Америка Құрама Штаттарының радиостанцияларында Димаш Құдайбергеннің әндері тұрақты беріліп келеді. Бұл туралы dimashnews.com сайты хабарлайды.
Биылғы 28 мамырда «KMRD-LP.FM» радиостанциясы Димаштың әнін алғаш қойған күні аталмыш радио тыңдармандарының саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Қазақ әншісінің жанкүйерлері эфирді АҚШ-тың түкпір-түкпірінен тыңдаған.
«KMRD» – Мадридтегі (Нью-Мексико) танымал радиостанция. Онда штатқа әйгілі жалғыз диджей Трифтидің (DJ Thrifty) бағдарламасы таралады. Бағдарлама күн сайын тау уақытымен сағат 21:00-де (Нұр-Сұлтан уақытымен 9:00-де) әуе толқынына шығады. Қазақстандық орындаушының дауысына тамсанған диджей Трифти: «Расымен де, Американың радиоэфирлерінде бұл жігітке аз уақыт бөлінеді екен, ұзарту керек», – деген. Содан бері диджей Трифти өз бағдарламасына Димаштың әндерін тұрақты түрде қосып келеді», - делінген сайттағы ақпаратта.
Сондай-ақ Техастағы «Dimash USA Fan Club Texas State» фан-клубының лидерлері осы штаттағы радиостанциялармен байланысқа шығып, Д.Құдайбергеннің әндерін қосу туралы ұсыныс жасаған. 18 маусымда Техас штатындағы «KKDA 730 AM» (DKnet.com) радиосының диджейі Кан Йери қазақстандық орындаушының «All by Myself» әнінің кавер-нұсқасын эфирге берді.
Бүгінде Американың радиостанцияларында Димаштың «SOS d’un terrien en détresse», «All By Myself», «Give Me Your Love», «Jamaica», «Лейла», «Любовь уставших лебедей», «Across Endless Dimensions», «Love is Like a Dream», «Сағындым сені» және «Be Happy» секілді әндері қосылды.
Бұған дейін Димаш Құдайбергеннің әндері Испания, Латвия, Грекия радиоларынан беріле бастаған болатын.