Ішкі саясатта да түбегейлі өзгерістер мен батыл қадам жасады
Соңғы бір жыл ішінде Президент Қ.Тоқаев биліктің жұмсақ және бірқалыпты өзгеруіне қол жеткізді. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевты толыққанды қолдайды. Биліктің сабақтастығын қамтамасыз ететін Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев қоғаммен диалогқа, пікірлер плюрализміне және көзқарастың әралуандығына негізделген мемлекеттік дамудың жаңа әдісін ұсынады. Президент Қ.Тоқаев басқару саласындағы ұтымды диалогты таңдап, жаңа ішкі саяси парадигмаларды жариялады: «халық үніне құлақ түретін мемлекет», «әр алуан пікір – біртұтас ұлт» және «елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес», «Күшті президент – ықпалды парламент», «есеп беретін Үкімет». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл бойы халықтың жекелеген топтарының, сондай-ақ жалпы қоғамның әлеуметтік көңіл күйін арттыруға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырды, әлеуметтік қолдау жүйесі жалғасуда. Бұған қоса, жаңа коронавирус індетінің көрші елдерде басталуы Қазақстан үшін де маңызды сынақ болды. Президент Қ.Тоқаев алғаш рет ел аумағында 2 ай бойы жалғасқан төтенше жағдай және толық карантин режимін енгізді. Бүгінгі таңда Қазақстан – бұл індеттен ең аз шығынмен шыққан және жүйелі түрде қалыпқа келе жатқан ел. 2020 жылы індетпен қоса, әлемдік шикізатқа сұраныстың төмендеуі, әлемнің барлық елінде экономикалық белсенділікті күрт бәсеңдетті. Қазақстан Үкіметі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша кең әлеуетке ие. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев экономиканы жандандыру үшін ынталандыру пакетін жариялай отырып, оны ықтимал дағдарыс (мұнай-газ саласына шамадан тыс тәуелділік және т.б.) жағдайынан шығару үшін шаралар қабылдады. Халықаралық экономика сарапшыларының болжамдары бойынша, Қазақстанда қабылданған экономикалық шаралар кешенінің нәтижесінде 2021 жылы экономикалық өсу 5,5% қалпына келуі күтілуде.Қазақ-түрік байланыстары тереңдей түсті
Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметіне бастаған кезден бастап, Түркия – Қазақстан арасындағы қарым-қатынас әртүрлі деңгейдегі көптеген кездесу мен іс-шараларда тілге тиек болды. Осы іс-шараларға жеке өзім қатысқан адам ретінде екі ел арасындағы қарым-қатынас тереңдей түсетініне және одан әрі дамитынына сенемін. Соңғы бір жыл ішінде Түркия – Қазақстан ынтымақтастығы бірқатар бағытта жалғасты. Атап айтқанда, парламентаралық байланыстар нығайды. Былтыр Түркия Ұлы ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Еуразия елдері Парламент төрағаларының 4-ші кеңесіне қатысу үшін Қазақстанға барды. Қазақстан – Түркия парламентаралық достық тобы төрағасы болғандықтан, ТҰҰМ төрағасының жанында жүруіме мүмкіндік болды. ТҰҰМ төрағасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен, Сенат Төрағасы Дариға Назарбаевамен және Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулинмен екіжақты кездесулер өткізді. Арада бір айт өтпестен, Түркия Республикасы бірінші ханымы Емине Ердоған мен ТР Денсаулық сақтау министрі Фареддин Коджаның Қазақстанға сапары ұйымдастырылды. Олар Халықаралық қатерлі ісікке қарсы одақтың (International Union Against Cancer, UICC) бастамасымен өткізілген «Қатерлі ісікпен күрес көшбасшыларының дүниежүзілік саммитіне» қатысу үшін 2019 жылдың 15 қазанында Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс сапарымен барған болатын. Жұмыс сапары барысында Қазақстан Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаевамен екіжақты кездесулер өткізді. Түркия Денсаулық министрі Фахреддин Коджа қазақстандық әріптесті Елжан Біртановпен кездесті. Бұл кездесу барысында екі елдің Денсаулық сақтау министрліктері арасында «Денсаулық сақтау қызметіне инвестиция құю саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумға» қол қойды.Байланыстарды нақты жобалар нығайтады
Бір жыл ішінде Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық, технологиялық байланыстардың да нығая түскенін атап өткім келеді. Мәселен, 2019 жылғы 20 ақпанда Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласында «Ақылды қала және ақылды көлік жүйелері» бойынша жұмыс жүргізілді. Осы кездесуге жеке өзім қатыса отырып, технология саласында екі елдің ынтымақтаса жұмыс жүргізулеріне өз үлесімізді қостық. Ал былтыр Қазақстан Премьер-Министрі А.Маминнің және Түркия вице-президенті Ф.Октайдың тең төрағалық етуімен 9-11 қарашада Стамбұл және Анкара қалаларында Қазақстан –Түркия үкіметаралық экономикалық комиссиясының ХІ отырысы өтті. Сапар барысында Премьер-Министр Асқар Мамин және Қазақстанның ресми делегациясы 2019 жылдың 9 қарашасында Кайсери қалалық ауруханасына барды. DEIK және Kazakh Invest 2019 жылдың 10 қарашасында 600-ден астам түрік және қазақстандық іскер адамдардың қатысуымен «Түркия – Қазақстан бизнес форумын» өткізді. Форум аясында вице-президент Фуат Октай және Премьер-Министр Асқар Маминнің қатысуымен түрік және қазақстандық фирмалардың бірлескен жобаларды іске асыруды қарастыратын, жалпы 1,4 млрд сомасын құрайтын 19 құжатқа қол қойылды. Одан бөлек, сауда-экономикалық қатынастар да үздіксіз жалғасып келеді, Түркия Республикасы Сауда министрлігінің мәліметтері бойынша, 2018 жылы Қазақстанға жасалған экспорт 790 миллион долларды, ал 2019 жылы 900 миллион долларды құрады. Қазақстаннан жасалған импорт 2018 жылы 1,602 миллиард долларды, 2019 жылы 1,404 миллиард долларды құрады. Осыған орай, екіжақты сауда-саттық көлемі өткен жылдармен салыстырғанда 2019 жылы 0,03 пайызға төмендеп, 2,304 миллиард долларға жетті. 2020 жылдың алғашқы үш айында біздің экспорт 222 миллион доллар, импорт 322 миллион доллар болды. Қазақстан мемлекеттік мекемелерінің мәлімдемелеріне сүйенер болсақ, түрік инвесторларының Қазақстанға тікелей инвестициялары 2019 жылы 20%-ға жоғарылап, жобалардың құны шамамен 358 млн долларға жеткен.Коронавирус пандемиясына қарсы күрес
Осы тұста Қазақстан Президенті ресми қызметіне кіріскеннен кейінгі бір жылдың аса күрделі болғанын атап өткім келеді. Бір ғана COVID-19 пандемиясы баршамызды әбігерге түсіріп тұр. Дегенмен қос мемлекеттік індетпен күресте қол жеткізген табыстары да аз емес. Түркия коронавирус індетімен күресу барысында Қазақстанның күш-жігерін қолдады. Түркия президентінің тапсырмасымен Ұлттық қорғаныс министрлігі дайындаған гуманитарлық көмек жүктері (салмағы – 844 кг, маска, қорғаныш көзілдірік, қорғаныс киімдері мен дезинфекциялық құралдар), 10 мамырда Түрік әуе жолдары ұшағымен Қазақстанға жолданды. Бұл гуманитарлық көмек жүгі Түркияның Алматы қаласындағы Бас консулдығы және Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігінің демеуі арқылы Қазақстан үкіметтік мекемелеріне табысталды. Қорытындылай келе, Қазақстан Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанның жақын қарым-қатынасы, екіжақты қатынасымызда маңызды рөлге ие екенін ескере отырып, осы достықтың арқасында біздің қарым-қатынасымыз берік негізге ие болды. Бұл байланыстарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бекемдей түсіп, дамытып келеді. Оған Қазақстан Президентінің ресми қызметке кіріскенінен бергі бір жыл ішінде көзіміз анық жетті.