Карантин маскүнемдікке соқтырмады
Карантин маскүнемдікке соқтырмады
233
оқылды
«Жұмыссыз әрі еріккен ел енді ішкілікке салынады» деп бал ашты білгіштер. Осындай жорамалдарға «елу грамды тартып жіберсең, коронавирус ене алмайды» деген фейк кеңестер де дем берді. Артынша мас жүргізушілер блок-бекеттерге «лап» қоя берді. Бірақ қазақстандықтардың саналылық танытқаны, маскү­нем­дікке жаппай бой ұрмағаны енді статистика жүзінде белгілі болды. Ұлттық экономика ми­нистрлігінің Статистика коми­тетінің дерегінше, 2020 жылғы қаңтар-мамыр аралығында алко­гольді ішімдіктер өндірісі барлық дерлік түрі бойынша төмендеген. Тек арақ 3,5%-ға ұлғайып, 8,3 млн литрге дейін жетіпті (2019 жылғы ұқсас кезеңде 8,05 млн литрі жасалған). Биыл 1,2 миллион литр арақ шетелге экспортталды. Соны­мен бірге жыл басталғалы шетел­ден осынша көлемде 1,2 млн литр арақ импортталды. Бұл былтырғыдан 36,6 пайызға кем. 2019 жылғы 5 айда Ресей, Украина және басқа да шет мемлекеттер 1 миллион 923,8 мың литр өнімін қазақстандық араққұмарларға өткізе алған болатын. Демек, «ащы суды» тұтыну бәрібір төмен­дегені байқалады. Коньяк шығару 4,3%-ға не­месе 4,6 млн литрге дейін кеміді. 2019 жылы 4,8 млн литр болған. Табиғи жүзімнен жасалған шарап өндірісі де «минусқа» кетті: өткен жылға қарағанда 26%-ға азайып, 17 миллион 977,5 мың литрі ғана сөреге жол тартты (былтырғы көрсеткіші – 24 млн 307,1 мың литр). Сыра өндірісі 0,6%-ға төмен­деп, 261,5 млн литрмен шектелді (2019 жылы – 263 млн). Ликёр және өзге де спиртті ішімдіктер 2 есе құлдырады: 383,7 мың литрі тұтынылыпты (өткен жылы – 760,4 мың литр). Energyprom сарапшыларының дерегінше, арақ өндірісі бойынша Ақмола облысы алда: жалпы көлемнің 34,8%-ы соның ен­ші­сінде. Көшбасшыдан теріскейдегі тағы бір өңір – Солтүстік Қа­зақстан облысы қалыспады: оған 22,7% үлес тиесілі. Үштікті 22,1% көрсеткішімен Алматы облысы тұйықтайды. Алматы ликер-арақ комби­натында 1967 жылы 3, 4 және 5 жұлдызды «Қазақстан» коньягін шығару жолға қойылды. Со­дан бері бұл салада Алатау бөк­те­ріндегі алып мегаполис алды­на қара салмай келеді. Бүкіл нарық­тың жартысын – 44,5%-ын өзі олжалады. Алматы облысы үзеңгі қағыстыруға жақын қалды: 36,6%. 14,1% коньякты Шымкент жасайды. Шарап өндірісінің алпауыты – Алматы облысы: биыл Қа­зақстанда өндірілген 5,9 млн литр шараптың 77,8%-ы соның еншісінде. Сыра өндірісінің алыбы – Ал­маты: жалпы көлемнің 48,5%-ын иеленіп, сөрелер мен сыраханаларға 126,7 млн литр көпіршікті ішімдік жеткізді. Одан кейін Алматы (21,2%), Қарағанды (13,8%) облыстары келе жатыр. Биыл қазақстандық компа­ниялар экспортқа шығу сыртында арақ пен ликер бойынша ішкі сұраныстың 81,6%-ын, сыра бойынша 93,7%-ын өздері өтеді. Шараптың ауқымды бөлігі – 30,3%-ы сырттан тасылыпты. Ал коньяк импорты бір жыл ішінде 8 есеге шарықтап шыға келді. Шетелдік коньяктың ішкі нарықтағы үлесі бүгінде 51%-ға жетті. Былтырғы І тоқсанда 89,2% үлес отандық компаниялар қанжығасында болатын.  

Елдос СЕНБАЙ