3 маусым күні Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы екінші питчингінің нәтижелері бойынша мемлекеттік қаржыландыру алған картиналар тізімін жариялады. Оның ішінде миллиард теңгеге жуық қаржы «Қазақфильм» АҚ киностудиясына бөлініп отыр.
Қазір Ұлттық киноны қолдау орталығына қатысты дау өршіп тұр. Бұл туралы сауалымызға Мәдениет министрлігі өкілдері «Бүгінгі күні Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының төрағасына қатысты құзырлы органдармен тергеу жүріп жатыр. Сондықтан алдын ала пікір айту ертерек» деп жауап қайтарды.
Ал биылғы жылы түсірілетін жобалар қандай? «2019 жылдың 3 қаңтарында «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданып, кино өнері саласының реттелуі тұжырымдамалық негізде өзгерді. Мәселен, киножобаларды қаржыландыру туралы шешімді уәкілетті орган Сараптама кеңесінің оң қорытындысы және Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржылық қолдау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ұсынымы негізінде қабылдайды. 2019 жылғы 31 қыркүйек пен 30 қазан аралығында ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды іріктеудің екінші конкурсына 226 өтінім қабылданып, Сараптама кеңесінің отырысында 58 киножобаға оң қорытынды берілді. Сондай-ақ Сараптама кеңесінің отырысы онлайн режимде Youtube.com сайтында трансляцияланғанын атап өту қажет. Бұл өз кезегінде киножобаларды іріктеудің ашықтығын қамтамасыз етеді», – дейді аталмыш ведомство өкілдері.
«Қазақфильм» ұсынған жобалардың ішінде «Қасым Жәкібаев», «Серікбол Қондыбай. Воин духа», «Алыстағы ағайын» деректі фильмдері бар. «Алтын адам» анимациялық фильмі де биыл түсірілмек. Қазақстан–Венгрия бірлесіп түсіретін халықаралық жобаның бірі – «Олиара». Қысқаметражды фильмдердің қатарында «Граната», «Рух», «Таутай-лақ», «Горячее озеро», «Көше ақыны», «Самый долгий день лета» жобасы бар. «Возвращения Моря» дебюттік фильмі де осы қатарда.
Қалған 29 киножобаны жекеменшік киностудиялар жүзеге асыратын болады. «Рақымжан Қошқарбаев» туралы деректі фильм де жоспарда тұр. «Ақ боз үй», «Мама, я живая», «Адам и Алма», «Боран», «Дос Мұқасан», «Лето 1941-го», «Хирург», «Билет из рая» картинасын да жекеменшік киностудиялар түсірмек. «Кенже қыз» бен «Колыбельная», «Караван Историй», «Еркетай» анимациялық фильмдері де жекеменшікке тиесілі. 29 жобаның ішінде қысқаметражды фильмдер де бар. «Құс», «Слезы недорого», «На Восток от Рая» – бекітілген жобалар. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Слова назидания Абая» фильмі түсірілмек. «Бауырына салу» «Братья», «Молочная девочка», «Паралимпиец» дебюттік фильмі де жобада тұр.
«Заң аясында тұңғыш рет инвесторлар мен жеке капиталды тарту мақсатында ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржыландырудың жаңа моделі енгізілді. Мәселен, егер осы күнге дейін барлық фильмдер 100% мемлекет тарапынан немесе жекеменшік тарапынан қаржыландырылса, заң қабылданғаннан кейін коммерциялық жобалар мемлекет/жекеменшік қаражаты есебінен ішінара екі жақ тараптан қаржыландырылуы мүмкін. Үш жылдан кейін фильмдер шығару бойынша мемлекеттік бюджетке түсетін жүктеме 30%-ға төмендемек. Аталған заңның 12-бабына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар фильмдер, дебюттік фильмдер және оқиғалы фильмдер мемлекет тарапынан 100% қаржыландырылады. Әлеуметтік маңызы бар фильмдер қоғамның патриоттық, рухани-адамгершілік, зияткерлік және мәдени әлеуетін арттыруға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған өзекті дүниелер болмақ», – дейді министрлік.
Қазақ киносы дегенде, прокат мәселесі үнемі алдыңғы орынға шығады. Режиссерлерді зәрезап қылған дүние де прокат екені белгілі. Ұлттық киноға бөлінген қаржының қайтарымы бола ма? Министрлік «прокаттаудан түскен түсімнің 20%-ын Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына қайтаруы тиіс» деп отыр. Ал Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына қайтарылған қаражаттың барлығы жаңа жобалар өндірісіне бағытталады екен.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы – фильм өндірісінің барлық технологиялық процесін жүзеге асыратын өндірістік базасы бар Орта Азия аумағындағы ең ірі киноөндіруші ұйымның бірі. Киностудияны жаңғырту жайы да негізгі мәселенің біріне айналған. «Бүгінгі күні 2020-2022 жылдарға арналған киностудияны жаңғырту бойынша Жол картасының жобасы әзірленді және республикалық бюджет комиссиясымен мақұлданды. Киностудияны жаңғырту аясында қазіргі заманғы кинотүсірілім және монтаждау жабдықтарымен техникалық қайта жарақтандыруға, мамандандырылған көлік сатып алуға, инженерлік желілер мен ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізуге, сондай-ақ түсіру алаңының құрылысына көзделіп отыр», – дейді министрлік.
Әрине, ұлттық киноны дамытуға көңіл бөлген дұрыс. Көз қуантатын, көңіл сүйсінтетін, елдің ықыласына бөленетін фильмдер өмірге келіп, қазақ киносының қоржынын қампайтып жатса, қанеки! Онда «бөркімізді аспанға атып» қуанатынымыз анық. Тек миллиондаған теңгелер «желге ұшып» кетпесе болғаны. Әйтпесе, «Қасым Жәкібаев», «Рақымжан Қошқарбаев» сияқты деректі фильмдерді көрермен күткелі қашан?!