Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев аппараттық кеңесте Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі комиссия мүшелеріне екі мегаполис мэрлері арасындағы келісім бойынша кеше қалаға келген мәскеулік мамандар бригадасының басшысы, Мәскеу қаласы Денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Алексей Токаревті таныстырды.
Қазіргі кезде коронавирус пандемиясына қарсы бірлесіп күресудің жобасы қолға алынуда. Бұл жобаны Алматы әкімдігі тарапынан әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров, ал Мәскеу Үкіметі жағынан Мәскеу мэрінің орынбасары Анастасия Ракова үйлестіреді.
Мегаполиске келген инфекционистер және эпидемиологтар, анестезиологтар, реаниматологтар, кардиологтар, пульманологтар, сонымен қатар, денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар кеңес береді және әдістемелік көмек көрсетеді. Алматыға құрамында барлығы 23 маманнан тұратын топ келді.
Ресейден келген мамандар делегациясы емдеу топтарына бөлінеді. Яғни, 3-4 топтар Алматының медициналық ұйымдарының базасында ауыр науқастарды бағыттау және емдеу жұмыстарына қатысады. Ал, қосымша жасақталған 2-3 топтар COVID-19 індетіне шалдыққан әрі симптомсыздан симптомды деңгейге жеткен науқастарға медициналық көмек көрсетеді. Сонымен қатар, мамандардың тағы бір тобы лабораториялық зерттеулерді ұйымдастыру мәселесімен айналысатын болады.
Осылайша, Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев пен Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің жеке келісімдерінің арқасында бауырлас қалалар арасындағы ынтымақтастықтың осынау ұтымды жобасы коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күресте қабылданған шаралардың пәрменділігін арттыруға ықпал ететін болады.