Алматы мен Алматы облысында карантин шараларының бірыңғай ережелері қабылданады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев хабарлады.
Қала әкімінің айтуынша, бұл қаладағы ахуал облыстағы жағдаймен тікелей байланысты болуына байланысты қабылданып отыр.
"Алматы облысының басшылығымен карантин шараларын үйлестіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірыңғай шаралар әзірлеу қажет. Жұқтыру ошақтарын жою, кәсіпкерлер үшін нақты карантин шараларын қабылдау керек. Шектеу шаралары алынғаннан кейін ашылатын барлық кәсіпорындағы бизнеске арналған хаттама әзірлеу қажет", - деді Алматы әкімі.
Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев ПТР тест тапсыру бойынша қаладағы барлық зертхананың іске қосылғанын айтты. Қазір қала бойынша барлығы 245 мың ПТР тест тапсырылды.
"Он күн бұрын жеке зертханаларда қажетті реагенттердің таусылуына байланысты ақау болды. Ол ақылы негізде тест тапсырушы халықтың көп болуына да байланысты. Сонымен қатар ұлттық сараптама орталығының филиалында отызға тарта қызметкер ауырып, жұмысты тоқтатуға тура келді", - деді қала әкімі.
Ал қазір коронавирусқа тест тапсыруға болатын барлық зертхана жұмысына қайта кірісті. Жақын арада тағы үш жеке зертхана қосылады.
Айта кетейік, қалада алғашқы медициналық санитарлық көмек нысандарының деңгейінде қызмет көрсететін мобильді бригадалар күшейтіліп жатыр. Олардың құрамына бөлім меңгерушілері, инфекционист дәрігерлер, эпидемиологтар, учаскелік дәрігерлер және медбикелер енді. Қала бойынша 297 қызметкер жұмыс істейтін 72 бригада іске қосылды.