Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы аумағындағы Рыбцех ауылының шетіндегі Шаған өзенінде де 2014 жылы туған балдырған мерт болды. Артынша Оралдағы Желаево елді мекенінің маңындағы жасанды айдында 2004 жылы туған бозбаланы су жұтты. Байқоңыр қаласының жанындағы Сырдария өзенінде де қайғылы оқиға тіркелді. 2007 жылы туған қыз баланың ажалы судан болды. Мұның бәрі мереке қарсаңында болған қайғылы оқиғалар. Аз күнде қаншама өлім тіркелді. Алдағы маусымды елестетудің өзі қорқынышты. Сондықтан әр тұрғын үшін бірінші кезекте балаларды қараусыз қалдырмай, су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауды қолға алған маңызды болып тұр.
Мамандардың айтуынша, суға шомылатындардың көпшілігі рұқсат етілмеген жерде, құтқару жасағы жоқ жерлерде суға түседі екен. Сондай-ақ қайғылы оқиғалардың қайталануына жағажайларда алкогольді ішімдік ішу, өз күшін бағаламау және ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыруы себеп болады. Қазіргі кезде департамент мамандары тұрғындарды су қоймаларының арнайы жабдықталмаған жерінде суға түсуден сақтандырып отыр. Бұл да болса апаттың алдын алуға үлкен жәрдемін тигізеді.
Түркістан облысы Сайрам ауданының Төтенше жағдайлар басқармасының инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Ғалым Сопбек те суға шомылу маусымында тұрғындарға қажетті бірқатар ескертпені атап өтті.
– Біріншіден, арнайы рұқсаты және құтқару қызметі бар жабдықталған жағажайларда және басқа да шомылуға арналған орындарда ғана шомылған абзал. Жүзе білмесеңіз, белден жоғары су деңгейінде шомылмаған жөн. Суға шомылу кезінде жасөспірім балаларды көзден таса қылмау керек. Ең маңызды ескертулердің бірі, жағалаудан алысқа, яғни қоршау белгілерінен ары жүзбеу қажет. Сондай-ақ жүзе білмесеңіз, жүзу үшін шеңберді, үрлемелі матрастарды пайдаланбаңыз. Қайықтан, көпірден және айлақтардан суға секіру де адам өміріне қауіп төндіретінін естен шығармаңыз, – дейді Ғ.Досжанұлы.
Айтпақшы, суға шомылу маусымы басталғалы бері өңірлердегі су айдындарында бірқатар балықшылардың суға кетіп қалғаны туралы да БАҚ беттерінде бірнеше рет жазылды. Сол себепті ТЖД мамандары тұрғындарға балық аулау кезінде де барынша сақтық шараларын сақтауды ескертеді. Не дегенмен қауіпсіздік ережелері судағы қайғылы жағдайлардың алдын алуға көмектесетін бірден-бір жол екені рас.
Обалы не керек, әр суға шомылу маусымы басталар тұста қауіпсіздік мәселелеріне қатысты түрлі хабарландырулар жарияланып, ескертпелер айтылып, сақтық шаралары қолға алынып жатады. Бірақ суға кету оқиғалары жыл сайын аз тіркеліп отырған жоқ. Яғни, нәтиже тым төмен. Сондықтан әлі де құтқарушы мамандардың санын арттырып, судағы қауіпсіздік шараларының қатаңдығын тексергеніміз жөн шығар.
Абылайхан ЖҰМАШ