Жуырда партия өкілдері қаладағы И.Ақынбеков және Ш.Құдайбердіұлы тұрғындарымен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бастаған партия өкілдері Арыс қаласында жаңадан салынған үйлердің тұрғындарымен кездесті. Көшпелі отырысқа қатысқан И.Ақынбеков және Ш.Құдайбердіұлы көшелерінің тұрғындары былтырғы апат зардабының тез жойылып, көшелердің абаттандырылып, төңіректің жайнай түскенін айтты. Өз кезегінде Б.Тәжібаев көшесіндегі бірқатар ғимараттардың жаңадан салынғанын, құрылыстың сапалы болуын партия ұдайы бақылайтынын айтты. «Былтыр жарылыстан кейін Арыс қаласындағы жатақхананың тұрғындары баспанасыз қалғандарын айтып шағымданған болатын. Арнайы жұмыс сапарында партия Төрағасының Бірінші орынбасары бұл мәселені партияның бақылауға алатынын айтты. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде көпқабатты үйлер талапқа сай салынды. Жалпы, қандай жағдай болса да елдің қасынан табылып жүрген «Nur Otan» алдағы уақытта да Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша жұмысын жалғастыра береді», – дейді ол.
«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек былтыр әскери қоймадағы жарылысқа байланысты Арыс тұрғындарымен кездесіп, қаланы қалпына келтіруге барынша қолдау көрсетілетінін айтқан болатын. Кездесуде И.Ақынбеков және Ш.Құдайбердіұлы көшелеріндегі ескі жатақхана тұрғындары жарылыстан үйлері мүлдем жарамсыз болып қалғаны жөнінде шағымданған еді. Бұл мәселе де партия бақылауына алынып, 40 жылдан астам уақыт бұрын салынған қос ғимарат үш қабатты үйге айналып, қайтадан салынды. И.Ақынбеков және Ш.Құдайбердіұлы көшелерінде бой көтерген 33 және 24 пәтерлі екі үйдің құрылысына 600 миллионға жуық қаржы қаралды. 2019 жылдың тамыз айында құрылыс жұмысы басталып, нәтижесінде қараша айында заман талабына сай үйлер салынды. 57 отбасы баспаналы болып, қуанышқа кенелді. Тұрғын үйлер дербес жылу қазандығымен қамтылған. Бүгінде аталған үйдің тұрғындары мемлекет басшылығына, құрылысты бақылауға алған партияға ризашылықтарын білдіруде.