Сенатор Нұртөре Жүсіп: «Сол жағалау жаңа түсіп жатқан кез. Үлкен көшенің бірі Қонаев есімімен аталды. Тағы біраз көше жаңадан түскелі жатыр. Тарихи тұлғалар есімдерін жарыса тықпалау көбейді. Сол кезде ойыма «Неге біз кісі аттарын ғана қоямыз? Осыған дейін де талай тарихи астанамыз болды емес пе? Неге мәселен, Ақмешіт, Орынбор, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Сарайшық қалаларының атын жаңа елорда көшелеріне беруге болмайды? Бұл – бір жағы біздің тарихымызға деген құрмет. Екінші жағынан ежелден іргелі мемлекет болғандығымыздың дәлелі. Үшіншіден, сол жағалаудағы жаңа көшелерде кісі аттарын беруге тоқтам жасаймыз. Елдік және мемлекеттік ұғымдарды алға шығарамыз. Осы арқылы Қазақ елінің жаңа астанасы тарихи мазмұнмен толығады» деген ұсыныс жасаған едім. Сол ұсыныс қолдау тапты. Қазір қазақтың әр кезеңде астанасы болған Сауран, Сығанақ, Сарайшық, Түркістан, Орынбор, Ақмешіт көшелері сән-салтанатты жағдайда жарқырап, жайнап тұр!» деп еске алады. Сол кездері Тілдерді дамыту басқармасын басқарған Оразгүл Асанғазы: «Ономастикалық комиссия Астана көшелері мен даңғылдарын тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалардың есімдері айшықтап тұруы табиғи заңдылық екенін үнемі басты назарға алып келді. Осыны ескеріп, танымал, білікті зиялы қауым өкілдерінен тұратын қалалық ономастика комиссиясы қала көшелеріне тарихи оқиғаларға қатысты атауларды және тарихи тұлғалардың есімдерін беруді ұйғардық. Атап айтқанда, Қозыбасы, Аңырақай, Арқайым, Тұран, Бұланты және Күлтегін, Асанқайғы, Қадырғали Жалайыри, Қабанбай батыр, Қарасай батыр, Ағыбай батыр, Ыбырай Алтынсарин, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сүгір Әліұлы, Қашаған Күржіманұлы, Ықылас Дүкенұлы, т.с.с.» дейді. Елорда төріне Алаш қайраткерлерінің есімін беру де сол кезде назарға алынды. Ұлт дамуына үлес қосқан, ұлттың мәдени-рухани деңгейін көтеруге күш салған қайраткерлердің есімін берудің маңызы зор еді. «Олардың ішінде Алаш қозғалысының көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Ғұмар Қараш, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбаев, Әлімхан Ермеков, Халел Досмұхамедұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Уәлихан Танашев, Сұлтанбек Қожанұлы т.б. тұлғалар бар. Халқымыздың сан ғасырлық тарихында батыр, өнерпаз, дана аналардың орны ерекше. Олардың есімдерін Астана көшелеріне беру бүгінгі ұрпақтың бойына имандылық, мейірім, адамгершілік сезімдерін ұялататыны сөзсіз. Осындай үлгілі, өнегелі мақсатты көздеп бірқатар көшелер Жұбан ана, Домалақ ана, Қарашаш ана, Айша бибі, Ұмай ана, Тұмар ханым, Дина, ақын Сара, Ұлбике ақын сияқты белгілі тұлғалардың есімдерін иеленді», – дейді қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы.Әр көшенің орналасу тәртібі де бөлек. Мәселен, Ақан сері көшесін алайық. Ол бұрынғы Оренбургский көшесі. Міржақып Дулатов көшесінен басталып, Қарталы көшесінен аяқталады. Ақан сері көшесі Оқжетпес, М.Жәлел, Шақпақ көшелерін қиып жатыр. Ұзындығы – 1 425,6 м. Ақан серінің кім екенін айтпасақ та белгілі. Әнімен, сәнімен салтанат құрған серінің есімі елорда төрінде жарасым тауып тұр. Ал Ақмешіт көшесінің орнында бұрын №33 көше болған екен. Ақмешіт көшесі Сарайшықтан басталып, Қонаев, Достық, Сығанақ, Алматы, Керей, Жәнібек хандар көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 5 607,3 м. Ақмешіт – қазіргі Қызылорда қаласының орнында болған көне бекініс орны. Бекініс 1817 жылы салынған. Тарихшылардың деректеріне сүйенсек, Ақмешіт бекінісін Қоқан ханы Омархан салғызған деседі. Бекініс ішінде саз балшықтан салынған 50-ге жуық үй, екі мешіт, медресе, оқ-дәрі қоймалары, құдықтар болған деседі. Қазан төңкерісінен кейін бекініске Ақмешіт аты қайта берілгенімен, 1925 жылы оның аты Қызылорда болып өзгеріп кетеді. Ал байырғы бекіністің аты ұмытылмай, бүгінде астана көшелерінің бірінде асқақтап тұр. Ақмешіт секілді Орынбордың да орны бөлек. Байырғы атауы – №35 көше. Тәуелсіздік, Достық, Сығанақ көшелерімен қиылысып жатыр. Орынборда 1917 жылы алаш партиясы, Алашорда үкіметі құрған екі жалпықазақ сиездері өткен. 1920-1925 жылдары Қазақстанның астанасы болған қала. Қазір Ресейдегі қала, облыс орталығы. Алаш қайраткерлерінің ізі қалған тарихи мекен. Сарайшықтың да, Сауранның да атауы қазақ үшін қастерлі. Сарайшықтың орнында бұрын 12 көше орналасқан екен. Момышұлынан басталып, Тұран даңғылында аяқталады. Ұзындығы – 2 409,8 м. Сарайшық – ортағасырлық тарихи қала. Еуропа мен Азияны қақ бөліп жатқан Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан Сарайшық шаһарының іргесі Алтын Орда тұсында қаланған болатын. Оны Шыңғыс ханның немересі, Жошының баласы Бату хан салдырғаны туралы Әбілғазы хан шежіресінде жазылады. Сарайшықта Алтын Орданың бірнеше хандарының мүрдесі жатыр. Мөңке Темір, Жәнібек, Бердібек хандар да бар. Шаһар бірсыпыра уақыт қазақ хандығының батыстағы астанасы міндетін де атқарған. Әйгілі Қасым хан өмірінің соңын Сарайшықта өткізген екен. Тіпті, ол осы шаһарда жерленген деп айтылады. Ал Сауран болса, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 35 шақырым жерде орналасқан. Биіктігі 6 м қабырғамен қоршалған қалашықтың көлемі Солтүстік-Шығыстан Оңтүстік-Батысқа қарай – 800 м, Солтүстік-Батыстан Оңтүстік-Шығысқа қарай – 500 м. Сауран қаласы туралы мағлұматтар жазба деректерде Х ғасырдан бастап кездеседі екен. Қазір бұл тарихи атауды иемденген көшеде Есіл аудандық әкімдігі орын тепкен. Бұрынғы 78 көше атауынан гөрі Сауран есімі мазмұнын көбірек аша түскендей. Тізе берсеңіз, Нұр-Сұлтанда мұндай тарихи атаулар өте көп. Барлығы да бертінде берілген атаулар. Елорда көшелерінің атаулары да затына сай, асқақтап тұр. Абылай хан, Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр даңғылдары, Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаев сияқты қос батырдың есімін иемденген кең көшелер қандай жарасым тауып тұр! Оған Сарыарқа, Тәуелсіздік, Тұран даңғылын қосыңыз! Күні кеше Маркс, Пятилетке, Первомайский, Смакотин, Социалистический және т.б. көше атауларын иемденген көшелердің бүгінгі атауы мүлдем басқа. Жаңарған, жасарған. Мұның бәрі тарихи тұлғаларға жасалған зор құрмет қана емес, елордамыздағы елдіктің белгісі деп танимыз.
Гүлзина БЕКТАС