«Nur Otan» партиясы Партиялық бақылау комиссиясының мердігер мекемеге жөндеу жұмыстарының уақытылы атқарылмауына байланысты берген ескертпесінен кейін терезелерді ауыстыру жұмысы қарқынды іске асырылып жатыр.
– Біз туындаған мәселені дер кезінде партиялық бақылауға алғандарыңыз үшін алғыс айтамыз. Бүгінгі таңда 1шілдеге дейін ауыстырылуы тиіс 208 терезенің 90 пайызы толықтай ауыстырылды. Осы қарқынмен жұмыс атқарылса, белгіленген мерзімде жөндеу жұмыстарын аяқтайтын боламыз, – деді Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінің директоры Есім Тұрысбекұлы.
Мердігер мекеме жөндеу жұмыстарын қарқынды жалғастыруда. Қазіргі уақытта 4 бригада кестеге сәйкес жұмыс жүргізуде. Жөндеу жұмыстары 1шілдеге дейін толық аяқталуы тиіс.
Өткен жолғыға қарағанда терезелердің көбі ауыстырылған, десе де әлі жұмыс толықтай аяқталмағанын көріп отырмыз. Жұмыс сапалы әрі талапқа сай жүргізілуі керек. Біз бұл жөндеу жұмыстары толықтай аяқталып біткенше партиялық бақылауда ұстайтын боламыз, – деді «Nur Otan» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мұхтар Әділбекұлы.
Естеріңізге салар болсақ, 12 маусым күні жөндеу жұмыстарының уақытылы орындалмауына байланысты мектеп әкімшілігінің өтініші негізінде «Nur Otan» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы арнайы мәселемен танысып, бақылауға алған болатын.