Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәлімдеуінше, елімізде балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің тағайындалуы – аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қорғау бағытындағы маңызды жаңашылдықтардың бірі болды.
Кепілдендірілген әлеуметтік пакет – 1 жастан 18 жасқа дейінгі баласы бар аз қамтылған отбасының әрбір баласына беріледі.
Көмек пакеті шартсыз немесе шартты ақшалай көмек алатын тұрмысы төмен отбасыларға беріледі.
6 жастан 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет тиісті оқу жылы алдында беріледі.
1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет ай сайын азық-түлік жиынтығы және тоқсан сайын тұрмыстық химия тауарларының жиынтығы түрінде ұсынылады.
Азық-түлік түзімі Үкімет қаулысымен бекітілген. Оған қоса, осы жастағы балалардың физиологиялық ерекшеліктерін, тағамдық және энергетикалық құндылығы ескеріле отырып жасалды. Оның құрамында – анемия, рахит, дисбактериоздың алдын алу үшін кальций және басқа микроэлементтермен байытылған дәрумен, пробиотиктері бар әртүрлі (сүт, көкөніс, жеміс) өнімдер бар.
Орта білім беретін ұйымда оқитын 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакетке:
Мектеп формасы немесе спорттық киім, мектеп құралдары жиынтығы;
Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нормаларға сәйкес оқу жылы кезеңінде оқу орнында (оқу күндері) күнделікті бір рет ыстық тамақ;
Қоғамдық көлікте (таксиден басқа) билеттің толық құнының 50 пайызынан кем емес мөлшерде жеңілдікпен жол жүруі кірген.