Жалдамалы жылжымайтын мүлік иелеріне арналған қазақстандық сервис Ресей нарығына шықты.
Astana Hub баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, ApartX стартабы жеке инвестордан 115 мың доллар инвестиция тартты. ApartX қызметі – бұл пәтерді бір тәулікке жалға беретін үй иелеріне арналған мобильді қосымша. Қосымша арқылы ақылды құлыптардың көмегімен нысанды қашықтан әрі қауіпсіз түрде басқаруға болады. Ақылды құлыпты орнатқаннан кейін пәтер иесі жалға алу мерзіміне байланысты уақыт бойынша шектелген PIN-кодтарды жасақтайды. Ақпарат жалға алушыларға смс немесе хабарлама арқылы жіберіледі. Сондай-ақ қосымша Airbnb, Booking сияқты пәтерлерді жалға беру платформаларына автоматты түрде синхронизация жасайды. Жобаның негізін қалаушы Қанат Келдібековтің айтуынша, тартылған инвестициялар Ресейден келген клиенттермен шарт жасасуға көмектеседі. «Біз Нұр-сұлтан, Алматы және Мәскеу қалаларында жұмыс істейміз. Мәскеу мен Алматыда – 20, Нұр-Сұлтанда 15 тұтынушымыз бар. Қазір Мәскеуде 200 шақты, сондай-ақ Қарағанды және Көкшетау қалаларындағы тұтынушылармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Тартылған инвестициялар бізге осы клиенттермен қызмет көрсету шартын жасасуға көмектеседі», – дейді ол.
Қанат Келдібековтің айтуынша, кейінгі 4 айда сервис арқылы тапсырылған пәтер саны 3 мыңнан асқан. Осылайша, тұтынушылар кілтті жеткізудің өзінен ғана 9 мың доллар қаражатын үнемдеп үлгерген. Жалпы, кілтті жеткізу 3 долларға бағаланады екен.
Жоба жетекшілері жүйенің қауіпсіздігі үшін кепілдік береміз деп отыр. «Біздің алғашқы тұтынушымыздың теледидары бір жылда 7 рет ұрланған. Пәтер иесінің шығыны шамамен бір миллион теңгені құрады. Әдетте, жалға алушылар кілттің дубликатын жасап алып, құлыпты бұзбай-ақ тұрмыстық техниканы, бағалы заттарды ұрлауы мүмкін. Бізде ақылды құлып жүйесінде PIN-код жасалған. Пәтер иесі оны кез келген уақытта біздің мобильдік қосымша арқылы ауыстыра алады», – деді Қанат Келдібеков.
Жобаның негізін салушының сөзінше, Қазақстан мен Ресейде бұл сервистің аналогы жоқ. «Ақылды құлыпты сатуға маманданған шетелдік компаниялардан басқа тікелей бәсекелесіміз жоқ. Әрбір ақылды құлыптың өздік пайдалануға арналған мобильді қосымшасы бар. Ал біз бизнеске бағытталғанбыз, яғни қосымшаның функционалы тұтынушыларға пәтерін жалға бере отырып, табыс табуға мүмкіндік береді. Бұл ретте, тек бір тұтынушының өзінде бірнеше ақылды құлып болуы мүмкін. Барлығы жалға беретін пәтердің санына байланысты», – дейді ол.
Айта кетерлігі, ApartX ақылды құлыпты 5 минутта орнатса, бәсекелестері 3-4 сағат жұмсайды екен. ApartX стартабы – Astana Hub Халықаралық IT-стартаптар технопаркінің және Road Show Astana Hub халықаралық бағдарламасының қатысушысы. 2018 жылы «Қазақтелеком» АҚ-тың бағалауымен үздік IoT стартап деп танылды. Бүгінде жоба командасында 5 адам жұмыс істейді.
Айбике ЖАНАСЫЛ