Аз уақыттағы ауқымды жұмыс
Аз уақыттағы ауқымды жұмыс
187
оқылды

Үкімет жетекшісі Асқар Мамин Түркістан облысына жасаған жұмыс сапарында Арыстағы құрылыс жұмыстарын тексеріп, қаланы қалпына келтіру жөнінде кеңес өткізді. Премьер-министр әскери қалашықтың тұрғын аймағын қарап шыққан соң И.Журба атындағы мектеп, қалалық аурухана мен теміржол вокзалы, сондай-ақ тұрғын үйлерді қалпына келтіру, орталық ста­дионды реконструкциялау жұмыстарының нәтижесімен танысты.

Қысқа мерзімде Арыс қала­сында ауқымды жұмыс атқа­рыл­ды. Қаланың 90 пайызы, со­ның ішінде, тіршілікті қамта­масыз ететін нысандар мен ин­фра­құрылымдар қалпына кел­тірілді. 6,5 мыңнан астам тұр­ғын үй қалпына келтіріліп, 6,5 мың от­басы жөнделген үйлеріне кірді. Барлық инженерлік инфрақұ­ры­лым толық жөндеуден өткізілді. Көшелер ауқымды түрде ре­конс­трукцияланды. 62 әлеуметтік нысан, соның ішінде – ауруха­налар, мектептер, балабақшалар, спорт нысандары 20 тамызға дейін дайын болады.

Қорғаныс министрі Н.Ер­мекбаев, Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Білім және ғылым министрі А.Аймағам­бе­тов, Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаев, Түркіс­тан облысының әкімі Ө.Шөкеев, «Самұрық-Қазына» жылжы­май­тын мүлік қоры басқарма төра­ғасы Б.Сандықбаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары О.Ордабаев өздері жетекшілік ететін бағыттар бо­йынша баяндама жасады.

Кеңес барысында өңірлердің, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шым­кент қалаларының басшы­лары да сөз сөйледі.

«Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Н.Назарбаев және Мемлекет басшысы Қ.То­қаевтың тапсырмасы бойынша Арыс қаласын қалпына келтіру мақсатында еліміздің барлық өңірі, ұлттық компаниялар, ірі бизнес өкілдері белсенді түрде атсалысты. Бір ай ішінде ауқым­ды жұмыс атқарылды. Қаланы қалпына келтіруге 10 мыңнан астам құрылысшы қатысты», – деген Үкімет басшысы Арыс қаласын қалпына келтіруге араласқан, көмек қолын созған отандастарға, бизнес, әкімдік өкілдеріне, құрылысшыларға алғыс білдірді.

Кеңесті қорытындылаған ол қаладағы негізгі құрылыс жұ­мыс­тары аяқталғанын айтып, тиісті министрліктер мен ведом­стволарға бірқатар нақты тап­сырмалар берді.

Айта кетсек, қазіргі таңда зардап шеккен бір қабатты 7 516 жеке үйдің 6 611-і немесе 90 па­йызы жөндеуден өткізілді. Қал­ған бір қабатты 905 жеке үйді жөндеу жұмыстарын 10 тамызға дейін аяқтау қажет. Көпқабатты 67 үйді қалпына келтіру жұмыс­тарын 20 тамызға дейін аяқтау керек. Барлық 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіру 20 та­мызға дейін бітуі тиіс. Осыған орай, штабтардың жұмысы 20 та­мызға дейін жалғасады.

Өңірлер бекітілген сектор­ларындағы нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын аталған мерзім ішінде толығымен аяқ­тауды қамтамасыз етуі тиіс. Әсі­ресе, Нұр-Сұлтан қаласы және Алматы облысы бекітілген сек­торларында жұмыс қарқынын күшейтіп, құрылыс барысын қатаң бақылауға алуы қажет.

Түркістан облысының әкімі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, Арыс қаласының және қала ма­ңындағы елдімекендер тұрғын­да­рына бір реттік өтемақы төлеу жұмыстарын толығымен аяқтауы тиіс.

Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрлігі «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлік пала­тасымен бірлесіп, қаланың барлық коммерциялық нысанын қалпына келтіру жұмыстарына нүкте қоюға міндетті.

Қорғаныс министрлігі бекі­тілген Жол картасы бойынша қоймалардағы қару-жарақтарды шығаруды жүйелі түрде қамта­масыз етіп, Түркістан облысы­ның әкімдігімен бірлесіп әскери қалашықтағы әскерге қатысы жоқ 58 отбасының мәселесін пысықтауға міндеттелді.

А.Мамин Арыс қаласының тұрақты тыныс-тіршілігін қам­тамасыз ету үшін барлық күш-жігерді жұмылдырудың қажетін айта келе, «Үкімет Елбасы мен Мем­лекет басшысының тапсыр­масы бойынша Арыс қаласының одан ары даму мәселесін бақы­лауда ұстайтынын» жеткізді.


Айдана БЕГІМ