Батыс Қазақстан облысында коронавирус қатеріне байланысты қосымша шектеу шаралары енгізілді.
Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделілігіне байланысты БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың 23 маусымда жаңа қаулысы шықты.
Атап айтқанда, демалыс күндері, 27 маусым сағат 00.00-ден бастап 29 маусым күнгі сағат 00.00-ге дейін аса қажет жағдайларды қоспағанда, азаматтардың жүріп-тұруы шектеледі. Яғни адамдар жұмыс орнына анықтама немесе қызметтік куәлікпен барып келе алады. Тұрғындар азық-түлік, дәрі-дәрмекті жақын жердегі дүкен мен дәріханадан сатып ала алады. Сол секілді шұғыл жағдай туындағанда, медициналық ұйымдарға барып, үй жануарларын тұрғылықты жеріне жақын маңда серуендете алады.
Қосымша уақытша шектеу кезеңінде жасы 65-тен асқан адамдардың аса қажет болмаса, көшеге шығуына шектеу қойылады.
Сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары мен үйлері, азық-түлік және азық-түлік сатпайтын базарлар, осындай сауда желілері, қоғамдық тамақтану нысандары, фитнес-орталықтар мен басқа да спорт нысандары, қоғамдық орындар (саябақтар, скверлер, жағалау, жағажайлар) қызметі тоқтатылады.
Сондай-ақ қоғамдық көлік жүрмейді.
Демалыс күндері меншік нысанына қарамастан, барлық ұйымдар мен кәсіпорындар сауда орталықтары мен үйлерінде, базарларда, қоғамдық көліктерде, азық-түлік және азық-түлік емес өнімдердің сауда нысандарында, қызмет көрсету саласындағы нысандарда және адамдар көп жиналатын басқа да орындарда ауқымды дезинфекциялау жұмыстарын жүргізеді.
Ал 24 маусым күні сағат 00.00-ден бастап жедел жәрдем көлігін, авариялық қызметтер және басқа да арнайы органдардың, сондай-ақ БҚО, Орал қаласы мен аудандардың тіршілігін қамтамасыз етуге жауап беретін ұйымдардың көлігін қоспағанда, кез келген көліктің қозғалысы сағат 23.00-ден таңғы 06.00-ге дейін шектеледі.