ҚР Тұңғыш Президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Елбасының денсаулығы туралы сұрақтарға жауап берді.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл-күйі жақсы, сырқат симптомсыз өтіп жатыр. Дене қызуы қалыпты, КВИ-ге тән белгілер байқалған жоқ. Тұңғыш Президент дәрігерлердің бақылауында. Олардың айтуынша, алаңдауға еш негіз жоқ», - деді А.Үкібай.
Мәлім етілгендей, оқшаулану талабына байланысты Елбасы қашықтан жұмыс істеп жатыр.
«Бұл күндері Нұрсұлтан Әбішұлы бірқатар елдің көшбасшыларымен телефон арқылы сөйлесті. Жалпы, бейнеконференция, үкіметтік арнайы байланыс сынды заманауи коммуникация құралдары қолданылып жатыр. Қызметтік құжаттарды жеткізуде де барлық санитарлық нормалар сақталады. Азаматтардың үндеуі мен хаттарын жедел түрде электронды форматта жіберуге тырысамыз», - деді Айдос Үкібай.
Айта кетейік, Елбасының баспасөз хатшысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Covid-19-ға тапсырған сынамасы оң нәтиже көрсеткенін хабарлаған еді.