«Мәстек» жеккен көш оңбас
Қазақстанның біраз өңірінде әрбір он машинаның 8-інің «жасы» 10 жылдан асып кетіпті. Яғни, бұл облыстардың автопаркі ыңыршағы айналған мәстекке толы. Finprom сарапшыларының дерегінше, 2020 жылдың сәуірінде елімізде тіркелген жеңіл автокөлік саны 3,9 миллионды құраған екен. Сөйтіп, былтырдан бері 0,2%-ға кеміпті. Оның 94,6%-ы жеке тұлғалар меншігінде. Бұл ретте азаматтардың қолындағы темір тұлпарлар саны 2019 жылдан бері 0,7%-ға, 3 миллион 718,7 мыңға дейін азайды. Заңды тұлғаларға, соның ішінде мемлекеттік мекемелерге 213,7 мың жеңіл көлік тиесілі. Оның саны 8,2%-ға көбейген. Кейде үлкен қаладағы көшелерге көз салсаңыз, Қазақстанда жыл өткен сайын автомобильдер саны еселеп өсіп бара жатқандай көрінеді. Бірақ, шынында олай емес. Статистика комитетінің дерегінше, 2016 жылы жеке тұлғалар еншісінде – 3 млн 643,1 мың, заңды тұлғалар меншігінде – 212,9 мың, 2017 жылы тиісінше 3 млн 635,2 мың және 210,1 мың, 2018 жылы 3 млн 625,5 мың және 212,4 мың, 2019 жылы 3 млн 744,6 мың және 197,6 мың көлік болған. Көріп отырғаныңыздай, жыл санап көбейгені шамалы. Бензинмен «қоректенетін» жеңіл автокөліктер үлесі бір жыл ішінде 87,2%-дан 88,9%-ға дейін ұлғайды. Бұл – 3,5 млн авто деген сөз. Дизельмен жүретіндерінің үлесі 2,1%-тен 1,9%-ға дейін, араласы 8,7%-дан 7,4%-ға дейін азайды. 0,1%-ында ғана газ баллон орнатылған. Электрлі қозғалтқышы барларының үлесі бар-жоғы – 0,02%. Екі көрсеткіш те 2019 жылғы деңгейде қалды. Шыққан жылына қарай ажыратсақ, «жасы» 10 жылдан асып кеткенінің саны басым: үлесі бір жылда ғана 63,5%-дан 65%-ға дейін қарқынды түрде артты. Осыдан төрт жыл бұрын, 2016 жылы мерзімі 10 жылдан артқан жеңіл автокөлік үлесі тек 58,2% болатын. Зауыттан шыққанына 3 жыл толмаған жаңа көліктер үлесі небәрі 11% болды. 3-тен 7 жыл аралығындағылар 15,9%-дан 15,2%-ға дейін, 7-ден 10 жыл аралығындағысы 7,6%-дан 6,7%-ға дейін кеміді. Қалай болғанда да, қолданылу мерзімі 10 жылдан жоғары автомобильдердің саны бір жылда 2,1%-ға ұлғайып, жалпы саны 2,6 миллионға жетіп отыр. Жүргізушілер «бұранда толы шелек» деп атайтын бұлардың әрқайсысы жол қозғалысы қауіпсіздігіне залал келтіруі, өз иесіне, өзге көліктерге және жүргіншілерге қауіп төндіруі мүмкін. Көне машиналар саны бойынша Алматы облысы көш бастап келеді: жалпы саны – 395,6 мың. Одан Алматы қалыспайды: 250,4 мың. Үштікті ШҚО тұйықтайды: 217,3 мың. Бұл – ескірген көліктердің саны бойынша рейтинг. Ал көнесінің үлесіне қарай қарасақ, онда да Алматы облысы алдына қара салмайды: он көліктің 8-і ескі. Одан кейін Жамбыл (78,9%-ы ескі) және Павлодар (78,2%) облыстары тұр. Тек Атырау облысындағы 39,8 мың көліктің 35,9%-ы, Нұр-Сұлтандағы 115,9 мың көліктің 42,5%-ы, Маңғыстау облысының 69,5 мың көлігінің 50,6%, Алматы қаласындағы 250,4 мың көліктің 52,7%, БҚО-дағы 62,9 мыңның 54,9%, Ақтөбе облысындағы 79,2 мыңның 55,3%-ы ескі көліктер. Қалған 11 өңірде ескі көліктердің үлесі 60-70 пайыздан артып барады.Заңдастырылған 20 күнгі сергелдең
«ӨКМ операторы» деп аталатын жеке компания монополияландырып алған утилизациялық алым азаматтардың жаңа көлік алуына үлкен кедергі болып тұр. Бұл алым 2016 жылы отандық қос автозауытты сыртқы бәсекеден қорғау үшін енгізілді. Себебі «Сарыарқаавтоөнеркәсіп» пен «АзияАвто» құрастырған, құны қымбаттау көліктерді сатып алғандар ғана кәдеге жарату алымын (КЖА) төлемейді. Ал шетелден әкелген тіпті су-жаңа көлік үшін де оны төлеу – міндет. Алым көлемі көліктің түріне және қозғалтқышы көлеміне қарай әртүрлі болып келеді. Сондай-ақ ол айлық есептік көрсеткішке байланысты болғандықтан, жыл сайын өседі. Мәселен, 2020 жылғы 1 сәуірде АЕК 2 мың 778 теңгеге дейін қымбаттады. КЖА-ның базалық ставкасы АЕК-тің 50 еселенген көлеміне тең. Демек, базалық мөлшерлемесі биыл 138 мың 900 теңге болды (50 х 2 778). 1 001-ден 2 000 текше сантиметрге дейінгі қозғалтқышы бар жеңіл көліктер үшін осы базалық ставка 7 коэффициентіне көбейтіледі: сәйкесінше, 972 мың 300 теңгені құрайды (138 900 х 7). 2 001-ден 3 000 текше см үшін 10 коэффициентіне көбейтіледі: яғни, 1 млн 389 мың теңге алым алынады. 3 001 текше см қозғалтқышына ие, жол талғамайтын көліктер үшін 23 коэффициенті қолданылып, 3 млн 194,7 мың теңге КЖА талап етіледі. Онсыз да дағдарыс пен девальвациядан тұрмысы нашарлаған қазақстандықтар шетелден арзан көлік сатып ала алғанымен, елде миллиондаған теңге алымды төлеуге қауқарсыз болып шығады. Оны жинаймын дегенше, алым көлемі өсе береді. Тіпті, төлеуге келіскендерінің өзін «ӨКМ оператор» сергелдеңге салатын көрінеді. «Биылғы 19 мамырда Ravon Р3 автокөлігін сатып алдым. Оны 22 мамырда тіркетейін десем, КЖА төленбеген дейді. Өтініш 18 мамырда жіберілген болатын. Бірақ «РОП оператор» кесірінен төлем өтпеген. Мұны оператордың жауапсыздығы деп санаймын. Мен сияқты жағдайға тап болған, оның ісіне көңілі толмаған автомобиль иелері өте көп. Бұған автосалонда болғанда көз жеткіздім», – дейді Ерлан Дәулетов. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, Үкімет қаулысымен бекітілген Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері ережесіне сәйкес, алым сомасының дұрыс есептелгенін тексеру үшін операторға 20 жұмыс күні беріледі екен! «Қазіргі кезде «ӨКМ операторы» ЖШС істі жеделдету үшін мемлекеттік деректер базаларымен, ақпараттық жүйелермен интеграциялану бойынша жұмыс жүргізіп жатыр», – деді министр. Төрт жыл бойы соған мән бермегені таңғалтады, әрине.Елдос СЕНБАЙ