Жедел жәрдем қызметкерлерінің жүктемесін азайту үшін әрбір емханада колл-орталық жұмыс істейді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.
«Бұған дейін жедел жәрдемге мыңнан астам қоңырау келіп түссе, қазір бұл көрсеткіш 4 мыңға жетті. Бұл - жедел жәрдем мен медицина қызметкерлері үшін ауыр жүктеме. Жедел жәрдем станциясы базасындағы колл-орталық жүктемені жеңілдетуге көмектеседі. Енді мұндай колл-орталықтар әр емханадар жұмыс істейтін болады. Бұл бағыттағы жұмыстар да әлі жалғасады», - деп жазды әкім өзінің instagram парақшасында.
Сонымен бірге, әкім телемедицина тәжірибесінің де қолға алынатынын хабарлады.
«Симптомы жоқ науқастарды емдеу үшін медициналық қызметкерлер бейнеқоңырау мен өзге де байланыс арналарын қолданып, науқастың денсаулығын бақылай алады және консультация жүргізеді. Ауру белгілері пайда болған жағдайда науқас ауруханаға жатқызылады», - деді А. Көлгінов.
Бұған дейін әкім ПТР тестін алатын мобильді зертханалар тесттік режимде жұмыс істейтінін мәлімдеген еді.
Сондай-ақ, келесі аптада елордада қосымша 200 төсек-жабдық беріліп, өзге мекемелер науқас қабылдайтын стационар ретінде жабдықталады.