Соңғы деректерге сәйкес, елімізде жұқпалы індетке шалдыққандар саны 12 859-ға жетті. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында жаңа 5 жағдай тіркелген.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, вирус Семей қаласындағы 1960 жылғы әйел мен 1948 жылы туған ер адамнан табылған. Оған қоса, Шымкент қаласынан Зайсан ауданына әскери борышын өтеуге келген 1997, 2000 және 2002 жылғы азаматтар да бар.
«Эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша 2 науқастан зертханалық талдау бұрынырақ КВИ ауруын жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болғандығы анықталған. Қазіргі уақытта қауіпті дертті жұқтырған пациенттің барлығы инфекциялық стационарға жатқызылды. Олармен байланыста болғандарға эпидемиологиялық және медициналық тексеру жүргізу үшін аумақтық басқарма мамандары мен медицина қызметкерлерінен құралған мобильді топ ұйымдастырылып, ошақтарға дезинфекция жүргізілуде. Эпидемияға қарсы шаралар жалғасып жатыр» делінген баспасөз хабарламасында.
Қазіргі уақытта облыста коронавирус жұқтырған 190 адам бар. Оның ішінде емделіп шыққандар саны – 65.