Қордай қақтығысынан кейін аталған елді мекендегі 467 дүнген отбасы Шу ауданына қоныс аудартылып, 8300 гектар жер берілген болатын. Міне, осы жерді қазір қордайлық дүнген қазынаға айналдырып, нәсібесін көріп отыр.
Бұған Шу ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев көз жеткізді. Ол шаруа Лұқмар Сандуров пен тағы екі отбасының егіс алқабына ат басын бұрып, тіршіліктерімен танысты. Бүгінде аталған жанұялар 150 гектар жерге пияздың «Манас» сортын өсіруде.
Масаншы ауылының тұрғыны магистралды каналдың жағасына қуатты сорғыш пен су резервуарын орнатып, сол арқылы тамшылатып суару әдісін де қолданып отыр. Диқаншылардың айтуынша, олар биыл бір гектардан кем дегенде 80 тоннадан пияз жинауға ниетті екен. Өз өнімдерін еліміздің әр аймақтарына экспорттамақ.
Айта кету керек, биыл Қордай ауданынан 467 дүнген отбасы Шу ауданына келіп, дала жұмыстарын жүргізу үшін 8300 гектардан астам жер алған болатын. Жалпы Қордай ауданының ауылдарындағы қайғылы оқиғалардан кейін кейбіреулер дүнген ағайындардың іскерлік белсенділігіне қатысты теріс болжамдар жасаған еді. Алайда, бүгінгі таңда бұл еңбекқор халықтың өкілдері өздерінің сүйікті ісімен айнылысып, құнарлы Шу жерінде егістік жұмыстарын сәтті жүзеге асыруда.
Бердібек Сапарбаев Л.Сандуровқа пияз өсімінің жақсы көрсеткіші үшін ризашылығын білдіріп, қолданылған тыңайтқыштардың сапасы, жұмылдырылған еңбек күші мен жалақы мөлшеріне көңіл бөлді. Сонымен қатар өнімді келесі көктемге дейін шығынсыз сақтап қалу үшін қоймалар салуға кеңес берді.