Құрамына Мәжіліс депутаттары, көрнекті қоғам қайраткерлері, партия өкілдері кірген білікті комиссияның шешімімен 7 аталым бойынша жеңімпаздар анықталды.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин барлық БАҚ өкілдеріне және «Парламент сөзі» сыйлығының жеңімпаздарына жылы лебізін жолдап, келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтады.
Нұрлан Зайроллаұлы журналистердің заң шығару процесіне белсене қатысқанына мән бере келе, БАҚ өкілдері мен депутаттық корпустың өнімді бірлескен жұмысын атап өтті.
Мәжіліс спикерінің бастамасы бойынша биылғы жылы «Парламент сөзі» арнайы сыйлығы мезгілсіз өмірден өткен танымал журналист Бейсен Құранбекке берілді.
Н.Нығматулиннің пікірінше, Бейсен Құранбектің отандық телевизиялық журналистиканың дамуына қосқан зор үлесі, сонымен қатар оның биік кәсіби қасиеттері халықтың құрмет-қошеметіне лайық.
Биылғы жылы «Nur Media» холдингінің бірнеше өкілі қатарынан жеңімпаз атанып отыр. Атап айтқанда, «Ең үздік баспасөз жарияланымы» аталымында «Литер» газетінің ұжымы лауреат атанды.
Ал «Ең үздік фотоматериал» номинациясында «Nur Media» фотографы Советбек Мағзұмов жеңіс тұғырына көтерілді.
«Парламент сөзі» байқауы 2016 жылдан бері жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді. Дегенмен 2020 жылы аталған сыйлықтың қорытындысын шығару елді жайлаған коронавирус пандемиясына байланысты біршама өзгеріске ұшырады. Бұл жолы ұлықтау салтанаты БАҚ мерекесі қарсаңында ұйымдастырылмады.
Парламенттік журналистерді шақырып, жеңімпаздарды дипломмен және Мәжіліс символикасы бейнеленген бірегей мүсіншелермен марапаттау рәсімін күзгі парламенттік сессия кезінде өткізу жоспарланып отыр.