Мемлекет бизнеске жағдай жасап отыр
Мемлекет бизнеске жағдай жасап отыр
228
оқылды

Қазақстан Президентінің 2014 жылғы 14 тамыздағы нұсқауына сәйкес Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті құрылды. Оның құрамына салық және кеден органдары, сондай-ақ қаржы полициясының экономикалық тергеу қызметі кірді. Еліміздің экономикасының қарқынды дамуы, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық, салықтық және кедендік төлемдердің мемлекеттік бюджетке тиімді түсуі, көлеңкелі экономикамен күрес, халықтың құқықтық сауаттылығы мен салықтық мәдениетін арттыру – осының барлығы мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің шебер жұмысының арқасында деп білеміз. Осы бағытта Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті қандай жетістіктерге қол жеткізді? Бұл жөнінде департамент басшысының міндетін атқарушы Шалқар Сметов баяндап берді.

– Үш қызметті бір мемлекеттік органға біріктіру бизнес үшін тосқауылдарды азайтуға және кірістердің әкімшілендіруін сапалы жасауға мүмкіндік берді. Биылғы І жартыжылдық қорытындысы бойынша, салықтық түсімдер жөнінен жергілікті бюджет жоспары 102%-ға орындалды (жоспар 35 млрд 820 млн теңге кезінде), яғни 36 млрд 384 млн теңге қамтамасыз етілді немесе жоспардан тыс 563 млн теңге түсім жасалды.

Қосымша түсімдер келесі есептен қамтамасыз етілді: кедендік әкімшілендіру –425,8 млн теңге, өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру есебінен – 1817,0 млрд теңге, камералдық бақылау қорытындылары негізінде – 1774,3 млрд теңге, бересіні алу есебінен – 1144,0 млн теңге, салықтық тексерістер бойынша жаза есебінен 847,6 млн теңге, Кедендік одақ аясында жанама салықтарды әкімшілендіру есебінен 56 млн теңге және т.б.

Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің сыртқы сауда айналымы 2019 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша, 606 млн 669 мың АҚШ долларын құрады. Тауарлар экспорты ЭК-10 рәсімі бойынша – 331 млн 242 мың АҚШ доллары, импорт ИМ-40 рәсімі бойынша 227 млн 306 мың АҚШ долларын құрады. Департаменттің кеден бекеттерінде тауарларға 8021 декларация ресімделді. Оның ішінде экспорт режимінде – 3456 декларация, импорт режимінде 3937 декларация және өзге рәсімдер бойынша  628 декларация рәсімделді.

– Бизнес-климатты жақсарту мақсатында қандай жұмыстар атқарылып отыр?

– Салықтық және кедендік саясаттың оңтайлы болуы мемлекетіміздің сапалы экономикалық өсуі және инвестициялық тартымдылығы үшін өте маңызды. Қабылданған шаралардың тиімділігінің басты индикаторы – клиенттердің қанағаттанушылық деңгейі. Мемлекеттік кірістер комитетінде жыл сайын бизнеске тосқауыл жасайтын сервистер қаралып отырады. Осылайша, бұдан бұрын жеке кәсіпкерді тіркеу рұқсат беру сипатында болса, енді міне бірнеше жылдан бері хабарлама сипатында іске асырылады. Сонымен қатар, қосылған құн салығы бойынша төлеуші ретінде тіркеу есебіне қою рәсімі қайта қарастырылды. Бюджеттік классификация кодтарының жартысынан көбі қысқартылды, салықтық есеп беру нысандары оңайлатылды. Тауарлардың экспорты кезінде кеден органдарына тапсырылатын құжаттар тізімі қысқартылды. Салықтық және кедендік әкімшілендіру бойынша заңнамаға енгізілген өзгертулер нәтижесінде салықтық тексерулерді қысқарту бойынша іс-шаралар қабылданды.

2018 жылы күшіне енген жаңа Салық кодексі адал салық төлеушінің мүддесін қорғауға және экономиканың түрлі секторлары үшін ынталандыру, сондай-ақ әкімшілендіруді жеңілдетуге бағытталған. Салықтық әкімшілендіру, оның ішінде ынталандыратын және бақылайтын шаралар тәуекелдерді басқару деңгейі бойынша салық төлеушілердің сараланған тәсілдері негізінде құрылады. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін әрекеттегі арнайы салық режимдерін сақтап қалу қарастырылған.

Сондай-ақ, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес субъектілеріне қатысты салықтық амнистия басталды. Осылайша, 2019 жылдың 17 шілдесінде Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер органдары арқылы 2018 жылдың 1 қазанында болған жалпы сомасы 354 млн теңгені құрайтын негізгі қарызын төлеген 2162 салық төлеушінің 46,4 млн теңгені құрайтын өсімпұл мен 471 мың теңгені құрайтын айыппұлдарды есептен шығару жөніндегі шешімдер қабылданды.

Ал 16 шілдеден бастап жеке тұлғаларға салықтық амнистия басталды, яғни олар негізгі қарызды төлеген жағдайда өсімпұл бойынша берешектері алынып тасталады. Өздеріңіз көріп тұрғандай, мемлекетіміз бизнеске жақсы жағдай жасап отыр. Айта кететін жайт, кәсіпкерлер де өз тараптарынан салықтық міндеттерін жоғары деңгейде орындауы тиіс.

2019 жылдың ішінде онлайн БКМ-ге толық өту жүзеге асырылады. Бұл дегеніміз – көлеңкелі экономиканы қысқартып, салықтық әкімшілендіруді жақсартып, салықтық тексерістерді азайту деген сөз. Салық төлеушілерге бұл процесті жыл соңына қалдырмай, оларды қазір іске қосуға шақырамыз.

Сонымен қатар, біздің мегаполис тұрғындарына да өз азаматтық белсенділігін танытуға мүмкіндік туып отыр. Бұған Мемлекеттік кірістер комитетімен жыл сайын ұйымдастырылатын «Чекті талап ет – сыйлықты ұтып ал!» акциясы түрткі болды. Қазіргі уақытқа дейін қаламыздың 4 тұрғыны басты жүлде «Айфон 7» смартфонына ие болды.

– Мемлекеттік кірістер органдарының цифрландырылуы туралы не айтасыз?

– Мемлекеттік кірістер органдары цифрландыру бойынша бұған дейін де, қазіргі уақытта да алдыңғы қатарда. Жаңа ақпараттық жүйелерді құру және қолданыстағыларды одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қаржы министрлігімен өткен жылдан бері бірнеше жүйелер қолданыла бастады. Оның ішінде мемлекеттік кірістер органдарымен кедендік және салықтық әкімшілендірудің электронды жүйесі – «АСТАНА-1» ензізілді. Электронды декларациялау жүйесінің іске қосылуы құжаттар санының қысқаруына мүмкіндік туғызды және СЭҚ қатысушыларына алыс қашықтықтан электронды түрде алдын-ала ақпараттандыруды және кедендік декларацияны беру мүмкіндігін жолға қойды. «Жасыл дәліз» бойынша декларацияны өңдеп, шығаруға қазір небәрі 1 минут уақыт кетеді. Ал бұған дейін осындай экспорттық рәсімдерді жүргізуге 45 минут, сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметке қатысушыға кеден органына жеке келу қажет еді. Келешекте аталған «АСТАНА-1» жүйесі еліміздің мемлекеттік органдарының басқа да ақпараттық жүйелерімен «Е-терезе» бір терезе принципі бойынша біріктіріледі. Осының негізінде кедендік ресімдеу онлайн режимде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, «Электронды шот-фактуралар» жүйесі жұмысқа қосылды. «Блокчейн» заманауи технологиясын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.  

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша қандай тәсілдер қолданылады?

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасының басты міндеттерінің бірі. Еліміздің қарқынды дамуына кері әсерін тизізетін факторлардың бірі де – осы сыбайлас жемқорлық. Бүгінде біздің органымыздың да басты міндеті – сыбайлас жемқорлықты тудыратын себептерді жою, ол үшін де бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бұл бағытта, «адами факторды» азайту, мемлекеттік кірістер қызметінің айқындылығы, рәсімдерді цифрландыру секілді жұмыстар жасалуда.  

– 14 тамыз – Мемлекеттік кірістер комитетінің кәсіби мерекесі. Мереке қарсаңында әріптестеріңізге не тілейсіз?

– Осы жетістігіміздің барлығына әріптестеріміздің үлкен еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Мереке қарсаңында құрметті демалыстағы ардагерлеріміз Б.Бисұлтанов, К.Ким, М.Досанов, У.Юсупова, Б.Әлмұханов, Ә.Жадиков, Г.Өтемісова, З.Ақбергенова, А.Отарбаева, Г.Байтемірова, Н.Климова, А.Оразбакова, Н.Бутова, Р.Әлтаева, Қ.Тұяқбаев, А.Махсутов, Е.Калинина, А.Науатов, сондай-ақ әлі де арамызда еңбек етіп жүрген ардагерлеріміз Р.Алеева, Ш.Акчулакова, Б.Ахметова, А.Арапбаев, Г.Шырақбаева, К.Күмісбай, М.Сухамбердиев, Н.Бакибаев, К.Дурмухамбетовті атап өткім келеді.

Мемлекет бюджетін толықтыра отырып, еліміздің дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан әріптестеріме зор денсаулық, бақ-береке, отбасыларының амандығын тілеймін!

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Халима БҰҚАРҚЫЗЫ