Олар «Халық алғысына» бөленді
Олар «Халық алғысына» бөленді
274
оқылды
Ра­сында да, біз осы күнге дейін кез келген тығы­рық­­­тан өзара бір­лік-берекеміз арқылы шығып келдік. Пан­­­де­мия кезінде де бірлігіміз ажыраған жоқ. Оған елор­­­дада өт­кен «BIZ BIRGEMIZ» онлайн-форумында тағы да көз жет­ті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан онлайн форум пандемия кезінде елге ең­бегі сіңген, індетпен кү­рес­те ал­ғы шепте жүрген азамат­тар­ды құрметтеуге ғана емес, қиын-қыс­тау кезде отандастары­мыздың ру­хын көтеруге бағыт­тал­ғаны сөзсіз. Өйткені адамның рухы сын­са, жеңіс те қолдан кетеді. Сон­дықтан Президент он­лайн-форум барысында сөй­леген сө­зінде мемлекеттің аза­маттарға қа­лай көмектесіп жат­қанын ғана емес, тұрғындардың бір-біріне қам­қор болуына, пан­демиямен күрестің алғы шебінде жүр­ген қызметкерлерге құрмет көрсету мәселелеріне назар аударды. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзін коронавирустан қайтыс бол­ған адамдардың туыстарына көңіл айтудан бастады. «Бүгінде әлемдегі барлық ел, соның ішінде Қазақстан да коронавирус ін­детіне қарсы күрес жүргізуде. Бұл, әрине өте ауқымды әрі күр­делі жұмыс. Осыған орай, мем­лекет тарапынан теңдессіз шара­лар қабылданды. Коронавируспен күресу үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Тұрмысы төмен от­басыларға азық-түлік тар­а­тыл­ды. Шағын және орта бизнес өкілдеріне бірқатар жеңілдік жа­салды. Елбасының баста­масы­мен құрылған «Біргеміз» қорынан да кө­лемді қаржы бөлініп, мұқтаж жан­дарға нақты көмек беріліп жа­тыр. Осының бәрі бірлігіміздің бекемдігін көрсетеді. Дегенмен бұл аса жұқпалы дерт азаматтары­мыздың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп, халықтың әл-ау­қа­­тына нұқсан келтіруде. Ең ал­дымен осы кеселден қайтыс бол­­ған адамдардың туыстары мен жа­қындарына көңіл айтамын. Сондай-ақ вирус жұқтыр­ғандар­дың тезірек сауығып кетуіне тіл­ек­тестік білдіремін», – деді Пре­зи­дент.  Сонымен  қатар Мемлекет басшысы мұқтаж жандарға көмектесуді «Nur Otan» партиясы белсенді түрде жүргізіп жатқа­нына тоқталды. Дегенмен Прези­дент әр адам өзінің, туыстары мен жақын-жуғының денсаулы­ғы­на алаңдап, мұқият болуы тиіс екенін атап өтті. Яғни, пандемия ке­зінде мемлекеттің қадам­дары­нан бөлек, әр адамның өз жауап­кер­шілігі де өзекті болып тұр. «Осындай күрделі кезеңде барша жұрт жауапкершілік танытудың қаншалықты маңызды екенін түсінді деп ойламын. Әр адам өзі­нің туыстары мен жақын адам­дарының денсаулығына мұқият болуы керек. Бұл қазіргі заман­ның талабы» деген Қасым-Жомарт Тоқаев індетті жеңу әр адам­­ның тікелей өзіне байла­ныс­ты екенін айтты. Президент «Бұл ең алдымен қарапайым қағиданы ұстанудан басталады. Бетперде тағып жүру, тазалық сақтау және әлеу­меттік қашықтық ұстану өте маңызды. Өйткені бұл сіздің және өзге адамдардың денсаулы­ғы үшін аса қажет. Тағы да қайта­лап айтамын, «сақ жүрсең, сау жү­ресің», «сақтықта қорлық жоқ». Сондықтан азаматтарды қор­ғау үшін біз барлық қажетті ша­раларды жедел түрде қолға ал­дық және осы жұмысты әрі қарай жалғастыра береміз», – деді.  

Дертке шалдыққандар сапалы ем алды

Мемлекет басшысы Қа­зақ­стан­ның коронавируспен кү­ресте табандылық танытып, аза­маттардың тез сауығуына ба­рын салып жатқанын меңзеді. Яғни, біздің елде коронавирусқа шал­дыққандар сапалы әрі тиімді тәсілдер арқылы емделген. Бәл­кім, содан да шығар, Қазақстанда індеттен құлантаза жазылғандар көрсеткіші жоғары. Бұл істе індет­пен күрестің алғы шебінде жүрген медицина қызметкерлерінің ең­бегі ерен. Бірақ бұлай болды екен деп арқаны кеңге салуға да болмайды. Мемлекет пандемия өр­шіген жағдайда туындауы мүм­кін мәселелерді толық ше­шуге қауқарлы. Үкіметке тиісті тап­сыр­малар да берілген. Президент «Індет қайта өршіген жағдайда оның ауқымы кеңейген кезде сіз­дерге қорғаныс костюмдері, қа­жетті препараттар, төсек-орын жетіс­пейді, өзге де қиындықтармен бетпе-бет келесіздер. Бұл пробле­ма­ларды таяу уақыттың ішінде шешеміз. Үкіметке шұғыл түрде бұл жағдайды дұрыстау туралы нақ­ты тапсырма берілген. Қазір бар­лықтарыңызға парыз бен меди­циналық антқа адалдықтарыңыз үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді. Қазақстанда 100 мың аза­матқа шаққанда ауырғандардың саны 80-нен сәл ғана асады. Бұл әлемдік статистикаға сәйкес, ор­таша көрсеткіш саналады. Тым жаман болмаса да, өте жақсы емес. Біз ауруға шалдыққандардың ста­тистикасын мұқият қадалағап отыр­мыз. Бірақ сауығып шық­қан­дардың статистикасын жиі естен шығарып аламыз», – деді. Сонымен қатар жанқиярлық ең­бектері үшін медицина қыз­мет­керлерін мемлекеттік ордендер­мен және медальдармен марапат­та­ғанын айтты. Әрі барлық медицина қызметкерлеріне алғыс білдірді.  

Қатер сейілген жоқ

Дегенмен Президент қатердің әлі сейілмегенін де атады. Сон­дықтан мұқият болмақ керек. Оның үстіне, төтенше жағдай ре­жимі алынып тасталған соң отан­дастарымыздың еркінсіп кеткен жайы бар. Қазір сол салғырттықтың зардабы тиіп жатыр. «Бүгінде бүкіл әлемде коронавирустың таралуы қорқынышты ауқымға ие болып келеді. Коронавирус шабуылына ұшыраған жалғыз ел біз емеспіз. Төтенше жағдай режимі алынып тасталғаннан кейін біз еркінсіп кеттік, оны мойындау қажет. Кейбір азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер «қауіпті кезең артта қалды, өтіп кетті» деп ойлады. Тәуекелді дұрыс бағаламау орын алып, медициналық ережелер мен ұйғарымдарды сақтауды қойдық. Жекелеген азаматтар мұндай ауру жоқ деген өсек-аяңға сене бастады. Бірақ COVID-19 әлі де үлкен қатер төндіріп тұр. Сондықтан Үкімет карантин ша­раларын қайта күшейтті», – деді Мемлекет басшысы. Алайда ол үшін көңіл күйді түсіріп, күйзеліске бой алдырудың еш қажеті жоқ екенін, толыққанды өмір сүруді жалғастыра беруіміз керегін айтты Президент. «Бүкіл әлемде адамдар карантин кезінде отбасымен жа­қындаса түскендері, балаларына, олардың проблемалары мен алаң­даушылықтарына көп көңіл бөле бастағаны туралы оқиғаларымен бөлісуде. Суретшілер, музы­кант­тар, жазушылар, ақындар карантин уақытында шығармашылықпен өнімді жұмыс істегендерін айтуда» деген Қасым-Жомарт Тоқаев ең жаман жағдайдың өзінен тиімді дүние табуға болатынына тоқталды. Коронавирус пандемиясы да жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы мүм­кін екенін тұспалдады. «Әрбір дағ­дарыста жаңа мүмкіндіктер болады. Біз біргеміз. Біз бірге міндетті түрде бұл дағдарысты да еңсереміз. Одан күшті рухпен, дүниетаным мәселелеріне жаңа­көзқараспен шығамыз. Ең бастысы, осынау күрделі сынақты еңсеретінімізге, жеңетінімізге сенім болуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.   xalik algisi  

Бейбіт күннің батырлары үшін ескерткіш қойылады

Мемлекет басшысы «BIZ BIRGEMIZ» онлайн-форумында атқарылған жұмыстарды атап өтумен қатар тың ой да айтты. Президент пандемиямен күрескен азаматтардың ерлігі үшін арнайы ескерткіш қою керек екенін атап өтті. «Бүгінгі форумда коро­на­вируспен күрестің алдыңғы ше­бінде жүрген азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Осыған орай, мен «Халық алғысы» атты арнайы медальді тапсыруды ұйғардым. Бұл осындай қиын-қыстау уақытта аянбай еңбек ет­кен азаматтарға арналған. Жаңа мем­лекеттік марапат осындай на­ғыз отаншыл азаматтарға тап­сырылады деп сенемін. Бүгін «BIZ BIRGEMIZ» жалпыұлттық онлайн-форумы аясында осы медальмен бір топ азаматты мара­паттаймыз», – деді Президент. Сонымен қатар ол: «Осы індеттен құтылған соң елордамызда аза­маттарымыздың ерлігіне арналған ескерткіш қоюымыз керек. Барша Қазақстан азаматына амандық, игі­лік тілеймін. Біз міндетті түрде жеңеміз. Себебі біз біргеміз!», – деді.  

Полицияның да еңбегі ерен

Онлайн-форумда Мем­лекет басшысы медицина қыз­мет­керлерімен қатар полицейлерге де алғыс білдірді. Өйткені каран­тин кезінде қоғамдағы тұрақ­тылық пен тыныштықты сақтау­да полицияның атқарған рөлі зор болды. «Мен құқық қорғау ор­ган­дарының да еңбегін ерекше атап өткім келеді. Елдегі тәртіп сақ­шыларына аса маңызды мін­дет жүктеліп отыр. Қоғамдағы тұрақ­тылық пен тыныштық поли­цияның мінсіз қызметіне байла­нысты. Сіздер күрделі төтенше жағдай кезеңінен абыроймен өт­тіңіздер. Бүгінде карантин ша­­ра­­ларының сақталуын қада­ла­ғап, бекеттерде қызмет етіп ке­лесіздер. Бұл оңай жұмыс емес. Тіпті, қоғам өкілдері тарапынан сын­ға ұшыраған кездеріңіз де болды. Әрине, кәсіби тұрғыдан біліксіздік танытқан полиция қыз­меткерлері де жоқ емес. Осындай жекелеген жағдайлар бүкіл құқық қорғау органдарының беделіне зиян келтіреді. Дегенмен тәр­тіп сақшыларының басым бө­лігі адал қызмет етіп жатқан аза­маттар. Мұны ешкім жоққа шы­­ғара алмайды» деген Президент ішкі істер органдарының бар­лық қыз­меткерлерін кәсіби мере­келері – Полиция күнімен құттық­тады. Сонымен қатар адал ең­бек етіп жүрген барша азаматқа ри­за­шылығын білдірді. «Отан ал­дын­дағы сертке берік болғандарыңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Сондай-ақ әс­кери қызметкерлер, еріктілер, мемле­кеттік қызметшілер, қайырым­дылық ұйымдарының өкілдері, жур­налистер және басқа да бел­сенді аза­маттарымыз зор құр­метке лайық. Сіздердің арқала­рыңызда коронавируспен күрес­тің күрделі кезеңдерін еңсеріп ке­леміз. Баршаңызды бейбіт күн­нің ба­тырлары деуге болады. Біз өздеріңізді мақтан тұтамыз. Қажырлы еңбектеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Олар алғысқа лайық

«BIZ BIRGEMIZ» онлайн-фо­румында «Халық алғысы» ме­далінің алғашқы легі де өз ие­лерін тапты. Орталық ком­му­ни­кациялар қызметінде өт­кен форумда коронавирус панде­мия­сымен күресте ерекше көзге түскен аза­маттарға аталған медаль тап­сырылды. Жаңа медальмен рес­публика бойынша түрлі саланың 343 маманы марапатталады. Олар­дың арасында 60 дәрігер, 39 полицей, 30 әскери қызметші, 41 волонтер, 34 меценат, 38 мәде­ниет және білім саласы ма­ман­дары, 25 БАҚ қызметкері бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және барлық өңірлердегі медаль иегерлері онлайн қатысқан мара­паттау рәсімі кезінде Ұлттық ғы­лыми кардиохирургия орталығы бөлімшесінің басшысы Тимур Лесбеков, «Nomad ММА» рес­пуб­ликалық федерациясының пре­зиденті Гаджи Гаджиев, Ұлттық волонтерлер желісінің төрағасы Вера Ким, Мейірімділер клубының жетекшісі Гүлмира Әбдірашева, меценат, қоғам қайраткері Оралбек Ботбай, Биологиялық қауіп­сіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының бас дирек­торы Күнсұлу Закария, Бас әскери клиникалық госпитальдің нейрохирург дәрігері Ержан Рысқалиев, Нұр-Сұлтан қаласы По­лиция департаментінің инспек­торы Артур Ботабеков, елордалық волонтер Абзалбек Сұлтанбек, ғалым, кәсіпкер Әмір Қуат және «Jas Otan» жастар қана­тының сарап­­шысы Аян Хафиз мара­пат­талды. Ал арнайы марапат бұйыр­ған өзге азаматтарға медаль жер­гі­лік­ті жер­лерде табысталатын болады.  

Ардақ СҰЛТАН