Қамкөңіл жанға қамқорлық
Қамкөңіл жанға қамқорлық
268
оқылды
Жәрдемақы еңбек қабілеттігін жоғалту дәрежесі бойынша және бұрын бекітілген топтар негізінде беріледі. Мүмкіндігі шектеулі жандар денсаулығына байланысты бұрын бекітілген мүгедектік мерзімін қайта куәландыра алады. Мүгедектікке алғаш рет өтініш беруші жандар табанын тоздырмай тіркелуіне жақсы мүмкіндік. Алайда онсыз да жүріп-тұруы қиын мүмкіндігі шектеулі жандар үшін келіп-кетер пайдасы шамалы болса керек.  

Мүгедек жандардың жәрдемақысы өсті...

Жалпы, мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін жәрдемақы мөлшері күнкөріс минимумы мен республикалық бюджет туралы заңға сәйкес беріледі. Сонымен қатар мүгедектіктің себебі мен тобы да ескеріледі. Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігінің хабарлауынша, биыл жәрдемақы мөлшері екі рет өскен. «2020 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап инфля­ция­ның болжамды 5 пайыздық дең­гейін ескере оты­рып, жәрдем­ақы­­лардың жыл сайын­ғы кезекті индексациясы жүр­гізілген болатын. Осы жыл­дың 1 сәуірінен бастап, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 31 наурызда берген тапсыр­ма­сын орындау мақсатында мүгедек­тік бойынша берілетін мем­лекет­тік әлеуметтік жәр­дем­ақылар­дың мөл­шері жыл сайын 10 пайыз­ға ин­декстеледі» делінген Еңбек министр­лігінің ақпаратында. Сөй­тіп, мамыр айынан бастап мүгедек­тік бойынша мемлекеттік әлеумет­тік жәрдемақылар жо­ға­ры­латылған мөлшерде беріле бас­тады. Енді жәр­­де­мақының мөлшеріне тоқ­тал­сақ. I топ – 62 723 теңге, II топ – 49 983 теңге, III топ – 33 975 теңге, 16 жасқа дейін­гі мүгедек балалар – 45 736 теңге, І топтағы бала кезінен мүгедектер – 62 723 теңге, ІІ топтағы бала кезінен мүгедектер – 51 943 теңге, ІІІ топтағы бала кезінен мүгедек­тер – 39 202 теңгені құрай­ды. I және II топтағы мүгедектерге арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері – 4 140 теңге, III топтағы мүгедектерге – 1 778 теңге, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға – 2 667 теңге. Мүгедек ба­ла тәрбиелеп отырған адамдарға берілетін жәрдемақы 45 736 теңге мөлшерінде белгіленген. Ал бала кезінен I топтағы мүгедектің күтімі бойынша жәрдемақы –45 736 теңге. Коронавирус пандемиясына байланысты Төтенше жағдай ке­зінде мүгедектерге тамақ пен тұрмыстық пакет немесе 2 АЕК мөлшерінде ақшалай өтемақы берілді. 132 мыңнан астам мүм­кіндігі шектеулі жанға және мүгедек баланы тәрбиелеп отыр­ған отба­сыларға Birgemiz қо­ғамдық қоры­нан 50 000 теңге көлемінде ақшалай көмек те көрсетілді. Сонымен қатар мүге­дек­терге, мүгедек балаларды тәр­биелеп отырған отбасыларға, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен соғыс ардагерлеріне теңестіріл­ген адамдарға және басқа санаттағы азаматтарға 15 000 теңге көлемінде ақшалай өтемақы берілгенін де айта кеткен жөн. Алайда қазір­гідей қатаң карантин жағдайында, сонымен қатар мүмкіндігі шек­теулі жандар­дың үнемі қабылдауы тиіс дәрі-дәрмегін ескерсек қосымша көмек қажет екені айт­паса да түсінікті.  

Онлайн қызметтің мүмкін­дігін пайдалану маңызды

Елдегі эпидемиологиялық ау­халға байланысты медицина­лық-әлеуметтік сараптама жүргізу механизмдері қайта қарастырыл­ғанын айттық. Жұмыстар «Элек­тронды үкімет» веб-порталындағы электронды өтінім негізінде рег­ламенттелген. №109 бұйрыққа өзгерістер енгізіліп, мүгедектік мерзімін автоматты түрде ұзарту құқығы 1 сәуірден бастап берілді. Мүгедектікке қатысты кез келген сұрақ онлайн шешімін тапқаны жөн. Жыл басынан бері мүгедек­терге арналған әлеуметтік қыз­мет­тер порталы жұмыс істеп ке­леді. Онда мүгедектігі бар адам­дар­ға оңал­ту­дың техникалық құ­рал­дарын өндіруші мен жеткізу­шіні өз бетінше таңдауға мүмкін­дік бар. Мүгедектерді оңалту құрал­да­ры­мен қамтамасыз ету протездік-ортопе­диялық, сурдотех­никалық, тиф­лотех­ни­калық және гигиеналық құрал­дарды, сондай-ақ кресло-арба­­ларды ұсынуды қамтиды. Қазір­гі уақытта порталда оңалтудың техникалық құралдарының 55 түрі бар. Оның 24-і қолжетімді. Осы уақытқа дейін 3 мыңға жуық оңал­ту техникалық құралы бері­ліп­ті. Порталды пайдалану бо­йынша кеңестерді Call-орта­лық­тан 1411 нөмірі бойынша алуға болатыны айта кетейік. Осылай­ша, мүмкіндігі шектеулі жан өздерінің мүгедек екенін онлайн форматта дәлелдей алады. Қазақстанда жыл сайын 250 мыңнан астам азамат медици­налық-әлеуметтік сараптамадан өтеді екен. Мәселен, 2019 жылы мүгедектікті белгілеу және әлеу­меттік қорғау шараларын анықтау қызметін 251 909 адам алған. Ал біз сөз еткен жайттар тек карантинді сақтау мақсатында жүргізілген шаралардың бір парасы іспетті ғана көрінеді. Ал мүгедек­терді әлеуметтік қолдауды жетілдіру мен карантин кезінде көмек беру жайлы тиісті ведомстволар әзірге үнсіз.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=