Жеңіл өнеркәсіптің жолы жеңіл ме?
Жеңіл өнеркәсіптің жолы жеңіл ме?
315
оқылды
Иә, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 8 пайызға кө­бейді. Тоқыма бұйымдарының өндірісінде – 8,4 пайыз, былғары өнімдері – 6,6 пайыз және киім өндірісінде 2,1 пайыз өсім байқалады. Шенеуніктердің айтуынша, саладағы оң нәтиже мақта талшығы, дайын тоқыма бұйымдары, сырткиім, баскиім, шұлық пен аяқкиім өндірісінің ұлғаюы есебінен болған. «Көбінесе отандық өндірушілер қорғаныс саласы мен арнайы киімдер тапсырысын орындауда. Осылайша, өндіріс ошағында әзірленетін өнім сұранысқа ие болып, кепілді сатылымды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар биыл тұрғындарды маскамен қамтамасыз ету мақсатында өн­діріске 70-тен астам тігін кәсіп­орындары қосылды. Олар тәу­лігіне дәке мен бөзден 700 мың бетперде шығарады», – делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада. Алайда Жеңіл өнеркәсіп кә­сіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худова бұл ақпаратты ішінара терістеп отыр. Оның пікірінше, осынау қиын-қыстау кезеңде мемлекет пен бизнес бірлесіп әрекет етпеген. Үкімет жеңіл өнеркәсіпті қолдаса, адам ресурстарын үнемдеп, әлеу­меттік шиеленістердің алдын алып, дағдарысты оңай еңсерер едік. – Басында маска өндірісін бізге тапсырған. Кейін бұл өндіріс Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты фармацевтикалық 4 ком­панияға берілді. Ал Ресей, Өзбекстан сынды көршілеріміз маска тігуді жеңіл өнеркәсіпке басыбайлы табыстаған. Құдай-ау, айналдырған 4 фармацевтикалық компанияның бүкіл нарықты қам­туға қауқары жоқ қой. Қорғаныс маскалары, қорғаныс киімдері, төсек жаймасы, бахила сияқты қарапайым заттарды фармацевтика өндірісіне жатқызудың не қажеті бар? Осы ретте өзбектердің өзі біз­ден ақылды болып шықты, – деп қынжылады қауымдастық бас­шысы. Сарапшы осыдан 27 жыл бұрын дайын бұйым шығаратын бір­де-бір кәсіпорны болмаған Өз­бекстанның бұл қадамын рефор­ма­торлық шешімге балайды. Ал Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп саласының карантинге дейін де жағдайы мәз емес еді. Қазір тіптен нашарлай түскен. Пандемия кесірінен ешқандай кіріс жоқ, маусымдық тауарлар қоймада бостан-босқа іріп-шіріп жатыр. Қызметкерлер жалақысыз еңбек демалысына кеткен. – Карантин аяқталғаннан кейінгі біздің компаниялардың жағдайын елестету ауыр. Дол­лар­дың қымбаттауы шикізат сатып алуда қосымша қиындықтар ту­ғызады. Себебі импорттық құрам­дас бөлшектерді жеткізу Қа­зақстанның жеңіл өнеркәсібі үшін өте маңызды, – дейді Любовь Худова. Импортқа тәуелділік те өз нарығымызды өзімізге игертер емес. Сөрелерімізде Қытай мен Түркиядан, Ресей мен Қырғыз Республикасынан әкелінген тауар­лар толып тұр. Шикізатқа шылқып отырсақ та, жеңіл өнер­кәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлесін көбейте алмадық. Ел азаматтарының үс­тіндегі киімнің 70 пайызы – им­порттық. Любовь Худованың сөзін­ше, бүгінде Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп саласында 2 млрд доллар заңсыз айналып жүр. Отандық тігіншілер ішкі қажеттіліктің 8 пайызын ғана өтейді. Мамандардың пайымынша, жеңіл өнеркәсіптің әлеуметтік бағытын ерекше ескеру керек. Мысалы, Ресей билігі жеңіл өнеркәсіп өкілдерінің жайын ұғып, саланы қолдау шараларын енгізе бастаған. Орыс үкіметі 2020 жылдың 18 сәуірінде жеңіл өнеркәсіпті пандемиядан зардап шеккен салалардың тізіміне қо­суды ұйғарды. Киім, аяқкиім және аксессуарлар сатумен айна­лы­сатын компаниялар мемлекеттік қолдаудың арнайы шараларын қолданады. Қырғыз Республикасында жалпы ішкі өнімнің 30 пайызы жеңіл өнеркәсіпке тиесілі, ал Қа­зақстанда бұл көрсеткіш 1 пайызға да жетпейді. Озық технологияға иек артқан Жапония мен Оңтүстік Корея да жеңіл өнеркәсіптен қол үзбеген. Азия алпауыттарында жеңіл өнеркәсіп өнімі ішкі на­рықтың 80 пайызын қамтиды. Бізде қолда бар шикізаттың өзін ұқсату қиямет-қайым. Бәрі сырттан тасымалданады. Терінің 15 пайызы ғана игеріледі, жүн мүлде тапшы. Өйткені Ресей мен Қытайдан келген алыпсатарлар жүннің түгелін шетел асырып жібереді. Жүн өңдеу орталықтары саусақпен санарлық. Ауылдағы ағайын жүнді отқа жағады немесе қоқысқа тастайды. Қысқасы, жүн шикізат ретінде бағаланбайды. Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрлігінің дерегінше, тігін кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында Azala Textile ЖШС дәке шығаратын 9 станокты іске қосып, өндіріс көлемін 8 есе арттырған. Өндірістік цикл мемлекетаралық стандартқа сай жолға қойылған. Сондай-ақ кәсіпорын тығыздығы төмен тазартылған мақта матасын шығарады. 2020-2022 жылдары қолданыстағы жобаларды кеңей­туді ескеріп, 1486 жұмыс орны ашылатын, жалпы құны 27,384 млрд теңгелік 19 жобаны іске қосу жоспарланған. Жергілікті ат­қарушы органдарға жеңіл, жиһаз өнеркәсібі мен құрылыс ма­териал­дарын мемлекеттік сатып алуда жергілікті қамту бойын­ша нысаналы индикаторлар бел­гіленген. Жеңіл және жиһаз өнеркәсібінің тауарлары 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап мем­лекеттік сатып алу конкурсы өткізілетін тауарлар, жұмыстар мен қызметтер тізбесіне енгізілген. Бүгінде жеңіл өнеркәсіп саласында 1 130 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 97 пайызы – шағын кәсіп­орындар, салада жұмыс істей­тін­дердің саны – 17,9 мың адам. – Нарыққа жұмыс істеген компаниялар тығырыққа тірелді. Сауда орталықтары жабылды. Ал жеңіл өнеркәсіп өндірісі көлемінің ұлғайғаны мемлекеттік тапсырыс есебінен деп ойлаймын. Мемлекеттік тапсырысты орын­дайтын тігін цехтары арнайы киім­дер мен аяқкиімдер, әскерилерге арналған жабдықтар жасайды. Бұрын-соңды болмаған 8 пайыз­дық өсім мен үшін жұмбақ, – дейді Любовь Худова. Қауымдастық президенті кәсіп­керлерге салынатын са­лықты азайтып, субсидияны көбей­ту қажет деп санайды. Рас, ха­лықаралық тәжірибеде экономи­калық экспансияға төтеп беру үшін жеңіл өнеркәсіптің үлесі 30 пайыздан кем болмауы керек. Әзірге бұл көрсеткіш бізге қол жетпес арман іспетті.  

еркебуланЕркебұлан НҰРЕКЕШ