54 елді жарылқай ма?
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сенсек, маусым айында Қазақстанда 3 200-ден астам жасанды тыныс алу аппараты бар екені көрсетіліпті. Бұлай айға жіктеп отыруымыздың да өз себебі бар. Осы құрылғының тапшылығы айтыла бастаған кезден-ақ еліміз шетелден алдыртып, одан қалса азаматтар жан-жақтан демеушілік танытып, аппараттар елге жеткізіле бастаған болатын. Осылайша, тапшылықты түбегейлі жоймаса да, науқастардың жағдайын жақсартуға сәл де болсын септескен жай болды. Енді қажетті аппарат елімізде өндірілмек. Жуырда Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов отандық кәсіпорындар айына 54 дана жасанды тыныс алу аппаратын шығарып отыратынын мәлімдеді. Вице-министрдің айтуынша, шілде айында 50 аппарат әр өңірге жеткізілуге әзір тұр. Аппаратты «БАРК Технолоджи» ЖШС, «Казахстан инжиниринг» ЖШС жасап шығарады. Қос компанияға қажеттілікті толық өтеу тапсырылған екен. Қосымша қажеттілік туындаған жағдайда «Орал медрегион» ЖШС мен «Қазмедприбор» ЖШС іске қосылады. Сонда айына 386, ал жыл соңына дейін 1 930 аппарат дайын болады. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі ауыр халдегі науқастарды оңалту үшін 3 мың құрылғының қажет екенін хабарлаған. Сондықтан кәсіпорындардың ай сайын өндіретін аппараты қажеттілікті толық өтемесі анық. Алайда өндіріс алдағы уақытта біршама артуы мүмкін. Бұл тұста құрылғыны шетелден алдыртып отыруды да тоқтатпаған жөн сыңайлы.Келеңсіздік те көп
Дәрі тапшылығымен қатар келген тыныс алу аппаратының тапшылығы да көптеген даудың тиегін ағытты. Бұл құрылғыны шетелден әкелудің өзі мол қаржыны талап етеді. Сапасына қарай бір данасының бағасы кемі 500 мыңнан басталып, 3-4 миллион теңгеге дейін өсе береді. «Жасанды дем беретін аппарат не себепті керек?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Вирусқа шалдыққан науқастардың жағдайы нашарлаған кезде өкпе өздігінен тыныс алуды тоқтатады. Осы сәтте жасанды тыныс алу аппаратына қосылса, ол адамды аман алып қалуға септеседі. Құрылғы тапшы кезде оны қолдан жасағандар да болды. Шілде айының басында қолдан жасаған тыныс алу аппаратымен дем алып, қиналып жатқан ер адамның бейнетаспасы әлеуметтік желіге тарап кеткен еді. Видеода тыныс алу аппараты кәдімгі 5 литр көлеміндегі құтыдан жасалғанын аңғаруға болады. Артынша видео қоғам талқысына түскен кезде Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният түсініктеме берді. – Менің ойымша, бұл – Бобров аппараты. Оттегіні алу үшін осылай жасайды. Оксигентерапия деп аталады. Оттегіні Бобров аппараты арқылы өткізіп, ылғалданған оттегіге айналдырады. Видеодағы осы аппарат деп ойлаймын, – деп қысқа қайырған еді вице-министр. Одан бөлек, министрлік тыныс алу үшін қолдан жасалған аппараттардың мүлде пайдасы жоғын ескертті. Керісінше, ол науқастың жағдайын одан әрі ауырлатып жіберуі мүмкін. Негізі, коронавирусқа шалдыққан науқастарға арналған стационар 50 пайыз оттегімен қамтылуы тиіс. Оның 15 пайызы өкпені жасанды желдету аппаратынан, тағы 15 пайызы инвазивті емес аппараттан, қалған 30 пайызы Бобров аппаратынан немесе оттегі концентраторынан келуі қажет. Аппарат болған күннің өзінде оттегі құйылған бөшкелер де қажет болып жатыр. Ауруханаларда дәрігерлер оттегі құйылған 85 келі тартатын газ баллондарын әрлі-берлі тасып жүр. Жуырда Оралда оттегі өндіретін «Азотты зауыт» ЖШС-нің бас директоры Ерболат Әлмұхаметов Мемлекеттік кірістер комитетіне шағымданды. Себебі комитет өкілдері Нидерландтан тегін келе жатқан 16 тонна оттегіні ел аумағына кіргізбей қойған. 16 тонна оттегі 16 мың газ баллонын толтыруға жетеді екен. Орал мен Атыраудағы науқастарға баруы тиіс оттегі үшін комитет 2 миллион теңге кедендік үстеме салықты талап етіпті. Осылайша, ел даурыққан шақта түрлі мәселелер жол тосып әлек. Өкпе дем алуын тоқтатқан сәтте көмек беретін бұл аппарат әлем елдерінде де тапшы болып отыр. Вирус жұқтырғандардың көптігі осы жағдайға соқтырған. Мәселен, індет өршіген шақта Италия мен Испанияда құрылғы жетіспей, амалсыздан тірі қалуға мүмкіндігі бар науқастарға ғана аппарат қойылған болатын. Тәуелсіз еліміздің тарихындағы бірінші пандемия болғандықтан ба, не де болса аппарат тапшылығы медицина саласының індетке толықтай қауқар танытатын халі жоқ екенін аңғартты. – Қазақстанда тыныс алу аппаратының қат болып отырғанын білеміз. Вирусқа қарсы қолданылатын дәрілер де шетелден келіп жатыр. Өзімізде де дәрі-дәрмек пен жасанды тыныс алу аппаратын шығаруға толық мүмкіндік бар. Оған білікті мамандар да жетеді. Тек қолдау керек. Тіркеу мәселесіне біраз уақыт кетеді. Күрмеулі жайлар шешімін тапсын десек, отандық өндіріске көңіл бөлу қажет. Індеттің бәсеңдер шағын күтпей, тезірек кіріскен жөн, – дейді «Сұлтан» фармацевтикалық фирмасының директоры Ұлтусын Ергенқызы. Қорытындылай айтсақ, жасанды тыныс алу аппаратын кеш те болса өндіруге кіріскен отандық кәсіпорындардың бастамасы құптарлық. Алайда құрылғыны шетелден тасымалдау жайын да тоқтатпаған дұрыс секілді. Себебі елдегі науқастарға әлі де 3 мың аппарат керек екенін ескерсек, кәсіпорындар оны бүгін-ертең жасап шығаруға үлгермесі анық. Ал науқастардың көптігі бұл құрылғыға сұранысты арттырмаса, кемітпесі кәміл.Мадияр ТӨЛЕУ