500 жоба жүзеге аспай қалды
500 жоба жүзеге аспай қалды
284
оқылды
Ал жолдың жайы елімізде   жанға батып тұрған өзекті  мәселенің бірі екені  жасырын емес. Әйтеуір, жамалған жол мен сапасыз құрылысқа айтылған сын да, тағылған мін де көп. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та осы аптадағы аппарат жиынында  аталған мәселені күн тәртібіне көтеріп,  майшаммен қарады.  Бердібек Машбекұлы кейінгі кездері басылым беттерінде Жамбылдың  жол сапасы қатаң сынға алынып  жатқанын қынжыла жеткізіп, салада қызметіне салғырт қараған басшыларды сын тезіне алды. «Қара тізімге» ілінгендердің ал­ғашқысы Жамбыл облысы әкімдігі Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқар­масының басшысы Бақытжан Жәнібеков  болды. Басқарма басшысы: «Жалпы, жол саласында бүгінде 1 145 жоба іске асырылуда. Оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасымен – 23, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен – 84, «Жұмыспен қамту» жол картасы бойынша – 843, Үкімет резерві бойынша – 96 және жергілікті бюджеттерден  99 жоба жандануда. Бөлінген қаржы есебінен 1 346,2 шақы­рым жол жөндеумен қамтылуда. Жол жөндеу жұмыстарының сапасын «Жол активтерінің сапа ор­талығы» мекемесі тұрақты тексеріп отыр. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 66,6 миллион теңге бөлінді. Басқарма мамандары биыл 53 нысанға барып, құрылыс материалдарының сынамасын алды. Нәтижесінде, 17 кемшілік анық­талып, тиісті ескертулер жасалды» деп әу баста атқарылған жұмыстарды жіпке тізгендей атап шыққаны рас. Сонымен бірге ол: «Негізі, орташа жол жөндеу құрылысына  2 жылға, ал күрделі жөндеуге 5 жылға кепілдеме берілетіні белгілі. Алайда облыстағы кейбір жолдар кепілдеме мерзімі жетпей бұзылып кетіп жатқанын көз көруде. Сол себепті жолды жамап, жөндеу жұмыстарын жүргізгенше, бірден екі жабындымен жамылған асфальт жол салуды ұсынамын. Мұндай жолдар ұзақ уақытқа шыдас береді»,  – деп жағдайды барынша баяндауға тырысқанымен, облыс әкімі басқарма басшысына бір жыли қоймады. Керісінше, оның ұсынысын қолдамай, екі жабынды жол жүргізу құны қымбат екенін, қазіргі бөлініп жатқан қаржының өзіне бақылау болса, сапалы жол салуға болатынын шегелеп тұрып жеткізді. Сондай-ақ аймақ басшысы   «Нұрлы жол», «Ауыл – ел бесігі», «Жұ­мыспен қамту» жол картасы сынды мемлекеттік бағдарламалар бойынша облыста бүгінде 500 жоба тетігін таппай отырғанын қатаң сынға алды. Одан бөлек, әр ауданда жол жөндеу құны әркелкі екенін де тілге тиек етіп, бұл мәселені жіті тексеруден  өткізуді орынбасары Ұлан Жазылбекке тапсырды. Әрине, мемлекеттік бағдарлама аясында қаржы қаралып, сызбасы сызылған 500 жобаның жанданбай отырғаны жақсылық емес. Алайда сала мамандарының сөзіне сенсек, мұндай олқылық бір мердігердің бірнеше нысанды ұтып алуынан орын алып отыр екен. Облыс әкімдігі Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтің айтуынша, Байзақ ауданында «Рауан» ЖШС 78 нысанның құрылысын жүргізу құқығын жеңіп алған. Т.Рысқұлов ауданында 98 жоба бірдей «Құлан жолдары» ЖШС-ның қолында тұрса, Меркі ауданындағы «Айя сервис» ЖШС-да 83 жоба жеңімпаз атанған. Ал «Меркі жолдары» ЖШС  болса, 32 жобаға иелік етуде. Ол аз десеңіз, Шу ауданындағы «Арқат Өркендеу» ЖШС мен «РЗДИ құрылыс» ЖШС 80-нен аса жобаны өзара бөлісіп алған. Бұдан кейін жобалар дер кезінде  жанданып, жоспарлы уақытта тапсырылады деп қалай айта аламыз? Бір ғана Т.Рысқұлов ауданындағы 98 жобаны «Құлан жолдары» ЖШС жеңіп алғаны қай санаға сыяды? Естеріңізде болса, Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылдық округінің әкімі Мұрат Иманбаев жұбайының «Жарық құрылыс компания» ЖШС-на бір көзден 11 мәрте мемлекеттік тапсырыс сомасын жеңіп алып бергені үшін қызметімен қош айтысқан жоқ па еді? Енді бір ғана мердігер 98 жобаға иелік етуін қалай түсінуге болады?   jol1 Ал жолдың сапасына келсек, Тараз қаласы мен Сарысу,  Талас аудандары бұл бағытқа қаржы қарамай қойыпты. Яғни, құрылыс жүргізіп жатқан мердігерлердің материалдарын тексеріп, сүзгіден өткізуге бас ауыртқысы келмеген. Бұдан кейін  жол сапасы туралы сөз қозғау артық шығар. Егер әкімдердің бұған жаны ашымаса, басқасынан не сұраймыз? Аппараттық жиында  Тараз қаласын­дағы қоғамдық көліктерге электронды билет енгізу жүйесі де сан сауалды тудырды.  Жалпы, қоғамдық көліктерге электронды билет енгізу үшін «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС мен қала­дағы 9 тасымалдаушы компаниямен келісімшарт жасалған. Бірыңғай және атаулы карточкаға SAPAR-CARD атауы беріліп, үлгілері әзірлену үстінде. SAPAR-CARD-ты сату мен баланс толтыруға қаладан 11 орын анықталып отыр. Аталған жүйе тамыз айында толықтай іске қосылады деп күтілуде. SAPAR-CARD бойынша жол жүру құны 65 теңгені құраса, қолма-қол төлем құны 130 теңге  болмақ. Одан бөлек, семейлік  Daewoo Bus компаниясымен келісімшарт жасалып, 100 автобусты жаңарту да көзделіп отыр. Бірақ бұл жұмыстар Бердібек Машбек­ұлының көңілінен шықпай отыр. Ең алдымен, аймақ басшысы электронды билет енгізу жүйесі шілде айына жоспар­ланғанын, алайда  сала мамандары бұл мәселені сағызша созып жүргенін қатаң сынға алды. Одан кейін қазіргі әлемдік пандемия кезінде қоғамдық көлікпен жүру тарифін 130 теңгеге көтеру санаға сыймайтынын жеткізді. – Қазіргідей қиын жағдайда жол жүру  құнын қымбаттатып, қалай қара халықты қинамақсыңдар? Мен тарифтің кезең-кезеңімен өсетінін айттым және тасымалдаушы компаниялар авто­бустарын жаңалаған кезде ғана. Қазір жауапты мамандар маған 100 автобус сатып алынатыны туралы ақпар беріп отыр. Алайда Тараз қаласындағы қоғамдық көліктердің 48 пайызы ескі. Сондықтан кемі 200 автобус сатып алу жолын  қарастыру керек, – деп аймақ басшысы бұл мәселеге қатысты айқын ұстанымын аңғартты. Ал жиын соңында Бердібек Машбек­ұлы соңғы кездері халық «Асар» деген дүниені ұмытып бара жатқаны туралы ой қозғап, жыл соңына дейін өңірдегі мұқтаж жандарға  350 ауылдан 350 үйді асарлатып салып  беруді ұсынды. Бұған аудан әкімдері мен жиынға қатысып отырғандар бір ауыздан қолдау білдірді.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы