімдіктерінен 640 жауапты (1 аудан - 40 адам) азамат бекітілді. Әрбір 10 үйге 1 қызметкерден жауапты. Тұрғындарды жайғастыру кезінде осы азаматтарға қаладағы көше, аулалардың белсенділері көмек беретін болады.

Апаттан зардап шеккен халыққа Қазақстанның өзге облыстарынан қажетті 150 тонна зат жиналған.