Түркістан тарихына қатысты қолымызға түскен кез келген анықтамалықты ашып қарасақ «Түркістан – V-VІ ғасырларда іргетасы қаланған қала» деген ақпаратты оқимыз. Расында, солай ма? Қадыми Түркістан тарихын Орталық Азияда ортағасырларда пайда болған Түрік қағанаттарының тарихына байлап қойған кім? Бұл советтік-орыстық тарихнаманың бізге көп жылдар бойы үйретіп келген шаблоны емес пе? Ортағасырлар да, мемлекет те, феодализм де Түрік қағанаттарынан басталады деген ұғым біздің миымызға әбден орынғып қалған. Ал оған дейінгі Ұлы дала тарихын, сол тарихтың барын дәлелдейтін мың сан деректі қайда қоямыз? Бүгінгі күні көне замандардан бері Орталық Азия өркениетінің алтын бесігі болған қасиетті Түркістан қаласы құрылыс алаңына ұқсайды. Қала заманауи қайта жаңғырып жатқанда оның ежелгі тарихына тағы бір барлау жасап қойсақ, артық болмас.
Түркістан аймағында қызмет атқарған археологтар бұл өңірдің тарихы тереңде жатқанын дәлелдеген. Басқасын айтпағанда, қазақ жеріндегі ерте тас дәуірінің тұрақтары Қаратаудың екі жағында да аз емес екендігін дәлелдеген Х.Алпысбаевты атасақ та болады. Түркістан қаласының айналасындағы Шоқтас, Қошқорған сияқты Тас дәуірі ескерткіштері бұл өңірде әуелгі адам, кем дегенде, 550 мың жыл бұрын мекен еткенін көрсетеді. Біздің өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық музейімен бірге Таңбалы жар маңында жүргізген зерттеулеріміз неолит, яғни жаңа тас дәуірінің үлкен тұрағын анықтады. Кезінде Әлкей Марғұлан да Бетпақдаланың екі жағында да заманымыздан бұрынғы ескерткіштер, соның ішінде неолит пен қола дәуірі, мол екенін жазған болатын. Дегенмен Түркістан қаласының тарихын біз сол неолитпен немесе қола дәуірінің тарихымен байланыстыра аламыз ба? Біздің ойымызша, байланыстыруға болады және ол үшін бірталай деректер де бар.
Адамзаттың ежелгі дәуірінің тарихында жұмбақ көп. Атақты неміс мәдениеттанушысы К.Ясперс осыған орай: «Адамның қалыптасу тарихы ең терең құпия, біз оны әлі күнге дейін түсінбей келеміз» деп өте тауып айтқан болатын. Қазақстан жеріне ең ежелгі аталарымыздың қай жақтан келгені анықталған жоқ, мүмкін, Оңтүстік-Шығыс Азиядан, мүмкін, Кіші Азиядан келген болар деген жорамал бар. Сонымен қатар адамзат баласының қалыптасу процесіне Орталық Азия өзінше үлес қосты дейтін біздің ғылыми болжамымыз бар. Оның бір көңілге қонатыны – Homo sapiens күрделі табиғи ортада, Оңтүстік пен Солтүстік арасындағы континенталды ауа райында қалыптасуы мүмкін, ауа райы мен табиғат сол жерді мекендеген адамдарды тәрбиелейтіні, ақыл-ойын дамытуға мәжбүрлейтіндігі белгілі.
Неолит дәуірінде бүкіл Қазақстанның территориясын аңшылық өмір салтынан жылқышылыққа, ежелгі металлургия мен егіншілікке өте бастаған тайпалық одақтар тығыз қоныстанды. Оның бір белгісі біздің заманымыздан бұрынғы 12-10 мыңжылдықтарда орын алған «Топан су» әңгімесінің Түркістан өңірінде сақталуы дейміз. Жер шарын мекендеген мыңдаған этностардың ішінде бірнешеуі ғана өз жұртынан Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған тауды көрсете алады: арабтар – Жуды тауын, яхудилер (еврей) – Сион тауын, армяндар – Арарат тауын, ал қазақтар – Қазығұрт тауын. Тас дәуірінің соңына қарай халық санының өсуі қазақ жерінен басталған бірнеше қоныс аударуға жол ашты. Олардың ішінде шығыс деректері шумер тайпаларының Оңтүстік Азияға бағытталған миграциясын жиі атайды. Шығыстың егіншілік оазистеріне алғашқы болып өте ерте замандарда келген шумерлер Ежелгі Қосөзен т.б. өркениеттерін құрды (Шумер, Мысыр, Мохенджо-Даро). Миграцияның екінші толқыны б.з.б. ІV-ІІІ мыңжылдықтар соңында үнді-еуропалық қауымдардың ыдырауымен байланысты. Үнді – еуропалық тайпалар Еуразия кіндік даласынан Еуропаға (фракиялықтар, кельттер және т.б), Кіші Азияға (хеттер және т.б.) бет алады. Кейін бұл қозғалыстарға грек, герман (массагет) тайпалары қосылды. Еуразия құрылығының тарихында бұрын-соңды болмаған құбылыстар туды.
Түркістан өңіріндегі қалалық мәдениеттің көне тарихы да осы кезеңмен байланысты деген пікірдеміз. ХVІІІ ғасырдың ортасына қарай Ресейдің қазақ сахарасындағы саясатына жауап берген адамдардың бірі П.Рычков Түркістанға қатысты шығыстың ескі мәліметтерін көп жинап, бұл өңірдегі қалалардың көне дүниенің ескерткіші екенін жазады: «Түркістан мен оның аймағындағы жерлердің көнелігі жағынан барлығынан да алда екенін айтқанымыз жөн; себебі Түркістан қаласы татарлардың тарихи шығармаларында Бұхара қаласынан көп бұрын салынған деп айтылады, айтуларына қарағанда ерте замандарда билік осы қаладан басталған және бүкіл Азияға тараған. Орынборда өмір сүретін ахун осы қаланы Яфеттің ұлы Түріктің немерелері салды және сол тұста атын да алды дейді, сол себепті сол аймақтағы қалалар, тіпті Үндістан мен Қытайға дейінгі, атап айтсақ: Кашкар, Табат, Еркень, Ходжант, Ташкент, Мартикан, Фантак, Янгы, Хасар, Хитяк, Утрар, Сабран, Барзягин және басқалары Түркістан билігіне қарап тұрған. Осы аймақты олар ескі заманда Яссы деген атаумен де атаған, ол Түркістаннан да кәрі делінеді. Осы мағлұматтардың барлығын жоғарыда аталған ахун арабша және татарша кітаптардан көшіріп алған».
Жоғарыдағы деректерде аталатын Яссы қорғаны қазіргі күні Ахмет Ясауи кесенесінің алдындағы Күлтөбе. Көне тарих осылайша жаңа заманның қасиетті ғимаратымен астасып, рухани тамырлармен жалғасып жатыр. Осы төбенің жоғары қабаттарындағы археологиялық қазбалар біздің жыл санауымызға дейінгі бірталай уақыт мөлшерін береді. Қорғанның орналасқан жері Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай 350 метр жерде. Биіктігі 9 метрді құрайтын ауқымды төбешік сопақша пішіндес. Біздің ойымызша, Күлтөбе қорғанының төменгі қабаттары қазіргі жыл санаумызға дейінгі екінші, тіпті үшінші мыңжылдыққа қатысты деректерді берсе керек. Себебі, П.Рычковқа ақпарат берген ғұламалар Түркістанды Бұхарадан гөрі көне қала, өркениет пен мемлекет осы Түркістаннан басталады деп отыр. Ал Бұхара қаласының іргесі б. з. б. 1-мыңжылдықтың орта шенінде қаланған. Бір қызығы Әзіреті Сұлтан күмбезіне таяу орналасқан қасиетті Күлтөбе, ежелгі тарихтағы Яссы Әз Тәуке хан заманында да ел басшыларының бас қосып, «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деп мемлекет ісін талқыға салатын қасиетті қара орын қызметін атқарды.
Түркістан қаласының солтүстік-батысына қарай 25 шақырым жерде, Қаратау бөктерінде Қарнақ аталатын көне қалашық тарихы да бізді көне заманға жетелейді. Кезінде бұл жерде А.Бернштам, Г.Пацевич, Е.Агеева сияқты археологтар қазба жұмыстарын жүргізді, бірақ белгілі бір қорытынды шығара алмады. Археологтардың бір тобы Қарнақты ортағасырлық Ишкент деп жорамалдаса, екіншілері Қарнақты Әмір Темір әулеті тұсында салынған деп тұжырым жасады. Біз бұл пікірлер қаланың ең төменгі қабаттары әлі де зерттелмегендіктен, туындаған үстірт жорамал деп білеміз. Қарнақтың тарихи қала екендігі, ол жерде оғыздар мекендегені ХІ ғасырда қалам тербеген М.Қашқари сөздігінен белгілі. Біздің ойымызша, Қарнақ ерте заманда ғылым мен білімнің дамыған гүлденген үлкен қала болып кейін біртіндеп құлдырай бастаған.
Түркістан аймағында «нақ» жалғауымен Қарнақтан басқа Шобанақ, Суғнақ (Сығанақ), Тошанақ, Шорнақ, Жүйнақ (Жүйнек) қалашықтары кездеседі. Түркістан аймағында «жеті нақ өзара жерасты жолдарымен жалғасқан, жау шапқанда ел бір қаладан екіншісіне жан сақтап кетіп отырады екен» деген аңыз бар. Қазіргі күні осы қалалардың арасын қосқан жерасты жолдары табылып та жатыр және болашақта тарих үшін де, туризм ісі үшін де керемет нысан болады деп сенеміз. «Нақ» жалғауы қазақ тіліндегі «нақты» деген ұғыммен байланысты. Егер бұл сөздің тамырын қуалайтын болсақ, онда тым ерте, яғни біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-ІІ мыңжылдықтардағы ариан-тұран халықтарының сөздік қорындағы «нақ» сөзіне барып жалғанатынын анықтаймыз. Неміс тарихына қатысты деректерден «Дранг нах остен», яғни «Нақ Шығысқа қарай» деген сөзді кездестіреміз. Сонымен «нақ» сөзінің көне мағынасын қабылдасақ, Суғнақ – суға жақын қала, Тошанак – тасқа жақын қала, Қарнақ – Қаратау баурайындағы елдімекен. Оның алғашқы түпнұсқасы «Қара нақ» болса керек деген пікірдеміз. Қара (Хара) – бұл жерде Қаратаудың көне заманнан бергі атауы. Ең бастысы, біз осы атаудың этимологиясын іздеу барысында Францияның батыс аймағы Бретаньда орналасқан Қарнақ атты көне қорымның, Мысырдың оңтүстігінде, Ніл дариясының бастауында тұрған Қарнақ ғибадатханасының тарихы өзіміздің Түркістан алқабымен, Қасиетті Қаратау мен Сырдария жағалауымен байланысты екенін аңғарамыз. Біздің жыл санауымызға дейінгі ұлы көштердің заманында Қарнақ атауы Түркістан өңірінен Еуропаға да, Африкаға да барып қалғанына дау болмаса керек.
Түркістанның шығыстағы қақпасы болып саналатын Сайрам тек қана Орталық Азия емес, жалпы Еуразия құрылығындағы ең көне қалалардың бірі. Әлем халықтарының тарихын алғаш бір жүйеге түсірген атақты Рашид ад-Дин «Жамиғ-ат тауарихта» Сайрам тарихын қазақ «Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш» дейтін Алаша хан заманымен, яғни жылқышылық өркениеті басталған энеолит дәуірімен байланысты баяндайды: «…түріктер Яфетті Абулджа-хан (Алаша-хан) деп атады және қазір де солай атап келеді және осы Абулджа-ханның (Алаша-хан) Нұқтың не ұлы, не немересі екенін анық біле қоймайды, бірақ соның әулетінен екеніне және уақыт жағынан соған жақын екендігіне келгенде олардың барлығының да жауаптары бір. Бүкіл моңғолдар, түрік тайпалары және барлық көшпелілер (мәтінде: далада өмір сүрушілер) соның әулетінен тарайды. Осы мәселенің анық-қанығын былай түсіндіреді.
Абулджа-хан (Алаша-хан) көшпелі болған; оның жазғы жайлауы керемет үлкен және биік таулар болып табылатын Ортағ және Қазтағ, сол шамада Инандж (Жұбан ана – Ж.А.) атты қала болған. Абулджа (Алаша) ханның қысқы қонысы да сол маңайда болған, Бурсук (Борсық құмы – Ж.А.), Какьян және Қарақұм, оны Қарақорым деп те атайды, аталатын жерлерде. Осы жерге жақын Талас және Кары-Сайрам сияқты қалалары орналасқан.
Соңғы қала өте көне және тым үлкен. Осы қаланы көргендер, оның бір шетінен екінші шетіне жету үшін бір күн жүру керек және оның қырық қақпасы бар дейді. Бүгінгі уақытта онда түрік-мұсылмандар мекен етеді....» .
Содан бері Сайрам аты да сан алуан өзгерді, оны бірде Исфиджаб десе, бірде Мадинат әл-Байзо, бірде Ақ шаһар, бірде Орынкент деп атады. Сайрамның қасиетті орындары, осы жерде туып-өскен ғұламалар туралы аз жазылған жоқ, солардың ішінде Мирахмад Мирхолдар ұлы жазған «Сайрам тарихи» кітабы да бар. Ол ескі деректерге (рисола) сүйеніп бұл жерде ерте замандарда Ыдырыс пайғамбар сәжде қылған, Қызыр пайғамбардың ізі қалған, Иса пайғамбар мен Нұқ пайғамбарлар жүрген, Ануширван Әділ билік жүргізген дейді.
Қола дәуірінің тарихы баяндалған «Авестаның» қасиетті гимндерінде де Түркістан өңіріндегі қалалық мекендер мен Қаратаудың теріскей жағындағы шұрайлы жайылымдар туралы айтылған. Көптеген ғасырлар бойы Қаратау беткейлерінде абыздар ариан, тұран, қиян тайпаларының тұрақтарында Зәрдүш ілімінің қасиетті мәтіндерін жаттап, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткізіп отырған. Біз Зәрдүш атауынан ежелгі Күнге табынушылықты, Күнді қасиеттеуге байланысты пайда болған «Жар» (Жарықтық, Жаратушы) ұғымын көреміз. Солтүстік Қаратеңіз жағалауларынан Алтай мен Шығыс Түркістанға дейінгі, Орал тауларынан Парсы (Иран) таулы қыратына дейінгі орасан зор кең далада мал баққан бұл тайпалар Еуразия өркениетінің негізін салды. Арийлердің арғы отаны деп кітапта «Арианам Вайджа», яғни арийлер кеңістігі, Еділден (Ранха) шығысқа қарай созылып жатқан азиялық ұлы дала аталады. Датья мен Ардви (Сырдария мен Әмудария) терең өзендерімен суарылып жатқан Арианам-Вайджа жері тек арийлердікі ғана болмаған. Мұнда арийлердің бірде дұшпан, бірде дос болатын турлар мен қияндар да мекендеген. Қазақтың кең даласында бірдей ежелгі құдайларға – құдайлар пантеонына табынатын, бір жерде туған, сол жерді отан деп аңсаған арий, тур, хьоналардың тайпааралық соғыстарының қым-қиғаш тарихы өрледі. Жер бетіндегі алғашқы дін Зороастризмнің (Зәрдуш) негізін салушы Заратуштра М.Бойстың айтуы бойынша: «Б.з.б. 1500-1200 жылдар аралығында өмір сүрген. Осы кезеңде Ұлы дала мәдениеті гүлдену үстінде болған, оны «дала ренессансы» деп атауға болады».
Бұл үзік-үзік мәліметтер күрделі этнотарихи үрдістердің бейнесін толық ашып бере алмайды. Дегенмен ұлан-ғайыр дала кеңістігінде болған мемлекеттерге, маңызды оқиғаларға, үлкен тұлғаларға барлау жасауға мүмкіндік береді. Бұл бетбұрыс дала металлургиясының дамуына байланысты болды. Түсті металл өндірудің көптеген орталықтары дала аймақтары шекарасынан шығып Шығыс Қазақстан мен Алтай тауларын, Оңтүстік Сібір мен Солтүстік Қазақстан, оңтүстігінде Бетпақдаланы да қамтиды. Ұлы далада өндірілген түсті металл, соның ішінде жез Түркістан (Яссы) және Жанкент (Жезройн) арқылы әлемге тарап жатты. Қоғамда кен өндірісімен, құрылыспен айналысатын, қыш заттарын дайындайтын қауымдар қалыптаса бастайды. Ірі өнеркәсіптік мамандану және мал санының өсуі мәдени дамудың негізін салады. «Авеста» кітабында Сайрам аты аталады. Қаңлы елінің қысқы қонысы осы жерде болды, соның дәлеліндей, Сайрамда «Қаңқа» аталған «жой» болды дейді жергілікті өлкетанушылар.
Сонымен қазіргі күні Түркістан шағын қала болғанымен ертеде үлкен қалалық аймақтың орталығы болғаны сөзсіз. ХVІІІ ғасыр саяхатшылары Түркістан маңында 32 қалашық бар дейді. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы шежіресінде Түркістанды «Қырық қақпалы Қарашық» деп атайды, қазіргі уақытта Қарашық Түркістаннан Қаратауға қарай орналасқан орташа қалашықтардың бірі. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы «Түркістан һәм қадимнен келе жатқан зор шаһар еді: бір шеті Алатауда, бір шеті Қаратауда. Осы күнде Сайрам суының күнбатысында «Ат бұлағы» аталатын жер ат базары еді, Түркістанның күнбатысында «Теке суы» деген жер қой базары еді» деп бастайды Түркістан баянын. Біздің ойымызша, әуел баста Қаратаудың күнгейінде орналасқан орталығы Түркістан болған бүкіл қалалық аймақ Қарашық аталған. Бұл мегаполисті айнала қырық қақпалы қорған болуы әбден мүмкін деген ойдамыз, әйтпесе, қырық қақпа орта ғасырлардың ең үлкен қалалары атанған Бағдат пен Бұхарада да болмаған.
Түркістан өңірінің одан бергі тарихы белгілі десек те болады, тек көне түрік заманын Қарахан өркениеті сияқты ғаламат құбылыспен байланыстыра қараған жөн. Себебі Қарахан мемлекетінің саяси дәстүрлері де көне замандардан өз бастауын алады, олардың билеуші әулеттерінің тіпті Афрасияб патша тұқымымыз деген тарихи сенімі де көне замандарға, арий-тур замандарына нұсқайды. Ежелгі түрік әдебиетінде Алып Ер Тоңға атымен белгілі Афрасияб атауының түпкі мағынасы, біздің ойымызша, Қарахан. Себебі Афрасияб Қарахан атауының иранша аудармасы, атақты шығыс шайыры Фердоуси жырлайтын Иран-Тұран соғыстары заманындағы түрік елінің әфсаналық басшысы Афрасияб біздің аңыздарымыздағы Қараханға дөп келеді. Ал егер Қарахан қай заманда өмір сүруі мүмкін деген сұрақ болса, онда Әбілғазы шежіресіндегі «Қара хан әкесінен кейін бүкіл елге патшалық құрды. Жазды күні ол Ер тақ және Кер тақ деген тауларды жайлар еді, қазіргі күні бұл таулар Ұлы тау және Кіші тау атанады. Ал қыс түскен кезде Қарақұмды және Сыр өзенінің жағасын қыстар еді» деген мәліметіне сүйену керек. Әбілғазы хан Ұлытау мен Кішітаудың мыс кенін өндіретін үлкен орталық болғанын ескертеді. Қараханның атақты Оғыз ханның әкесі екенін және олардың өмір сүрген заманы біздің пайғамбарымызға дейінгі үш мың төрт жүзінші жылдар екенін де ұлы шежіреші жазып қалдырған. Қаратау өңіріндегі, әсіресе Созақтағы, сан қилы ескерткіштер өз бастауын Оғыз (Уыз) хан дәуірінен алады және Қарахан мемлекеті арқылы ортағасырлармен жалғасады.
Сонымен қорытындылай айтсақ, Түркістан аймағында қалалық өркениет өз бастауын неолит дәуірінде пайда болған шағын қоныстардан алады деп есептеуге болады. Егер біз Бетпақдаланың ортасынан неолиттің қалың тұрағын кездестіріп жатсақ, ондай тұрақтың Түркістанның орнында болғаны сөзсіз. Егер Түркістан қашан қала болып қалыптасты десек, онда біз қола дәуірін, сол дәуірде қазақ даласында керемет қанат жайған көне металлургия мен металл саудасын еске түсіргеніміз жөн. Яғни, Түркістан қаласының тарихы бүгінгі күннен санасақ, кемі 3 500 жылға сенімді барады. Қазақ жерінде өндірілген металл әлем өркениеттеріне Түркістан, яғни тарихи Қырық қақпалы Қарашық арқылы жеткізілді деген пікірдеміз. Міне, Түркістан қаласы қашан пайда болды дегенде ең алдымен еске түсетін мәселе осы.
Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор