Палаталардың бірлескен отырысында Сенат пен Мәжіліс депутаттары Үкімет пен Есеп комитетінің 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін бекітті. Жиынға Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева қатысты.
Жылда депутаттар жазғы демалысқа кетер алдында бірлескен жиынға жиылып, Үкіметтің өткен жылғы бюджетті қаншалықты тиімді жұмсағанын қарайды. Егер тиісті есеп мақұлданса, демек депутаттық корпус іс басындағы Үкіметке сенім білдірді деген сөз. Егер Ата заңдағы құқығын пайдаланып, қабылдамай қойса, Үкімет отставкаға кеткені жөн.
Бірлескен отырыста басты баяндаманы Қаржы министрінің міндетін атқарушы Берік Шолпанқұлов пен Есеп комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ардақ Теңгебаев жасады.
«Үкіметтің 2019 жылғы есебі толық көлемде орындалды. Қаражатты игерудің жоғары деңгейіне қол жеткізілді. Жекелеген бұзушылықтар іс жүзінде жойылды. Сондықтан енді Үкіметпен бірлесіп, мемлекеттік ресурстардың уақытылы игерілуіне ғана емес, сонымен бірге нәтижелі жұмсалуына мүмкіндік беретін басқа да мәселелерді сапалы шешуге кірістік. Мұндай мәселелер көп. Олар бюджет процесін жетілдірумен және жалпыұлттық мақсаттарға қол жеткізу үшін бөлінген қаражаттың әсерін бағалау әдіснамасын түзумен байланысты. Сондай-ақ Есеп комитеті берген нұсқамаларды әкімшілердің орындауын Үкімет қатаң бақылауға алуы тиіс. Сонда қатемен жұмыс істеу, болашақта олардың алдын алу, экономикалық шешімдерді қабылдау жаңа сапалы деңгейде қамтамасыз етілетін болады», – деп қысқа қайырды А.Теңгебаев.
Жиын соңында Үкімет басшысы Асқар Мамин сөз алып, депутаттарға ризашылығын білдірді. Ол Үкіметтің қазіргі жұмысына екпін түсірді. Премьер-Министрдің мәліметінше, Қазақстанның ЖІӨ-сі 1,7%-ға төмендеп, экономика кері кетті. ТЖ және карантинге байланысты қызмет көрсету секторы 6,2%-ға құлдырады. Сол себепті Үкіметтің басты міндеті экономиканың өсім жолына қайта оралуы үшін жағдай жасау болмақ.
А.Мамин Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін төтенше жағдай кезеңінде экономиканы тұрақтандыруға және халықты қолдауға бағытталған шұғыл және жедел шаралардың 2 топтамасы қабылданғанын жеткізді. Еңбекпен қамту Үкімет жұмысының басымдығына айналды. Бұған қоса, 2020 жылы экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар жүзеге асырылып жатыр.
– Парламент қабылдаған заңдар экономиканы тұрақтандыруға және оның ары қарай дамуы үшін жағдайлар туғызуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы қойған міндетті орындау мақсатында 1 тамызға қарай Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарының жаңа жобасы қалыптастырылады. Құжатта еліміздің жаңа экономикалық курсының негізгі бағдарлары анықталады. Парламенттің қолдауымен Үкімет ел болашағы үшін төтенше маңызды және жауапты кезеңнен өтуге барлық күшін салатын болады, – деп уәде етті Асқар Мамин.