Коронадағдарыс: зардабы мен салдары
Коронадағдарыс: зардабы мен салдары
415
оқылды
Президенттің айтуынша, бюджетті Ұлттық қордағы трансферттер ғана ұстап тұр. Жыл басынан бері Қазақстан экономикасы 1,8 пайызға түсіп кеткен. Қызмет көрсету саласы 5,6 пайыз қысқарған. Жыл соңына дейін инфляция 11 пайызға жетуі мүмкін.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарыс күшейетінін ашық мәлімдеді. Шыны керек, жағдай жақсы емес. Standard & Poor's, Moody’s, Fitch Ratings сынды ең беделді әлемдік рейтинг агенттіктері, Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры сияқты ұйымдардың ешқайсысы көңіл көншітетін бол­жам айтпайды. Бәрі де бір­ауыз­дан жаһан экономикасы үлкен рецессиямен бетпе-бет кел­­ге­нін растайды. Қазірдің өзін­де ғаламда коронадағдарыс болып жатыр. Бұл құбылыс, әрине бізді де айналып өтпейді. Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қоры биыл Қазақстан экономика­сы минус 2,7-3 пайыз құлдырайды деп топшылайды. GSB UIB директорының орынбасары Мақсат Халықтың пікірінше, жалпы ішкі өнімнің бұлай төмендеуі бізде соңғы 22 жылда болмаған. – Тіпті, мына 2014, 2015, 2016 жыл­дары еліміз бастан кешкен үлкен дағдарыстар кезінде эконо­мика 1 пайыз өсті. Одан кейін 2007-2009 жылдары әлемде алапат дағдарыс болғанда, 2009 жылы Қазақстан экономикасы­ның өсімі 1,2 пайызға жетті. Ми­нус көрсеткіш Қазақстанда тек 1998 жылы ғана болған, – дей­ді экономист. Төтенше жағдай кезінде екі айдан астам үйде отырып, 4,5 млн азамат табысынан айырылды. Қазақстанда еңбекке жарамды 10 млн-ға жуық адам бар. Демек, халықтың жартысы екі ай бойы жұмыс істеген жоқ. Сәйкесінше, екі ай бойы еңбек өнімділігі бол­май, экономика кері кетті. Бүгін­де көптеген компания қыз­метін толық тоқтатқан. Біразы­на уақыт жағынан шектеу қойылды. Ха­лық­тың табысы азайды, бұл еңбекақы қорына бірден әсер етеді. Жалақы төлей алмайтын жұмыс беруші жұмысшыларын ақысыз демалысқа жібереді немесе мүлдем босатады. – Жақында бір аудиторлық компанияның мәліметі жария­лан­ды. 300 мың кәсіпкерлік субъекті қызметін доғарыпты. Бізде 1 млн субъекті пандемиядан қатты зардап шеккен. Олар банкротка ұшыраса, қаншама азамат жұмыссыз қалады. Елдің шаруасы күйзеледі. Дәтке қуат қыларымыз – мұнай бағасының 40 доллар маңайында тұрғаны. 30 доллардан түссе, мұнай өзіндік құнын ақтамайды. Бюджеттің кірістілігі нашарлайды, – дейді экономист Мақсат Халық. Ал Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықовтың пікірінше, бұл – экономикалық проблема емес, вируспен күресу­дің жолдарын таппай жатқан­дық­тан туындаған мәселе. – Мұнайдың бағасы құлауына індет әсер етті. Жер шарында миллиондаған адам карантинге жабылды. 2020 жылдың наурыз айында дүниежүзі экономикасы тоқтады. Мұнайға сұраныс азай­ды. Мамырдың басында 270 млн баррель мұнай өнімі мұхит­тың бетінде танкерлермен қалқып жүрді. Кейінгі кезде сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдігі реттеле бастады, бірақ жартылай ғана. Көп мемлекетте карантин режимі қайта енгізілді. Дағдарыс қашан аяқталарын ешкім біл­мей­ді. Бүгінгі 40 доллар деген баға тиім­сіз. Баға 50 доллардан ас­пайын­ша банктер инвестор­лар­ға ақша бермейді, өз кезегінде инвестор­лар мұнай нарығына ақша салмайды, – дейді экономист. Мәселенің маңызын қадап түсіндірген Мемлекет басшысы ірі шенеуніктер жазда еңбек дема­лысына шықпайтынын жеткізді. Коронадағдарысты соғыс жағ­дайына теңеген Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің екінші Жолдауында экономикалық серпінге бастай­тын жаңа шараларды ұсынатынын атап өтті. Сондай-ақ Президент экономикасы шикізаттық сипат­қа ие Қазақстан үшін дағдарыс өте қауіпті екенін ескертті және «елге дамудың жаңа бағдары керек», – деді. – Күмәнді стратегиялар мен бағдарламаларға ақша мен күш жұмсауға қақымыз жоқ. Ұлттық эко­номиканың тиімділігі мен бәсе­кеге қабілеттігін арттыру мақ­са­тында құрылымды рефор­ма­лар жүргізетін кез келді, – деді Мемлекет басшысы. Экономист Мақсат Халық бұл жаңалықты қуана құптайды. Дағдарысқа қарсы бағдарлама қажет-ақ. Онсыз қайда бет түзеу­ден бейхабар жүйесіздік пен жүгенсіздік белең алады. Бірақ оның тетіктері тиімді жүзеге асырылса ғана экономика тұрала­май­ды және үлкен шығындардың алдын алуға мүмкіндік туады. – Бұған дейін мемлекет тара­пы­нан жақсы қадамдар жасалды. Қазір Үкімет коронавирус дағда­ры­сымен күресуге 6 трлн теңге кө­лемінде пакет бөліп отыр. Бұл – аз қаражат емес. 1 трлн шағын және орта бизнесті қаржылан­ды­ру­ға жұмсалмақ. Бұл да – оң қадам. Көптеген кәсіпкер комму­нал­дық төлемдері мен несиелерін төлей алмайды. Батыс Еуропада кәсіпкерлерге көмек ретінде ең­бека­қы қорының 50-70 пайызына дейін мемлекет көтеріп жатыр. Қазақстан тым құрығанда сол шығынның 30 пайызын жапса, елді жұмыссыздық жайламас еді, – дейді сарапшы. Коронадағдарыс кезінде Үкімет халықаралық институт­тардан ақша іздеуде. Наурызда Қаржы министрлігі сыртқы на­рық­тан 3 млрд доллар алу жос­парын айтқан. Бірақ кейін бұл идеядан бас тартты. Маусымның соңында Азия даму банкі коро­навирустың қоғамға, эконо­микаға,  денсаулық сақтау сала­сына кері әсерін азайту үшін миллиард доллар пакетті ма­құлдағанын хабарлады. Ма­мандар осы ақшаны оңтайлы игеріп, тиімсіз шығындарды қыс­қартып, ұзақмерзімді жоба­ларды, түрлі форумдарды, концерттер мен отшашуларды уақытша доғарып, үнемделген қаржыны әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмылдыру керек деп пайымдайды. – Тәуелсіздік кезеңінде 5-6 экономикалық дағдарысты өз көзіммен көрдім. Біз оның бәрін азаматтық құрылыс пен жол салу арқылы еңсердік. Үкімет бұл жолы да тура сол бағдарды ұстана­тын сияқты, – дейді экономист Рашид Жақсылықов. Бір ескеретін нәрсе, біздің Ұлттық қорда 57,5 жарым млрд доллар бар. Мемлекет осы уа­қытқа дейін дағдарысқа қарсы пакетке 10 млрд доллардай бөліпті. «Демек, бұдан бес есе ауыр қиындықты да еңсеретін қауқарымыз бар» деп санайды сарапшылар.  

еркебуланЕркебұлан НҰРЕКЕШ