Алматыда ірі автопарк жұмысын тоқтатты
Алматыда ірі автопарк жұмысын тоқтатты
© сурет интернеттен алынды
205
оқылды
Алматыда жолаушылар тасымалымен айналысатын «АвтоТрансГаз» ЖШС экономикалық қиындықтарға байланысты жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл туралы Қалалық мобильділік басқармасы хабарлады. Басқарма өкілдерінің айтуынша, компания өз жұмысын тоқтататыны жөнінде басқармаға қаңтар айында хабарлаған. Алматы қаласы Мобильділік басқармасының басшысы Ерлан Әділовтің айтуынша, компанияның жабылуына қаржылай қиындықтар себеп болған. Компания кей автобустарды ауыстыруға дайын болмаған. Сонымен қатар, олардың маршруттарын жаңа автобустар сатып алу үшін басқа тасымалдаушыларға беру жоспарланған. Алайда пандемияға байланысты қоғамдық көлікті сатып алу және жеткізу процесі кейінге қалды.
«Бүгінгі таңда компания қызмет көрсететін 12 маршрут резерв автобустары бар басқа тасымалдаушыларға берілді. Шынында да, қазір автобус жетіспеушілігі проблемасы бар, кей маршруттар желінің тек 60 пайызын ғана жауып отыр. Қазір басқарма осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Сондықтан көп ұзамай мәселе шешіледі. Жаңа автобустармен қамтамасыз етіледі», – деп атап өтті Қалалық мобильділік басқармасы басшысы Ерлан Әділов.
Бұл мекеме қаладағы № 3, 16, 29, 29Р, 34, 47, 50, 85, 106, 107, 112, 126 бағыттар бойынша қызмет көрсетіп келген.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ