Симптомсыз науқастан да коронавирус жұғады - Динагүл Баешева
Симптомсыз науқастан да коронавирус жұғады - Динагүл Баешева
© сурет интернеттен алынды
230
оқылды
Қазақстанның жетекші инфекционист дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешева коронавирусқа шалдыққан науқастарға қатысты зерттеу қорытындысымен бөлісті. «13 наурыздан бері ауруханаға түскен науқастардың 39 пайызында симптом болмаған. Ал 36,7 пайызында COVID-2019 жеңіл формада өткен. Осы екі көрсеткішті қоссақ, 70 пайыздан асып кетеді. Яғни, еш белгісі жоқ, жеңіл түрдегі аурулар 70-75% аралығында болып отыр. Соның ішінде орташа дәрежеде – 20%, ауыр дәрежеде -2%», - деді Баешева  Facebook-те өткен онлайн сұхбатта. Оның айтуынша, симптомсыз науқастардың кейбірінде уақыт өте келе ауру белгілері пайда болады. «Біздің есебіміз бойынша, уақыт өте келе симптомсыз келген науқастардың 15% - коронавирустың жеңіл түріне ауысады, кейбірі орташа түріне, ал 3 адам немесе 0,5% - ауыр дәрежеге ауысқан. Симптомсыз науқасты 14 күн бақылағанның өзінде де еш көрініс болмауы керек. Сол адамды біз «Симптомсыз науқас» деп атаймыз. Көбінесе 20-59 жас аралығындағы тұрғындардың ауруы симптомсыз және жеңіл түрде өтеді», - деді маман. Әдетте симптомсыз науқастардың бойынан 2,3,4-күндері ауру белгілері пайда болады. Сондықтан, симптомсыз науқастар үйге жіберілсе де, олардың денсаулығына мониторинг жүргізіледі.