– Бүгінгі басқосудың баршамыз үшін маңызы ерекше, мағынасы зор деп ойлаймын. Оған себеп те жоқ емес. Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізде орташа есеппен 2 мыңнан астам сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеледі екен. Сәйкесінше, мыңнан астам азамат жауапқа тартылып, заң шеңберінде жазаланады. Бұл – қоғамның жегі құртына айналған, батпандап кіріп, мысқылдап шығатын дерт, зардабы жазылмас ауру. Мемлекеттің дамуына, қоғамның алға жылжуына кесірін тигізіп отырған осы кеселдің алдын алу немесе болдырмау жолында бірқатар істер қолға алынып, жүйелі жұмыс атқарылуда, – деді Гаухар Алдамбергенова.Ол өз сөзінде барша отандастарымыздың негізгі міндеті – қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру қажетін алға тартты.
– Менің ойымша, барлық мемлекеттік органдар осы бағытта бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Осы орайда, Білім және ғылым министрлігінің ұйытқы болуымен жоғары оқу орындарында Жобалық кеңсе мен «Адалдық алаңы» сияқты жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамалар білім саласында жемқорлықпен күресті күшейтіп, оған мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастырады, – деп атап өтті оқу орнының ректоры.Айта кетсек, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің тәрбие, оқу және ғылым үдерісінде әдептілік қағидаларын сақтау басты назарға алынған. Бұл тұрғыда еліміздегі жоғары оқу орындарының арасында алғашқылардың бірі болып университетте «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» атты пән оқу бағдарламасына енгізілді. Аталған пән студенттердің саналы түрде және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастырады. Отандастарымыздың жемқорлыққа қарсы дүниетанымын арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясатты қолдауға және дамытуға Қыздар университетінің профессор-оқытушылары мен қызметкерлерінің және білім алушыларының қосып отырған үлесі айтарлықтай қомақты. Басқосу барысында қатысушылар сыбайлас жемқорлықпен күресудің өзге де тетіктері мен жүзеге асуы тиіс нақты істерді баяндады.
«Отандық жоғары білім берудің қара шаңырағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басты мақсаты – білікті, жоғары моральды және кәсіби қасиетті иеленген тұлға даярлау. Біз осы құндылықтарға сүйене отырып жұмыс істейміз», – деді шараға қатысушылар.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ