Ел ғалымдарының үлесі
Наурыз айында Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша Қазақстанда да вирусқа қарсы вакцина жасау қолға алынған болатын. Бұл тапсырма Ұлттық биотехнология орталығы мен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтына жүктелді. Ұлттық биотехнология орталығы қаңтар айында 6 күннің ішінде вирусты анықтайтын тест жасап шығарғанын жария еткен болатын. Маусым айына дейін ұжым 11 мың тест дайындап үлгерген. Қош, ол бір жөні бөлек мәселе. Ал вакцина дайындау оңай іс емес. Тек жекелеген кезеңдерінің өзі ұзақ уақытқа созылады. Қазір Қазақстанда осы мәселемен 12 ғылыми ұйым айналысып жатқан көрінеді. Оған 4,5 мыңға жуық қызметкер жұмылдырылған. Оның 1 300-і ғылыми атағы бар мамандар екен. Жуырда еліміздегі ғалымдар бірлесіп, вирусқа қарсы дайындаған вакцинасын тышқандарға сынап көрген. Ғалымдар сынақтың сәтті өткенін хабарлап отыр. Алайда бұл сынақтар қыркүйек айына дейін жалғасады. Содан кейін ғана клиникалық зерттеулерге көшу жоспарланған. Ал Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының жанынан құрылған Ғылыми білім беру орталығының директоры Хайролла Әбеуов вакцинаны дайындауға 1 жылдан астам уақыт қажет екенін айтты. – Вакцина жануарларға жасалды. Сосын вирусқа шалдықпаған ерікті адамдарға салынады. Зерттеуге қатысқан адамдарға ақы төленуі мүмкін. Өйткені сынақ өте маңызды. Вакцина жасаудың бірнеше кезеңі бар. Кандидаттық штаммды алу, дайындау технологиясын құру, сынақ қауіпсіздігі сияқты мәселе көп. Сондықтан биологиялық процестерге байланысты зерттеуді жылдам жүргізу мүмкін емес, – дейді маман.Вирус мутацияға ұшыраған ба?
Биыл көктемде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа қарсы вакцинаны дайындауға кемі 6 ай уақыт қажет деп болжаған еді. Бірақ осы тұста тағы бір мәселе жол тосқандай. Себебі вирустың мутацияға ұшырап кету қаупі барын мамандар ескертіп жатыр. Демек, вакцина дайын болған күннің өзінде вирус өзгеріске ұшырап үлгерсе, дайындалған вакцина қажетсіз болып қалады. Қазір Қазақстанда корнавируспен қатар пневмонияның өршуі соның бір дәлелі болуы мүмкін. – Вакцинаны тексеру, сынақтан өткізу – өте күрделі мәселе. Ең бастысы – ол қауіпсіз болуы тиіс. Жауапты кезең – клиникалық кезең болмақ. Яғни, еріктілерге сынақ жүргізу. Ол сәтті өткен күннің өзінде, 1 жыл демеймін, 2 жыл уақыт қажет. Толық сенімді болу үшін. Бұл аурудың 90 пайызы жеңіл түрде өткендіктен, вакцинациялау дискурсияны қажет етеді. Бұл індет адамдар үшін толық түсініксіз. Ал вирус мутацияға сәл де болса ұшырағаны анық, бірақ әлі де өзгереді. Қорытындылайтын болсақ, болжам жасаудың өзі өте қиын. Ешкім дөп басып айта алмайды, – деді Президент Іс басқармасының медициналық орталығы, нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Мыңжылқы Бердіқожаев.Әлемдегі сынақтар
Өзге елдер де әлемді дүрліктірген кеселдің алдын кесетін екпені ойлап табудың қамына ерте кіріскен. Мамыр айында Италия ғалымдарының коронавирустың күшін әлсірететін вакцина ойлап тапқаны жайлы ақпаратты Daily Mail басылымы таратып еді. Вакцина алдымен зертханада тышқандарға жасалып, тексерілген. Сонымен қатар тышқандардан антитела анализін алған. Зерттеу барысында антителаның COVID-19-ды зертханалық жағдайда өлтіре алатыны анықталған. Ал бұл вакцина адамдарға тек күзде салына бастауы мүмкін. Ал Ресейде вакцина еріктілерге салынғаннан кейін күзде ресми тіркелмек. Бұл жайында 14 мамыр күні «Вектор» ғылыми орталығының бас директоры Ринат Максютов президентке берген есебінде мәлімдеген. Максютовтың айтуынша, жақын арада вакцинаның клиникаға дейінгі зерттеу жұмыстарын жүргізу басталмақ. Бұл кезең шілде айында аяқталады. Одан соң 300 еріктіге салынып, клиникалық зерттеумен жалғасады. COVID-19-ға қарсы вакцина табылған жағдайда әлем бойынша тегін болуы мүмкін. Бұл туралы БҰҰ бірлескен бағдарламасының ресми сайтында хабарланған. Онда әлем бойынша 140-тан астам сарапшы мен мамандардың коронавирусты емдеу мен тексеру жұмыстарының барлық жерде тегін болуын сұрап ашық хат жазғаны айтылған екен. Түйін:Қайткен күнде де, адамзат алдындағы қазіргі міндет – індетті толық ауыздықтау болып тұр. Вакцинаны дайындауға ұзақ уақыт кететінін айттық. Ал мутация қаупі тағы бір түйткілді қозғап отыр. Сондықтан адамзат үшін әзірге вакцинадан бұрын жеке бас гигиенасын сақтау маңыздырақ секілді.
Мадияр ТӨЛЕУ