Алматы қаласы Туризм басқармасы қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің Қаулысында айтылған талаптарға сәйкес санитарлық-гигиеналық және эпидемияға қарсы ережелерді және нормаларды сақтап жүрген орналастыру орындарына «Тексерілді! Мұнда таза және қауіпсіз!» белгілерін табыс етеді. Белгі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған.
Алматы қаласы әкімдігі мен «Қазақстан қонақүйлері және мейрамханалары қауымдастығы» ЗТБ өкілдерінен жұмыс тобы құрылып, мониторинг жүргізілді.
Алматы қаласы Туризм басқармасының хабарлауынша, топ өз жұмысын 5 маусымнан бастады. Бұған дейін Novotel Almaty, InterContinental Almaty, Rahat Palace Hotel, Rixos Almaty және «Almaty» қонақүйлері тексерілді.
«Қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсету саласында қауіпсіздік маңызды. «Тексерілді! Мұнда таза және қауіпсіз!» белгісінің болуы мекеменің санитарлық-гигиеналық және эпидемияға қарсы ережелерді, нормаларды сақтайтынына және қауіпсіз екеніне кепіл болады», - дейді мониторингке қатысушылар.