1890 жылы әлемдік статистика мәліметінде қазақтардың саны 10 млн, әр шаңырақта 7 адамнан, қазақтар өзбектерден 5 есе көп деп жазылған мәлімет бар. Қызыл империяның қан жұтқызған саясатының салдарынан қазақ халқы төрт рет аштыққа ұрынды. Өткен тарихқа үңілсек, Қазақстанда аштық қырғыны басталғанына биыл 100 жыл толып отыр.
Француз тарихшысы Изабелле Охойон «Қазақстанда аштық қырғыны халықтың 80 пайызын қырып салды, салдары геноцидтен асып кетті» деп әлемдік ақпаратта жар салды. Осы тұста күй атасы Құрмағазының: «Табиғат апаты қырды не, патша жендеттері қырды не, қырылған қазақ қырылып жатыр» деген сөзі де ойға оралады. Қызыл империя қазақты алдындағы малын тартып алу арқылы аштыққа ұшыратты. «Малым – жанымның, жаным арымның садағасы» деген қазақ үшін төрт түлігінің орны ерек болатын.
Ал енді еркіндікке қолымыз жеткенде аштық зұлматын ұмытуға айналғандаймыз. Өйтпегенде ше, егемендіктің алғашқы жылдарында Кеңес үкіметі құлап, елдің шаруа күйі тайып, әлсіреген кезде Қазақстан үкіметін басқарған Әкежан Қажыгелдин «Қой бағу шығынға ұшыратады, азық-түлікті шетелден тасыған арзанға түседі. Шаруашылықтар жекешеленіп, қой малын өсіруді тоқтатсын, совхоз басшылары шаруашылық байлығының 30 пайыз үлесін иеленсін» деп үндеу тастады. Іле артынан жүздеген совхоз, аудан, облыс басшылары дүрлігіп 20 миллионға тарта қойды ұшақпен, автокөліктермен, пойызбен шетелдерге тасып, ақшасын қалтаға басты. Сол жылдары аудандардағы ет комбинаттары күндіз-түні қой союдан босаған жоқ. Осы кезде «Құмкөл» совхозының директоры Өмірқұл Ыбыраев қой өсіру шаруасын талан-таражға салмаймын деп аудан, облыс басшыларына қарсы тұрғаны үшін жұмыстан қуылды, ақырында ауруға шалдығып, бақилық болып кетті. Қой малын өсіруді тоқтатқысы келмеген кейбір басшылар орынтағынан айырылып, түрлі жазаға ұшырады. Қайткенде де, Қажыгелдин үкімет басқарған тұстағы қой шаруашылығын құрту мәселесі бір жылға жетер-жетпес уақытта аяқталып, кей жылдары төлімен 35 млн-ға жететін ұсақ мал құрып тынуға айналды.
Осындай дүрбелеңде совхоз басшылары жекешелендіруді пайдаланып, 30 пайыз үлесін 60 пайызға жеткізіп байып қалды. Бір ғана Ақмола облысында бір миллионнан астам қой айналасы 3-4 айда жер жұтқандай сойылып, сатылып бітті. Оны азсынған Атбасар ауданының әкімі Пашков деген қу қой мен шошқа малын пайдасына сатып, талан-таражға салғанын қоймай, тұқым астығын да шетелге асырып жіберді. Қалтасын қалыңдатқан Пашков артынып-тартынып Ресейге көшіп кете барды. Ал социалистік еңбек ерлері – Ибрагим Жанқоразов, Иван Шарф басқаратын совхоздар жекешелендіруде талауға жол бермей, байлығын сақтап қалды. Жемқорлық пен парақорлықтың байлық көрсе опырып тастайтын зұлымдығы қазақ үкіметін Әкежан Қажыгелдин басқарған жылдардан бастау алды. Одан кейін М.Әблязов, В.Храпунов сияқты жемқорларымыз әлемді шарлап кетті. Бүгіндері де тірліктің тынысын тарылтып өкпе қысқан жемқорлық тыншу таппай тұр. Жемқорлардың ұраны жемейтін адам жер астында дегенге ұласты. Қойын алдырып, қорасын бекіткен шопандарға жайлаудағы жыртық астау мен құдықтан су тартатын мотор ғана бұйырып, тіпті кейбіріне Хрущев заманындағы қамыс қора иелігіне беріліп, жұрт оларға кекесінмен күлісіп жүрді.
Қазақ «Қойың болмаса, байлықтан ойың болмасын» деуші еді. Сол жылдардан бері елімізде бірнеше Ауыл шаруашылығы министрі ауысты. Солардың бірде-бірі қой шаруашылығын өркендетейік деп мәселе қозғаған емес. Мына түрімізбен қой малын Қызыл кітапқа енгізуге дайындап жатқан жоқпыз ба деген күпті көңілімізді жасырып қайтеміз?
Мал шаруашылығын өркендетуді ойлайтын аудан әкімі болса машина трактор стансасын ашып, ауылға бөлген қаржыны механизаторға айлық есебінде беріп, малшылардың жем-шөбін тегін дайындап берсе, мал тез өседі. Қой өсіретін кооперативтер құрса, жайлау малға толады. Қайтесің, кейбір әкімдер құлағы қалқиып, аузын бақаша ашып, жоғарыдағы лауазым иесінің тапсырысын орындауды күтіп отырады. Ал лауазым иесі тапсырыс қалай орындалды деп, көзбен көріп тексеріп жатпайды.
Ілгеріректе ауылдың бір адамы қаланың жеті адамын асыраған болса, бүгінде қаланың жеті адамы ауылдың бір адамын асырай алмайды. Қажыгелдиннің жолымен жүргендер – «мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір» дегенді ұмытқалы қашан...
Табыл ҚҰЛИЯС,
жазушы