SpaceX компаниясында небәрі 7 мыңдай адам еңбек етеді. Ал Ресейдің «Роскосмос» кәсіпорындарында шамамен 200 мың адам жұмыс істейді. Осыған қарамастан, Илон Масктың компаниясы Ресей мемкорпорациясын ғарышкерлер тасудағы монополиясынан айырып қана қоймай, оны кем дегенде 5 жылға артта қалдырды.
Орыс аюының басын «аждаһа» жұтты
2020 жылғы 30 мамырда И.Маск компаниясы құрастырған Crew Dragon-ның «көк сеңгіріне» жол тартуы нәтижесінде космонавтиканың жаңа дәуірі басталды. Ақаулы болып, әуеде жарылған Space Shuttle ғарыш кемесінің бағдарламасы 2011 жылғы 8 шілдеде жабылғалы алғаш рет АҚШ ғарышкерлер отырған төл зымыранын өз жерінен ұшыра алды. Әйтпесе, әлемдік алып держава 9 жыл бойы астронавттарын Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) жеткізу үшін Ресейдің және «Байқоңырдың» көмегіне жүгінуге мәжбүр болып келген еді. «Роскосмос» саладағы монополиялық жағдайын барынша пайдаланды. Мысалы, SpaceX жетістікке жетеріне шүбәланған NASA өз бағдарламаларын сақтандыру үшін биылғы мамырдың басында Ресейдің ғарыш қызметі саласындағы мемкорпорациясымен контракт бекітті. Келісімге сәйкес, «Роскосмос» «Байқоңыр» арқылы ұшырылатын ғарыш кемесінде америкалық ғарышкерге бөлінетін 1 орынды 90 миллион 252 мың 905 долларға бағалаған! Неге сонша қымбат? Бірінші себебі: солтүстік көршінің ғарыштық кемесі – бір рет қана пайдаланылатын өнім. «Протон» және «Союз» аспанға көтеріле сала сатылары бірінен соң бірі отқа оранып, қазақ жеріне құлайды не ғарышты қоқсытады. Ал Crew Dragon-ды алып ұшқан Falcon 9-дың аса қымбат бірінші сатысы кері қайтып, Атлант мұхитындағы қалқымалы платформаға ақырын ғана қонды. Ғарыш ісіндегі осы ғажайып оқиға SpaceX сайтында трансляцияланды. Маск оны келесі жолы қайта қолданбақ. Бұл ұшырылым бағасын арзандатады. Тағы бір ерекшелігі сол, «Протон» аса улы гептилмен, ал SpaceX кемесі экологиялық қауіпсіз керосинмен және сұйық оттегімен «қоректенеді». Екінші себебі – АҚШ-пен бар салада тайталасатын Ресей бақталасының күні өзіне түскен соң оған еш аяушылық танытпады. Алғашында бір орынды 50 миллион доллардан бұлдады. Содан кейін жыл сайын өсіре берді. Өткен жылы $82 миллионға жеткізді. Мысалы, 3 орындық Союз-МС-тің 1 ұшырылымы солтүстік көршіге 70 миллион долларға түседі. Яғни, бүкіл ұшу шығынын жалғыз америкалық астронавт өтеп беретін. Америкалық зымырантасығышпен ХҒС-ке жету NASA-ға 50 миллион долларға түсті. Бұл баға алда төмендемек. Өйткені Crew Dragon тұңғыш сапарында тек 2 астронавтты – 49 жастағы пилот Роберт Бенкен мен 53 жасар Дуглас Херлиді ғана алып ұшты. Тиісінше, 1 орын құны қымбаттау болды. Шынында, ол ғарыш кемесіне бірден 4 ғарышкер сыяды. Қалай болғанда, «Роскосмос» енді АҚШ ғарышкерлерін тасудан тауып келген жүздеген миллион доллардан қағылатыны анықталып отыр.Илон неге тоқалдан туғандай күйде?
«Шатл» бағдарламасы доғарылғасын Америка мемлекеттік жоба атаулыдан бас тартып, ғарышкер тасымалдайтын кеме жасауға жеке секторда байқау жариялады. Оны 2014 жылы атақты Boeing және Илон Масктың SpaceX компаниялары жеңіп алды. Алайда Boeing дайындаған Starliner тестілік ұшу кезінде сәтсіздікке ұрынды. Ал Сrew Dragon табысқа ғана емес, Американың қолын жұлдыздарға жеткізді. Осы орайда, сарапшылар АҚШ басшылығының гений Маскты жете бағаламай отырғанына назар аудартады. ХҒС-қа қос америкалық ғарышкерді апару арқылы SpaceX ғарыш саласындағы планетарлық деңгейдегі ең қуатты ойыншы екенін паш етті. Бірақ АҚШ ғарыш агенттігі оны лайықты қаржыландырудан ат-тонын ала қашып отыр. Мысалы, Boeing құрастырып жатқан Starliner-ге NASA 4,2 миллиард доллар бөлген. Ал Илон Маскқа Crew Dragon-ды одан екі еседей аз бюджетке – 2,6 млрд долларлық контракт аясында жасауға тура келді. Америка ғарыш агенттігінің директоры (NASA) Джим Брайденстайн SpaceX биік межені бағындырғанымен, Boeing ұсынысын анағұрлым тартымды деп санайтынын ашық мәлімдеді. Агенттіктің ішкі құжатында бұл былайша тұжырымдалған: «SpaceX-ке қарағанда Boeing ұсынысы техникалық тұрғыдан да, компания менеджменті жөнінен де үздік. Сондықтан Boeing-ке көбірек төлеу ұйғарылды». Кімнің үздік екенін 30 мамырдағы ұшырылым көрсетті. Ал Boeing-тің «анағұрлым тартымды» ұсынысы ұшу дайындығы деңгейіне шыға алмауда. Оның үстіне, аса қымбат Starliner сыйымдылығы бойынша Crew Dragon-ға есе жібереді. The New York Times талдауынша, бірлескен еншілес кәсіпорын құрған Boeing пен Lockheed Martin басқармаларына көптеген беделді, билік үшін құрметті тұлғалар кіреді. Олар Маскты тең санамайды, онымен іскерлік серіктес те емес. Boeing-тің NASA-да, әскери құрылымдарда ХХ ғасырдан бері жолға қойылған лоббистік байланыстары бар. Демек, «жер астынан жік шыққандай» пайда болған жаңа әрі жасампаз компанияға бұлар сүйек-саяқ тастағанымен, мембюджеттің майшелпек бөлігін бәрібір бермейді. Қазақшалап айтқанда, бас табаққа шақырмайды, сарқыт қана ұсынады. Биліктің бюджет бөлісінде «дұрыс», «ескі» компанияларға басымдық беретіні америкалық ақпарат құралдарында талай жыл өткір сынға тамыздық болып келеді. Одан АҚШ ғарыш саласындағы сыбайлас жемқорлық пен лоббизм жойылар емес. Мәселен, NASA Жер тарихындағы ең алып ғарыш кемесі Starship-ті кемеліне келтіру үшін SpaceX-ке беретін қаражат Марсқа ұшуға жетпейді екен. «НАСА Марсқа бет алатын кеменің Айға дейінгі сапарының құнын ғана өтейтін болды» деп бағалады сарапшылар. Салыстыру үшін айтсақ, қызыл планетаға дейін ұшуы тиіс Orion ғарыш кемесін жасауы үшін Lockheed Martin-ге 2006 жылдан бері бюджеттен 21,5 миллиард доллар шығындалған (2021 жылы Орионға тағы 1,4 млрд берілмек), ал ол әзірге бірде-бір рет ұшқан жоқ. SpaceX құрылған күнінен бері мемлекеттен осынша қаражат алып көрмепті. Соған қарамастан Crew Dragon, Falcon 9, Falcon Heavy ауыр және жеңіл зымырандарын адамзат игілігіне тапсырды. 2018 жылғы 4 желтоқсанда Falcon 9 екі қазақстандық ғылыми-технологиялық спутникті орбитаға сәтті шығарды.«Байқоңыр» тағдыры не болады?
Кейінгі жылдары қазақстандықтардың гептилге қарсы қозғалысы ақыры «Протон» ауыр зымырантасығыштарын ұшырудың азаюына ықпал етті. 2019 жылғы 24 желтоқсанда Ресей қазақ еліндегі ғарыш айлағынан былтырғы соңғы «Протонды» аттандырды. Бұл мерейтойлық ұшыру болатын: 1957 жылғы 4 қазаннан бері «Байқоңырдан» тура 1 500 зымыран аспанға бет алыпты. Осылайша, Ресей 2019 жылы жалпы саны 24 зымыранын ғарышқа аттандырды: оның 13-і ғана «Байқоңырдан», 7-еуі – ресейлік Плесецкіден, біреуі – «Восточный» космодромынан, тағы үшеуі француздық Курудан ұшты. Жалпы, «Протондар» жылына орташа есеппен 4 рет пайдаланылып жүр. Негізгі жүктеме «Союздарға» түсуде. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев отын ретінде экологиялық қауіпсіз керосинді пайдаланатын Союз-5, Союз-6 жаңа зымырантасығыштары «Байқоңырдан» 2062 жылға дейін, 40 жыл ұшатынын айтады. Осы мақсатта «Бәйтерек» бірлескен жобасы аясында «Назарбаев старты» аталған ұшыру алаңы жасақталуда. Ол 2022 жылға қарай дайын болмақ. 2023 жылы алғашқы Союз-5 ғарышқа жол тартуы тиіс. Ол 17 тонна жүк көтере алады. Crew Dragon осы «союздарға» үлкен бәсекелес болады. Илон Масктың кемесі әлдеқайда көп жүк жеткізеді (25 тоннаға дейін). Жерге оралатын капсуласының іші бар-жоғы 2,5 текше метр болатын «Союзда» ары кетсе, 3 ғарышкер әрең сығылысып отырады. Ал Crew Dragon Жерге басыбүтін оралатындықтан, онда экипажға 9,3 текше метр (3,72 есеге артық!) қолжетімді: ішінде, тіпті әжетхана бар. Рас, NASA онда 4 адамнан аспайтын экипажға ғана орын сайлауға тапсырыс берді. ХҒС-да көп астронавтты ұстап тұру қымбатқа түседі. Ендеше болашақта қалап жатса, сыйымдылықты 6-7 адамға дейін арттыра алады. Crew Dragon-ға балама ретінде Ресей «Орел» атты зымырантасығышты әзірлеп жатыр. Бірақ ол тек 2025 жылы ұшу сынағын бастамақ. Егер кемеліне жеткізілсе, әрине... Дегенмен мамандар «Байқоңырға» бұрынғы көлемде болмағанымен, бәрібір сұраныс боларына сенімді. АҚШ-тың Айға қону, Марска ұшу секілді толып жатқан төл ғарыштық бағдарламасы бар. SpaceX көбіне соған бағдарланбақ. Ал қазақ жеріндегі ғарыш айлағының ескі және жаңа ұшыру алаңдары бүкіл адамзатқа қызмет етуін жалғастыра береді.