Ал осы диагнозбен көз жұмса, туыстары ақшаға қарық болмақ». Осындай қауесеттің таралғанына 3 айдың жүзі болды. Алайда мемлекеттік органдар ел көңілін алаңдатқан сауалдарды осы уақытқа дейін жауапсыз қалдырып келді.
Коронавирус жұқтырған көзі тірі адамды кездестірмеген жұртшылықтың күдігін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров сейілтті.
– Дәрігерлерде диагноз қою үшін ешқандай шығындар қарастырылмаған. Неліктен біреу ауырып қалуы үшін оған ақша төлеу керек? Дәрігерлердің жалақысы тұрақты. Жұмыс зияндылығы үшін қосымша төлем қарастырылған. Әр жағдайда егжей-тегжейлі эпидемиологиялық тексеру жүргізіледі. Байланыс жасаған адамдар тобы анықталады. Бұл әр науқас бойынша үлкен жұмыс. Мұндай үлкен жұмысты орындау үшін қаржыны шығындаудың не қажеті бар? Бұл –жалған ақпарат, – деді орынбасар.
Жалпы, аймақтағы жағдай алаңдатарлық күйде қалып отыр. Бүгінгі таңда коронавирустың мыңнан астам жағдайы тіркеліп, оның ішінде алтауы дерттен қайтыс болды. Әзірге бірқатар нысандардың жұмыс істеуіне рұқсат жоқ. Олардың қызметі инфекцияның жоғары қаупімен байланысты. Іс-шаралар уақытында өткізілмегендіктен, бизнес зардап шегуде. Республикалық СЭС комитетінің хабарлауынша, ресторан-банкет залдарының ашылуы кем дегенде 1 шілдеге дейін шегерілген.
Санитарлық қызмет мәліметтері бойынша, Қарағанды облысында КВИ ауруының деңгейі 100 мың адамға шаққанда 77 жағдайды құрайды. Оның үстіне, күнделікті өсім 3,1%, ол республикалық деңгейден екі есе жоғары. Аймақта эпидемиологиялық жағдай кезең-кезеңмен дамуда. Бұл аурудың ең жоғары көрсеткіші 21 сәуірде, ірі кәсіпорындардың қызметкерлері арасында COVID-19 анықталған кезде пайда болды.
Қарағанды қаласы Балалар ауруханасының реаниматология бөлімінің меңгерушісі Елизавета Кальмбах COVID-19 дертіне шалдықты. Екі күн жансақтау бөлімінде жатқан абзал жан палатаға ауыстырылды. Ол коронавирус инфекциясын қайдан жұқтырғанын өзі де білмейді.
– Жұмыста біз барлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтадық. Бірнеше әріптесім COVID-19 диагнозымен ауырып жатырмыз, дегенмен пациенттеріміздің ешқайсысынан бұл дерт анықталмады, жұқтырмаппыз, соған қуанып отырмын. Дәрігерлер қоғамнан оқшауланбаған. Кез келген қарапайым адамдар секілді дүкенге барамын, автобусқа мінемін, мүмкін сол кезде жұқтырып алған болармын. Жұмысымыздың ерекшеліктеріне орай біз де қауіп-қатер аймағындамыз, – деді дәрігер.
Өз ағзасындағы аурудың алғашқы белгілерін дәрігер-реаниматолог өзі анықтаған. Сол күні ол қоғамнан өз еркімен оқшауланып, әріптестеріне жүгініпті. Жедел жәрдемге жүгінгеннен кейін оны ауруханаға жатқызып, анализ алып, компьютерлік томография жүргізген. Зерттеу нәтижелері онда COVID-19 барын растайды. Бірнеше күннен кейін пациенттің жағдайы нашарлап, оны жансақтау бөліміне ауыстыруға мәжбүр болған.
–Коронавирус инфекциясын жұқтырғаныма бірден күдіктендім. Менде осы дертке тән белгілерге сай бұлшық еттерім, кеудем ауырды. Олар ыстығым көтерілгеннен кейін бірнеше сағаттан кейін пайда болды. Әрине, дәрігер болғандықтан маған пациент ретінде жатып, емделу таңсық болды. Жағдайды бақылай алмайтының, оған еш әсер ете алмау өте қиын екен, – деп есіне алды Елизавета Кальмбах.
Қарағанды қаласындағы профессор Х.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың жұқпалы аурулар госпиталі 100 төсекке есептелген. Қазір олардың бірде-бірі бос емес. СОVID-19 дертіне шалдыққан тоғыз науқас жансақтау бөлімінде, оның ішінде біреуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
– Түрлі елдердің дәрігерлік тәжірибесіне негізделген соңғы мәліметтер бойынша, ӨЖЖ-ге қосылу– соңғы төтенше шара. Оған қосылу үшін адамның тыныс алуын толық тоқтату керек. Егер мүмкіндік болса, инвазивті емес әдістерге жүгінген жөн. Бұл ретте адам өзі ем алады, ал аппарат оған көмектеседі. Жансақтау бөлімінде қазір сегіз науқас дәл осылай ем алуда. Олар есін біледі, біз тіпті тамақтандыру үшін олардың аппараттарын кейде өшіреміз. Кейбіреулерінің жағдайы дәретханаға өз бетінше баруға да жетеді, – дейді профессор Х.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың жансақтау және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Сергей Ким.
Облыста COVID-19 бойынша іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында 65 мобильді топ құрылды, олардың құрамына ҚО ТКҚСҚББ мамандары, полиция бөлімдерінің, «Атамекен» ҰКП Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кірді. 7 934 объектінің санитарлық-дезинфекциялау режимі бақылауға алынды.
Мобильді топтар барлық автобус маршруттарының соңғы аялдамаларында кезекшілік етеді. Тексерістер жүргізілетіні туралы автопарк қызметкерлері алдын ала ескертілмей, кез келген уақытта жүзеге асырылмақ.
– Бірінші кезекте кондукторлар мен жүргізушілердің бетперде мен қолғап киюін қадағалауымыз керек. Әрбір рейстен соң санитарлык өңдеу жүргізілетінін тексереміз. Өңдеу барысында орындықтар, тұтқалар, ұстағыштар дезқұралдармен залалсыздандырылады. Мүмкіндігінше едендерді жуу және терезелерді сүртіп отыруды ұсынамыз. Сондай-ақ әрбір рейстен кейін барлық терезелер мен есіктерді ашып, салондарды желдету қажет, – деп түсіндірді Қарағанды жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары секторының меңгерушісі Ескендір Қабидулла.
Егер мобильдік топтар талаптардың сақталмағанын анықтаса, хаттама толтырылып, іс сот қарауына беріледі. Тәртіп бұзушылықты жою мерзімі және автопарктерге тағылатын айыппұлдар туралы шешімді судьялар қабылдайды. Егер тәртіп бұзушылық қайталанатын болса және оларды түзетпесе, автопарк уақытша жабылады.
– Бұл – төтенше шаралар. Біз автопарктердің ондайға бармайтынына және саналылығына сенеміз. Бірақ егер де біз олардың бірінің қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр болсақ, онда осы кезеңде қала тұрғындарына ыңғайсыздық туғызбау үшін маршруттарды басқа автопарктерге береміз, – деді Ескендір Қабидулла.
Қазір Қарағандыда күн сайын 350-400 автобус рейске шығады. Олардың барлығы санитарлық талаптарға қаншалықты сәйкес келетіні тексеріледі. Бүгінгі күнге дейін 508 бірлік автокөлік тексерілді, оның ішінде 505 көлікте дезинфекциялау өңдеу жұмыстары жүрді. Осы ретте 9 955 насихаттық шара өткізілді.
Облыста барлық бизнес нысандары үшін алгоритмдер жасалды. Банкет залдары аурудың өсуі 2%-ға дейін төмендеген кезде қаралады. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, балалар мен ересектерге арналған қосымша курстарды ашуға толық рұқсат берілген жоқ. Балабақшалардағы кезекші топтар барлық сақтық шараларын қолданып ашылды.
Қарағанды облысында 8 маусымнан бастап 291 шағын орталық пен 278 мектептен тыс қосымша білім беру мекемелері жұмысын тоқтатты. Ал 100 балабақшада кезекші топтар ашылып, 12 коррекциялық кабинет жұмысқа кірісті.
Төтенше жағдай режимі кезінде объектілерде санитарлық-гигиеналық және дезинфекциялау шараларын сақтамай, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 476-бабын бұзған 406 объекті анықталды. Осыған орай, полиция сот органдарының қарастыруына 406 іс жолдады. Оның ішінде сот 111 іс бойынша әкімшілік қамауға алып, 265 объектіге 10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салды, 9 объектіге ескерту жасалды, сот қарастыруында 1 іс жатыр. Ал 20 әкімшілік іс сот тарапынан ел аумағында төтенше жағдай аяқталуына байланысты қарастырусыз қалдырылды.
Қарағанды облысында өткен тәулікте коронавирус инфекциясының 50 жаңа жағдайы тіркелді. Сырқаттанғандар – бұрын жұқтырғандармен жақын қарым-қатынаста болған адамдар. Оның 41-і – қарағандылық, 6 адам – Шет ауданының тұрғындары және Теміртау қаласынан, Саран және Абай ауданынан анықталды. Олардың барлығы жұқпалы аурулар стационарына жатқызылды. ⠀
Қазіргі уақытта ауырғандардың денсаулық жағдайы қанағаттанарлық, емдеу жүргізілуде.⠀Ауру ошақтарында дезинфекция жүргізілді.⠀9 маусымдағы жағдай бойынша, Қарағанды облысында 1 238 жағдай тіркелген, оның ішінде 6 адам көз жұмды және 530 адам сауығып кетті.