Ажалы судан болғандар саны азаймай тұр
Ажалы судан болғандар саны азаймай тұр
302
оқылды
Өткен демалыс  күндері облыста 4 адам суға кетіпті. Оның біреуі – бала. Құзырлы мекеменің хабарлауынша,  1 маусымнан бері облыстағы өзен-көлдерге  11 адам батып кеткен. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, былтырғы үш айда 29 адам (бесеуі – бала) судан ажал құшқан.  

250-ден аса рейд жүргізілді

Ал биылғы шомылу маусымы басталмай жатып, осындай көрсеткішке жетіп отырмыз. Қайғылы оқиғалардың  дені шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде суға түскеннен болған екен. Шығыс Қазақстан облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Тимур Дидахметов өңірде судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында айтарлықтай жұмыс атқарылып жатқанымен, әзірге нәтиже көңіл көншітпей тұрғанын мойындады. – Шомылу маусымы басталғалы бері, облыстағы өзен-көлдер мен өзге де су қоймаларына,  жағажайлары мен бассейндері бар балалардың жазғы демалыс лагеріне 250-ден астам рейд жүргіздік. Салдарынан жағажайларда ішімдік ішу мен тыйым салынған жерлерде суға шомылуға қатысты 30-дан астам заңбұзушылық анықталды. Жалпы, бүгінге дейін өзен-көлдер жағалауында 190 ескерту белгісі мен 56 стенд орнатылып, адамдарға  алты мыңнан астам жадынама таратылды. Сондай-ақ 48 акваторияның түбі тексеріліп, 120 құтқарушы маман даярланды, – дейді Т.Дидахметов. Ол сонымен қатар жаз айларында Алакөл жағалауында барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген құтқарушылар бекеті жұмыс істейтінін де мәлім етті. Айта кетейік, осыдан біраз бұрын облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтің төрағалығымен суға шомылу маусымы кезіндегі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған алқалы жиын өтіп, қажетті іс-шаралар жоспары әзірленген-ді. Жалпы, бүгінде облыс аумағында шомылуға жарамды екі мыңнан астам жер бар болса, оның көбі елді мекендер маңында орналасқан. Облыстық әкімдіктің шешіміне сәйкес, биыл 370 жерде суға түсуге рұқсат беріліп отыр. Оның 180-інде арнайы жағажайлар бар.  

Семей күшейтілген режимге көшті

Семейде судағы қайғылы оқиғалар биыл тым көбейіп барады. Осыған байланысты қаланың құтқару қызметтері күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Қазір су жағалауларына рейдтер ұйымдастырылып, тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, жадынамалар таратылуда. Кезекті рейд өткен демалыс күндері ұйымдастырылып, шара Ертіс өзені мен Шүлбі су қоймасының жағалауларын қамтыды. Сондай-ақ Семей қаласының ТЖ басқармасы жаз кезінде балық аулауды ұнататындарға қауіпсіздік ережелерін еске салуда. Мамандардың айтуынша, қайықта міндетті түрде құтқару белдігі немесе кеудешесі, шелек, болмаса суды соруға арналған басқа да ыдыс болуы керек. Бұдан  басқа, құтқарушылар жағажайда алкогольдік ішімдік ішіп, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаған тұрғындар екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалап, бес тәулікке қамауға алынуы мүмкін екенін де ескертеді. Естеріңізде болса, бұған дейін Семейде жаздың алғашқы күнінде бірден екі адамның суға кеткенін хабарлаған болатынбыз. Қалалық Төтенше жағдайлар басқармасынан хабарлағандай, қайтыс болғандардың бірі Бобровка кентінің іргесімен ағып өтетін Ертіс өзеніне батып кеткен. 17 жастағы жігіт «Саида» дүкенінің жанындағы жабдықталмаған жағажайға барып, суға шомылғаны анықталып отыр. Дәл сол қалалық ТЖ жасағы диспетчерінің пультіне Восточный кентіне жақын орналасқан жабдықталмаған жағажайда суға түсіп жүрген 16 жастағы жасөспірімнің із-түссіз жоғалғаны туралы хабар келіп түседі. Өкінішке қарай, жедел іздестіру-құтқару амалдары еш нәтиже бермеді. 2004 жылы туған жасөспірім туралы әлі де еш хабар жоқ. Осыған  байланысты  Семей қалалық ТЖ басқармасы  азаматтарды судағы қауіпсіздік ережелерін барынша қатаң сақтауға шақырып жатыр.  

Суға кеткендердің екеуі де жас

 Ажалы судан болғандар  Өскемен мен Семейде ғана емес, өңірдің қалалары  мен аудандарында  да тіркеліп отыр. Мәселен, Алтай  ауданына қарасты Бұқтырмада қайық аударылып, екі адам суға кеткен. Бұл туралы облыстық  Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлаған еді. Өкініштісі, судан ажал құшқандардың екеуі де жас, 1998 жылғы жігіттер. «Біреуінің  денесін сол маңайда болған куәгерлер алып шықса, екіншісінің мәйітін сүңгуірлер тапты. Қайықпен серуендеуге шыққан екі ер адам жағадан тым алыс кетіп қалған. Кенет қайық аударылып, екеуі де суға батып кетті» делінген департамент хабарламасында. Департаменттегілер жыл басынан бері облыста 16 адам суға кеткенін айтады. «Өз күшіне сену, алкогольге масаю, құтқару құралдарының болмауы – облыстың су айдындарында адамдардың қаза болуының жиі кездесетін себептері осылар», – дейді мамандар. Осы ретте құтқарушылар тұрғындарға суға шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажетін тағы да ескертеді.  

Көлді  іздеймін  деп ажал құшты

Облысымызда соңғы күндері тағы бір адам судан ажал құшты. Қайғылы оқиға 17 маусымда Риддер қаласының маңайында орын алды.  Риддер қалалық ТЖ басқармасынан хабарлағандай, қайтыс болған ер адам жергілікті Громотуха өзенін кешіп өтпек болған. «Ер адам онлайн картадан көрген көлді табу үшін тауға шыққан. Кешке қарай шатыр құрып, таңертең әрі қарай жолын жалғастырған. Алайда  Громотуха өзенін кешіп өтпек болған ол қатты ағысқа төтеп бере алмай, суға кеткен» делінген қалалық ТЖБ таратқан хабарламада. Айта кетейік, құтқарушылар ер адамның денесін тек үш күннен кейін, 20 маусымда ғана тауып алды. Маусым айында Өскемен іргесіндегі Ұлан ауданында да 8 жасар бала суға батып кетті. Қайғылы оқиға 13 маусымда Дұбығалы көлінде болды. 8 жастағы қыз баланы іздеу жұмыстарын,  ең алдымен Таврия ауылының өрт сөндірушілері қолға алды. Олар тау-тасты, жағалауды қарап шықты. Бұдан кейін іздеуге Өскемен қаласынан келіп жеткен жедел құтқару жасағының сүңгуірлері кірісті. Олар баланың мәйітін жағадан 5 шақырым жерде 3 метр тереңдіктен тапты. Осы ретте құтқарушылар ата-аналарға демалыс кезінде балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді. Назарға алар жайт, суға шомылу кезінде шектеулер немесе тыйым салынатын бірқатар ауру түрі бар. Мәселен, жүрек ауруы бар адамдарға абай болу қажет. Өйткені температураның күрт өзгеруінен жүрек талмасы ауруына ұшырауы мүмкін. Естен тану сырқаты мен құлақ ауруы бар адамдарға да суға шомылумен әуестенуге болмайды. Әсіресе, құлақтың ішіне суық судың кіруі өте қауіпті. Суық су құлаққа кіріп, жарты иірім өзектерді түршіктіріп, бас айналуға, құсуға, тепе-теңдіктің бұзылуына алып келуі мүмкін.  

Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы