Олар елді елең еткізді. Қоғамға белгілі азаматтар, қайраткерлер мен белсенділер арнайы жиналғанда масс-медиа өкілдері олардың елдегі ең қуатты партияға қолдау білдіретінін ойлаған да жоқ. Ал елімізге белгілі бір топ азамат «Nur Otan»партиясына жақтас болу үшін арнайы Лига құрды. Таң қалғанымыз да содан. Өйткені онсыз да Қазақстанның саяси сахнасында «Nur Otan»партиясымен үзеңгі қағыстыра қояр ешқандай күш жоқ екенін жұрт жақсы біледі. Сөйткен қуатты саяси құрылымды партия жұмысын сырттай бақылап жүрген бірқатар саясаттанушы, қоғам белсендісі, блогер мен журналистер қолдамаққа бекініпті. Енді мәселені рет-ретімен талдасақ.
[caption id="attachment_51585" align="alignnone" width="1200"] Ерлан Саиров[/caption]
Нұр-Сұлтан қаласында бас қосқан белсенді азаматтар сауын айтып, сәрсенбінің сәтінде журналистерді жинады. Белгілі саясаттанушы Ерлан Сайыров, Эдуард Полетаев, Марат Шибутов, блогерлер Бибігүл Дәулетбекқызы, Яков Федоров, журналист Жанарбек Әшімжан бастаған топ масс-медиаға жасаған мәлімдемесінде «Nur Otan» партиясы жақтастарының Лигасын құрғаны туралы айтты. Жаңа саяси қозғалысты құрушылар «Nur Otan» өткізгелі жатқан праймеризді кәдімгідей бақылауға алып, елдегі ең қуатты саяси күштің атынан заң шығарушы органдарға сайланатын азаматтардың шынымен де іскер, беделді, білімді һәм білікті болғанын қалайтындықтарын білдірді. Әрі партияның ішінде ғана өтетіндей көрінетін праймериздің саясатқа жақын азаматтарды кәдімгідей қызықтыратынын байқатты. Біздің пайымдауымызша жиналғандарды басын қосқан ең басты құндылық үміт болса керек. Яғни азаматтар биліктегі партияның алдағы сайлауға дайындығы еліміз дамуында, саяси үрдістерде түбегейлі өзгеріс болатынын байқатқан. Үміт отын оятқан. Содан да шығар көбі партия мүшесі болмаса да, «Nur Otan» партиясын жақтауға бел шеше кіріспек ниет танытты. Олардың мұндай қадамға баруына бірқатар себеп бар екенін де сездік.
Мемлекетке сенімді күшейтеді деседі...
Біздің пайымдауымызша Лиганы құрған азаматтар еліміздегі өзге партияларды емес, «Nur Otan» партиясын қолдау арқылы ең алдымен бұқараның көңіліндегі түйткілді билікке жеткізіп, елдің түпкір-түпкіріндегі әлеуметтік, экономикалық, рухани мәселелерді шешуге ықпал етуді көздесе керек. Мұндай қадам ең алдымен халықтың мемлекетке деген сенімін нығайтуы тиіс. Өйткені биліктегі партия ұйымдастырғалы жатқан праймериз арқылы «Nur Otan»-ға мүше болмаған азамат та үміткер бола алатыны партияның беделін өсіруі тиіс. Әрі азаматтардың сайлану құқын пайдалануына мүмкіндік береді де, бұл өз кезегінде халықтың билікке деген сенімін күшейтеді. Бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда бұқара мен биліктің өзара сенімі ғана елдің тыныштығына, өсіп-өркендеуге кепілдік болатынын саясаткерлер түсініп отыр. Содан да болар белсенділер бірден қуатты партияға жақтас болуды көздепті. Екіншіден, праймеризді бақылау, азаматтарды қолдау арқылы қоғам белсенділері партия ішіндегі өзгерістердің де ізсіз кетпеуін назарда ұстамақ болғаны байқалып тұр. Егер партияға іскер, білікті һәм халыққа беделді азаматтар көбірек тартылса, солар арқылы түйткілді мәселелер шешілер болса бұқараның ұтары сөзсіз. Оған қозғалысты ұйымдастырушылардың бірі Ерлан Сайыровтың айтқандары нақты дәлел болады. «Лига күрделі әлеуметтік мәселелердің шешімін тұжырымдау елдің нақты саяси күшінің маңына, яғни «Nur Otan» партиясының жанына шоғырлана отырып, диалог пен консенсусқа негізделуі тиіс деген қағиданы ұстанады. Қозғалысқа қатысушылар өңірлерге шығып, жұрттың әлеуметтік желілердегі ұсыныстары мен тілектерін жинақтайды, осының негізінде партияға конструктивті ұсыныстар тұжырымдайды», – деді Ерлан Сайыров. Сонымен қатар ол Лиганы құруда «алдымен мемлекет, содан соң демократия» принципін басшылыққа алғанын айтты. «Біздің негізгі принципіміз: бірінші – мемлекет, екінші – мемлекеттің атрибуты ретіндегі демократия» деді Е.Сайыров. Әрине бұл жерде «Nur Otan» партиясы халықтың тілектеріне, әлеуметтік желілердегі ұсыныстары мен өтініштеріне назар аудармай отыр деген түсінік тумауы керек. Партия тиісті құрылымдар арқылы бұқараның көңіл-күйін дөп басып отыр. Сонымен бірге демократиялық принциптерді де ұмытқан емес. Алайда Лиганы құрушылар мұны аз санайтын сыңайлы. Әрі партияның ықпалы арқылы жергілікті жерлерде сайлау ережелерін белден басатын атқамінерлерді тежеуді де көздейді. Бұл өз кезегінде елдегі өзге де саяси күштердің саяси додаға сескенбестен қатысуына, тіпті оған қазірдің өзінде дайындық жасай бастауына себеп болуы ғажап емес. Сөйтіп елдегі саяси процестердің дұрыс дамып, сайлаудың әділ әрі ашық өтуіне де ықпал етуі ықтимал. Тәуелсіздік алғанына жарты ғасыр да толмаған еліміз үшін қазіргі таңда саяси күштердің салиқалы, салмақты болып қалыптасқаны, билік пен халықтың өзара үйлесімі маңызды. Жаңа Лига мемлекетшілдік принциптерін алға тартқанда осы жайттарды назарда ұстаған тәрізді.
[caption id="attachment_51587" align="alignnone" width="1200"] Эдуард Полетаев[/caption]
Праймеризден үміт күтеді
Лига құрушылардың айтқандарынан түйгеніміз олар «Nur Otan» партиясы өткізетін праймеризден үміт күтетін тәрізді. Өйткені праймериз тәсілінің жаһандағы көптеген елдердегі сайлауда «жүзден жүйірік, мыңнан тұлпарды» анықтайтынын, соның нәтижесінде талай елдің дамуы, халқының әл-ауқаты жақсарғанын қозғалыс белсенділері де, қоғам да жақсы біледі. Демек бұрын әлеуметтік желілерде де, масс-медиада да билікке, партияларға сын айтудан тартынбайтын белсенділердің биліктегі партияға жақтас болуға ұмтылуы, праймериздің әділ болуын қадағалуға ниеттенуі қазақ қоғамының саяси процестерге бақылаушы емес, нақты қатысушы ретінде араласқысы келгенін көрсетсе керек. Әрі олар праймериздің елдегі саяси жүйенің болашағын айқындайтынына сенеді. Оған саясаттанушы Эдуард Полетаевтың сөзі дәлел. «Праймериз саясаттың тек ерекше таңдаулы адамдардың ғана еншісі емес екендігін көрсетуі тиіс. Қазіргі кезде бізге жаңа идеялары бар, әрі қарай дамуға көмек беретін креативті адамдар қажет. Праймериз тың тұлғалардың, әсіресе әйелдер мен жастардың саяси мінберге шығуына жол ашпақ», – деп атап өтті Эдуард Полетаев. Өз кезегінде саясаттанушы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Марат Шибутов жақтастар Лигасы бүкіл қоғамды заң жобаларын талқылауға қатыстыруға ынталандыратынын айтты. «Шын мәнінде праймериз – саяси процеске демкоратиялық нормаларды ендіру. Біз белсенділерді жинап, олардың өту барысын бақылайтын боламыз. Жалпы Лига адамдардың әртүрлі тобының ұсыныстарын талдау негізінде партия басшылығымен республикалық деңгейде диалог жүргізеді», деді Марат Шибутов.
Ал қоғам белсендісі Мұрат Әбенов болса праймеризге жергілікті жерлерде бірқатар әкім-қаралар кедергі болуға ұмтылуы мүмкін екенін айтты. Сондықтан партия жақтастарының Лигасы мұндайға жол бермеуді де көздейді. «Егер партия өзгеруге дайын болса, мен көмек беруге дайынмын. Біз өңірлерге шығып, праймериздің ашық өтуін бақылайтын боламыз. Жергілікті жерлерде әкімдер праймеризге тосқауылдар жасауы мүмкін. Мысалы, егер әлдекім праймеризге қатысқысы келіп, оған кедергі келтірсе, ол бізге жүгіне алады. Мен өзекті мәселелерді талқылау үшін әлеуметтік желілер арқылы ауық-ауық тікелей эфирге шығып отырамын. Жалпы біз алдағы партияішілік іріктеуде жастарға қолдау көрсетуге тиіспіз. Лиганың барлық күштермен өзара ынтымақтаса әрекет етуге дайын екенін атап өткім келеді», – деді Мұрат Әбенов. Яғни Лиганы құрушылар партиядағы өзгерістерді елдегі трансформацияның басы деп бағалайды.
[caption id="attachment_51589" align="alignnone" width="1200"] Бибігүл Дәулетбекқызы[/caption]
Журналистер мен блогерлер де белсеніпті
Лига құрушылардың қатарында «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан мен блогер-журналист Бибігүл Дәулетбекқызының, блогер Яков Федоровтың болуы ең алдымен елдегі саяси белсенділіктің арта түскенін байқатады. Айталық әдетте әдебиет пен журналистика төңірегінде пікір білдіріп жүретін Жанарбек Әшімжанның Лига құрамына қосылуы еліміздегі саяси процестердің жаңа арнаға түскенін байқатады. «Ең әуелі сіздер «Nur Otan» жақтастары Лигасын партия мүшелері құрған шығар» деген ой болуы мүмкін. Бірақ біз «Nur Otan»-ның мүшелері емеспіз. Алайда жаңа бір дәуір келе жатыр. Қазақстандағы тұтас бір саяси кезең түйінделіп, жаңа саяси дәуір басталды. Осы кезеңде қоғамда, тек Қазақстанда ғана емес, тұтас әлемде сұрапыл қайшылықтар болып жатыр. Біз үшін ең маңызды дүние – Тәуелсіздік. Тәуелсіздікті сақтай отырып, сіз бен біз келешекте балаларымызға қандай қоғам қалдырамыз дейтін өзекті мәселе әркімді ойландырады. Осы бағытта нақты жұмыс істеп жатқан саяси күш көріп тұрған жоқпын. Сондықтан «Nur Otan» партиясына жақтасу арқылы, праймеризді бақылау арқылы саяси процестердің ел игілігіне жұмыс істеуіне ықпал етсек дейміз. Түрлі мәселелерді партия арқылы билікке жеткізіп, сайлау кезінде кездесетін заң бұзушылыққа, әсіресе жергілікті жерлерде әкім-қаралардың дауыс беруге ықпал етуіне тосқауыл болуды көздейміз. Біз партияның күшін халық мүддесі үшін жұмыс істеуге бағыттасақ дейміз» деді Ж.Әшімжан.
Блогер-журналист Бибігүл Дәулетбекқызының Лигаға қосылуына жуырда Ақтөбеде болған сот процесі бірден әсер еткені байқалады. Ол әділет үшін күресті тек әлеуметтік желілер мен масс-медиа арқылы жүргізудің онша тиімді бола қоймайтынына көз жеткізгенін айтты. Сондықтан елдегі ең қуатты партияның бастамаларына назар аударып, «Nur Otan» ұйымдастырып жатқан праймеризге бақылау жасаудың, сол арқылы сот және әділет жүйесін модернизациялаудың өзекті екенін атап өтті. Яғни партия атынан сайлауға түсетін азаматтарды іріктеудің қоғам назарынан тыс қалмауына мүдделі. Сонда құқық қорғау мен өзге салалардағы кемшіліктерді жоятын нормативтердің қабылдануына ықпал ететін білікті азаматтардың заң шығарушы органға сайлануына мүмкіндік туады.
Ал блогер Яков Федоров болса праймериз жастардың жолын ашатынына сенеді. Лигаға сол үшін қосылған сыңайлы. «Біз әлеуметтік желілерден, ас үйлердегі әңгімелерден торыққан көңіл-күйді көріп отырмыз, яғни адамдар өз ауылында, қаласында, туған елінде өз қабілеттерін аша алмайды. Мен бұл ретте бұдан гөрі жақсырақ өмір сүрсем деген қарапайым қалауы бар адамдар туралы айтып отырмын. Өңірлерді көп аралаймын, жасы отыздан асса да, әлі күнге оларға жас маман деп қарайтын өз ісінің нағыз шебері болған адамдарды білемін. Біздің міндетіміз – өңірлердегі осындай адамдарды тарту, олардың өз облысын нақты қалай дамыту қажеттігі туралы ойларын айтқызу. «Nur Otan» партиясының праймеризі – өз ойларың мен бастамаларыңды іске асыруға, кәсіпқойлығыңды көрсетуге, елді дамыту туралы идеяларыңды ортаға салуға жақсы мүмкіндік. Бізге заң шығарушы органға баруға дайын кәсіпқой мамандарды табу ғана емес, сарапшылар ұсынатын саяси күн тәртібін қалыптастыруға қажетті идеяларды жинақтау да маңызды. Адам депутат болып тумайды, бұған мектепте үйретпейді. Адам бұған талпыну арқылы жетеді», – деді Яков Федоров.
Түйін
Қысқасы елдегі ең ықпалды, ең қуатты партияға жақтас болуды қалайтындар Лига арқылы саяси процестерге араласуға бел буған сыңайлы. Олардың не себепті «Nur Otan» партиясын таңдағаны ішінара белгілі де болды. Шамасы өзге саяси күштердің бұқараның арасындағы беделі мен ықпалының төмендігі, саяси амбициясы мен жоспарларының көңілден шықпауы елдегі түрлі реформаларды билік партиясынан басқа күштің жүзеге асыруға қауқарсыз екеніне көздерін жеткізген тәрізді. Әйтпесе қозғалысты құрған қайраткерлер атқарушы билікті де, партияларды да аямай сынаудан тартынбайтын, әлеуметтік желілерде «еркін пікірлі» азаматтар еді.