Түнерген қала орнында тамаша мегаполис
Кезінде саясаттанушылар мен өзге қайраткерлердің айтуымен «Астана – әлемдегі ең жас астана» деп мақтандық. Артынша мұның жаңылыс екені анықталды. Себебі ХХІ ғасыр басталғалы төрткүл дүниедегі он шақты басқа мемлекет бас қаласын ауыстырып үлгеріпті. Бірақ олардың бәрі осы істе жетістікке жетпеген. Жұртшылығы жерсінбей, бос қалғаны да бар. Бұл ретте біз шынымен мақтаныш тұта аламыз: елорда елдің азаттығын айшықтаған жаңа астана ретінде қалыптасып, өркендей алды. Әрине, жаңа астана тақырдан тұрғызылған жоқ. Бұл жерде әр жылдары Ақмола, Целиноград аталған облыс орталығы мәртебесіндегі қала болды. Онда 300 мыңдай адам тұратын. Олар Есілдің оң жағалауында қараң-құраң тіршілік кешті. Ойын-сауық орталығы жоқтың қасы еді. Ара-тұра концерт не жиналыс өтуі үшін «Тың көтерушілер сарайы» (қазіргі «Астана» концерт залы) есігін ашатын. Жалпы, кешкі 19.00-ден кейін қала тыншып, ұйқыға ден қоятын. Барлық дүкен, дәріхана, емхана атаулы жабылады. «Тәулік бойы» не «24/7» деген ұғым ол кезде жоқ. Кеңестік үлгідегі шаһар негізінен көпқабатты «ленинградтық» панельді үйлерден және жерге сіңіп бара жатқан жатаған баспаналардан құралды. Ақмола жерінде бапалағы бұрқырай ұшатын теректен басқа ағаш өспейді деген сенім болды. Қазақы мақам мұнда естілмейтін. Отбасында өзара тілдескені болмаса, үлесі аз қазақтар сыртта, не ресми мекемелерде орысша сөйлесетін едік. Жасыратыны жоқ, жергілікті қоғамда қазақ тілін жатсыну, адамды қазақ болғаны үшін ұялту құбылысы белең алған-тын. Әлі жеткенше қарсыласып бағатын жастар болмаса, ересектер онжылдықтар бойы мұндай тәртіпке мойынсұнған. Екі қазақ көшеде кенет мемлекеттік тілде шүйіркелесе қалса, баршасы оған бағжаң етіп жалт қарап, сұсты кейіппен қабақ түйетін. «Әй, мәмбеттер, әдейі түсініксіз тілде сөйлеп, бізге қарсы тағы не ойластырып жатырсыңдар?» дейтін нақұрыстары табылды. Әлдеқалай еліміздің оңтүстігінен келе қалған қандастарымыз Ақмолада өзін бөгде мемлекетке кіріп кеткендей сезінетін, бойын қорқыныш билеп, кетуге асығатын. Елбасының бастамасы көңіл тұнжыратар осы көріністің бәрін өзгертіп сала берді. Қалада аспанға бой созған заңғар ғимараттар, «Гиннесс рекордтар кітабына» енген «Хан шатыр», мұхитариум және басқа да қазақ елінде бұрын-соңды болмаған ойын-сауық және сауда орталықтары ел игілігіне берілді. Қоғам айтарлықтай қазақыланды. Бұрын орыстілді санаулы балабақша ғана болса, бүгінде олардың саны 370-тен асты (90-ы – мемлекеттік, 3-еуі – ведомстволық, 43-і – мини-орталық, қалған 215-тен астамы – жекеменшік). Олардың барлығында дерлік қазақ топтары бар. Целиноградта бірде-бір қазақтілді мектеп қалмаған кез болды. Ал елордада қазіргі уақытта 84 мектеп бар, оның 31-і – тек мемлекеттік тілде, тағы 43-і – аралас, 10-ы – орыс тілінде оқытады. Қалай болғанда, артта қалған шаһар орнында заманауи зәулім мегаполис бой көтерді. Оның келбетіне шетелдік қонақтардың да қайран қала, тіпті сүйсіне қарағанынан көп рет куә болдық. Рас, ғимараттары көбіне бетон мен шыныдан тұрғызылған, көшесі тар елорданың кемшілігі де жетерлік. Оны ертеректе Астананың дамуына арналған кеңестерде Елбасы атап көрсетті. Орнында бар оңалар.Әлемдегі ең жас астана қайсы?
Қазнет пен рунеттегі іздеу жүйелеріне «әлемдегі ең жас астана қайсы?» деп сұрау салсаңыз, «Астана» деп көрсетеді. Шын мәнінде, ең жасы – Палау Республикасының астанасы Нгерулмуд, Малайзияның Путраджаясы және Мьянманың Нейпьидосы. Палаулықтар бұрынғы астанасы Корорды үнемі «уақытша» деп санайтын. Бұл ел 1979 жылғы Конституциясына сәйкес, 10 жыл ішінде жаңа астананы анықтауы керек болатын. Содан 1986 жылы бұл мәртебеге Мелекеок штатындағы Нгерулмуд қаласы лайық деп танылды. Әйтсе де, Палаудың елордасы бертінде, ХХІ ғасырда, 2006 жылы ғана ресми түрде көшті. Себебі ел басшылығы отыратын Капитолий ғимаратының құрылысы сол жылы аяқталған. Мьянма 2005 жылы астанасын Нейпьидо («Патшаның елі») қаласына ауыстырды. Жаңа шаһар Чепьи деревнясының орнында бой көтерді. Кейбір болжам бойынша бас қаланы алмастыруға астрологтердің кеңесі себеп болыпты. Мұндай жағдай осы ел тарихында бұрын кездескен деседі. Кеңес кезінен бері қазақстандықтарға Бирма атауымен белгілі Мьянманың бұған дейінгі астанасы Янгон (Рангун) болған. Малайзия 2005 жылы астанасы Куала-Лумпурден 20 шақырым қашықтықта Үкіметке арнап жаңа әкімшілік орталығын салды. «Путраджая» деп аталатын ресми жаңа астанасының аты даңқты ханзада деп аударылады (putra – ханзада, jaya – даңқты). Өйткені жаңа елорда салуды елдің тұңғыш премьер-министрі Абдула Рахман ұсыныпты, ал ол шығу тегі бойынша ханзада болып есептеледі.Жолы болмаған жаңа астаналар
Бұған дейін дүниежүзіндегі ең жас астана ретінде сарапшылар Оңтүстік Суданның бас қаласы Джубаны таныған болатын. 2011 жылғы 9 шілдеде 8,5 миллион халқы, 589 745 шаршы шақырым жері бар осы африкалық ел Суданнан тәуелсіздік алып, БҰҰ-ға мүше болды. Жас мемлекет Ніл өзенінің жағасында орналасқан, елдегі соғыстан қираған, жолдарынан сау-тамтық қалмаған, 300 мыңдай тұрғын тұрып жатқан Джуба атты елді мекенді өз орталығы ретінде жариялады. Сыртқы бейнесінің ұсқынсыздығына қарамастан оңтүстіксудандықтар оны мақтан тұтты. Мұны жаһандық картада пайда болған жаңа мемлекетке әлемнің әр елінен ағылған телеарналар жергілікті тұрғындардан сұхбат алып, жарыса жеткізіп жатты. «Біз Вашингтон, Лондон, тіпті Хартум, Кампала немесе Найроби секілді көрнектілеу көрінісімізді паш ете алмаймыз. Алайда бұл біздің жаңа астанамыз және ол – біздің мақтанышымыз! Біз – сәби мемлекетпіз. Қадамымыз да, талпынысымыз да жаңа. Демек, бәрін жаңадан салып шығамыз!» деген тұрғын Уильям Денгтің жарқын үні экраннан әр елді аралап кетті. Қуаныштың жөні бар: ондаған жылға созылған соғыс Оңтүстік Суданның азаттығымен аяқталды. Оның жерінің асты мұнайға толы. «Қара алтыннан» түсетін доллар тасқыны астананы тақыр жерден тұрғызуға мүмкіндік беретін. Нәтижесінде, Ливаннан – бизнесмендер, Қытайдан – құрылыс компаниялары, АҚШ-тан күзет фирмалары осы елді бетке алды. Бірақ 2011 жылдың 5 қыркүйегінде Оңтүстік Суданның Министрлер кеңесі елдің астанасы Джубадан 240 шақырым жердегі Рамсельге қоныс аударатынын мәлімдеп, тиісті шешім қабылдады. Жер-жаһандағы ең жас мемлекет үкіметінің Бас хатшысы Абдона Агавының түсіндіруінше, Джуба қаласы Орталық Экватория штатының аумағында орналасқан, ал әлгі штаттың билігі орталық үкіметке жаңа мемлекеттік ғимараттар салу үшін қажетті көлемде жер беруден бас тартыпты. Бүгінге дейін Оңтүстік Суданның астанасы көшіп болған жоқ. Сондықтан халықаралық қоғамдастық оның орталығы ретінде әзірше Джубаны қабылдауда. Әлемдегі ең жас астананың бірі ретінде жалпы мойындаған Малайзияның жаңа орталығы – Путраджаяға бірер жыл бұрын посткеңестік кеңістіктегі елдерден бір топ блогер барып қайтты. Олардың әңгімесі таңғалдырады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мына сөйлемге сыйып кеткендей: «Егер Путраджая көшесінде жолға шығып, шалқаңыздан түсе кесе-көлденең жатып алсаңыз, ... сіз ешкімге де кедергі келтірмейсіз!» Неге? Қала коронавирус инфекциясы тарап, адамзат карантинге жабылардан көп жыл бұрын бос қалған. «Путраджаяға сапарымыздан алған әсер – көл-көсір болды. Бұрын ол жерде тақырдан басқа ештеңе болмапты. Оның орнында тұрғызылған қала бәрімізді айрықша толғанысқа түсірді. Болашақ қаласы өзен жағасында бірнеше шақырымға созылып жатыр. Сәулет туындысы саналатын әртүрлі үлгідегі 8 көпір салынған. Бірақ қалада адам жоқ. Арагідік қаланы күтіп ұстайтын бірлі-жарым жұмысшы ғана ұшырасады. Көшелерге бағдаршам орнатылған, бірақ ол ешкімнің қажетіне жарамайды: көлік жоқ. Керемет қымбат кинофильм түсіру үшін жасалған шаһар сияқты. Онда қаптаған әкімшілік мекеме салынған. Оған кіріп-шығып жатқан шенеуніктер де кездеспейді. Ұшар басында тамашалау алаңқайы жабдықталған Perbadanan Putrajaya кешені, Istana Kehakiman әділет сарайы, шопинг орталықтар, конференц-залдар – бәрі-бәрі бос. Айналада құлаққа ұрған танадай тыныштық. Бос жатқан көшелермен серуендеу көңілде үрей тудырады», – дейді интернетте Verytruth және «Ангел кайфа» атымен танымал блогер Ольга Дворецкая. Ақыр соңында блогерлер жергілікті «фестивальға» тап болады: малайзиялық әйгілі әнші 15-20 шақты көрермен алдында өнер көрсетіп жатыпты... Олай болса, астананы жариялау – ірі істің басы ғана. Ең бастысы, оның әрі қарай өркендеп, халықтың игілігіне айналуы болса керек.Айхан ШӘРІП