Әзербайжан мен Армения қайта соғысты
Әзербайжан мен Армения қайта соғысты
436
оқылды
Бұл жағдайға байланысты Қазақстан Сыртқы істер ми­нистрлігі адам өліміне әкеп соқ­қан Әзербайжан – Армения шекарасындағы қарулы қақ­тығысқа алаңдаушылығын біл­дір­ді. СІМ мәлімдемесінде: «Бейбітшілік пен келісімге, ең алдымен екіжақты форматта тез арада қол жеткізетініне үміт артамыз. Халықаралық ұйымдар шеңберінде, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, АӨСШК алаңдарында қақтығысты шешудің бейбіт жолдарын іздеуге барынша жәрдемдесуге дайынбыз» деп жариялады. Армения мүшелігіне кіретін Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы да қос тарапты ұрыс қимылдарын тоқтатуға шақырды. Мұндай ұс­тамды мәлімдеме армян тара­пын тығырыққа тіреді. Себебі бұл ұйымға Әзербайжан мү­ше болмаған соң Армения саясаткерлері ҰҚШҰ-ны екін­ші тарапты қатаң айыптауға шақырып отыр. Тіпті, қызуқанды армян сарапшылары «бұл өлі ұйым» деп кінәлап жатыр. Еуропалық одақ ресми Баку мен Ереванды ұстамдылыққа шақырып, мәселені шешуде бүкіл тетіктерді қарастыру қажетін жеткізді. Бүгінгі таңда Әзербайжан мен Армения арасындағы қақ­тығыстың қайта жандануына бір-бірін кінәлауда. Дәстүр бойынша, Әзербайжанды – ресми Анкара, ал Арменияны ресми Мәскеу қолдайды. Өз кезегінде Киев Әзербайжанның территориялық біртұтастығын сақтауға шақырды. Бұл Ресей мен Армения үшін күтпеген жағдай болғаны анық. Отандық саясаттанушылар қанды қақтығыстың геосаяси ойын­дар шеңберінде болып отыр­ғанын жоққа шығармайды. – Әзербайжан мен Армения арасындағы қарулы қақтығыс бір­күндік емес, түбінде геосаяси, діни, этникалық және экономикалық негізде қарастырылатын жүй­е­лі қақтығыс. Екі елдің ақпарат көздері шекарадағы орын ал­ған қақтығыстан өзінің көп шығын­далғанын көрсету мақсатында статистикалық ойынды да бастап кетті. Дегенмен екі ел арасындағы ұзақ жылдық қайшылықтарды тек мемлекетаралық қатынастар шеңберінде қарастыру біржақты көзқарас тудырады, – дейді Тұңғыш Президент – Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы. Саясаттанушының ойынша, Әзербайжан Республикасы өзі­нің негізгі сауда серіктестері ретінде Түркия, Еуропа елдерін, бірінші кезекте Франция мен Ұлыбритания, АҚШ және Пар­сы шығанағы мемлекеттерін белгілеген болатын. Ал Арме­н­ияның көбіне саяси-әскери, қорғаныс және қауіпсіздік, сауда-экономикалық қатынастарда Ресейге иек артатыны белгілі. – Сол себепті Армения Ре­сей ұсынатын интеграциялық бірлестіктердің алғашқы мүше­лерінің қатарынан көрініп отыр­ды. Одан өзге әлемдік армян диаспоралары да Франция Пар­ламенті мен Америка Конгр­есінде өзінің лоббистік жұмыс­тарын кешенді түрде жүргізді. Сондықтан шекарада болған әс­кери қақтығысты ше­шуде аймақтық державалардың да дипломатиялық келіссөздер жүргі­зетіні даусыз, – дей келе Әлкей Марғұланұлы жағдайдың ары қарай даму үрдісін былай болжайды: «Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның да қажеттілік болған жағдайда тү­рік әскерінің әзербайжан ше­ка­расын қорғауға келетінін білдіруі, Арменияның Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына қорғанысты қамтамасыз ету бойынша сұраныс жасауын тудыруы ықтимал. Яғни, алдағы уақытта осы елдер үшін Түркия мен Ресей өзара келіссөз жүргізуі ықтимал» деген пікірде. Өкінішке қарай, Кеңес Ода­ғынан мұраға қалған Таулы Қара­бақ мәселесі 30 жылдан бері шешімін таппай келеді. Қос мемлекетте тәуелсіздік алғаннан бері шекараны делимитациялау ісі толыққанды шешілмеген. Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Жұмабек Сарабеков: – Әзербайжан мен Армения арасында мұндай қақтығыстар тұрақты түрде болып тұрады. Бұл, ең алдымен Таулы Қарабақ мәселесіне байланысты. Соңғы жылдары қақтығыстардың жүйе­­­лене түскені байқалады. Бұл, әрине бөлек тақырып. Бұл қақтығыстың бір ерекшелігі – жағдайдың Таулы Қарабақтан алыс екі ел шекарасының маңын­да орын алуы. Қос тарап қарулы қақтығыстың болғанын бір-бірінен көреді. Өкінішке қарай, байқауымызша, бұл қақты­ғыстардың «зұлымдық сипаты» да артып келеді» –  дейді. Сарапшының пайымынша, қазіргі таңда Әзербайжан тарапы да, Армения тарапы да әскери әлеуетін арттыруға қомақты қаражат бөліп жатыр. Соның салдарынан қақтығыстың ауқымы артып, кикілжіңнің жаңа деңгейге көтерілу қаупі де жоғарылап жатыр. – Қазіргі таңда Әзербайжан да, Армения да әлемдік панде­мияның тұсауында қалып отыр­ған мемлекеттер. Дағдарыс бар. Яғни, бұл жағдайдың оңал­уына ешқандай әсер етпей­ді. Керісінше, қақтығысты ушық­тыра түседі. Сондықтан бұл жер­де ең алдымен дипломаттар өз жұмысын жандандыруы ке­рек. Шынтуайтында, Тау­лы Қарабақ мәселесі де, әзер­байжан – армян кикілжіңі де әскери жолмен емес, бейбіт жолмен ғана шешіледі. Себебі мәселенің ушығуы адам шығыны мен қыруар экономикалық шығынға әкеп соғуы мүмкін, – дейді саясаттанушы Жұмабек Сарабеков. Ресейдің танымал саясат­танушысы Максим Шевченко өзінің Youtube арнасында екі бауырлас, тарихы бір халықтардың үлкен қақтығысқа бой алдыруын өкінішпен қабылдады. Бұл орайда Максим Шевченко: «Кавказда үлкен соғыс басталып кетуі мүм­кін. Бұл жағдай күннен-күнге жақындап барады» деп елдерді бейбіт келісімге шақыра отырып: «Мұндағы мәселе тек бір уыс жерге ғана тіреліп тұрған жоқ, мұндағы себеп – Ресей өткізгісі келмейтін Әзербайжаннан Еуро­паға баратын газ тасымалына байланысты. Сондай-ақ нео-осман халифатының мұрагері ретін­де қалған Түркияның да­муын тежеу» деген ойын біл­дірді. Саясаттанушы осы тектес себептерден Түркияның көптеген аймақтық кикілжіңге араласуға мәжбүр екенін жеткізді. Отандық сарапшылардың пікі­рінше, шешілмейтін мәселе жоқ, бар мәселе саясаткерлердің саяси ерік-жігеріне барып тіреледі. – Бұл жерде барынша саяси ерік-жігер білдіріп, мәселені дипломатиялық жолмен шешуге тырысу керек. Қандай билік тұсында болмасын, екі ел үшін жер дауы қиын. Себебі қос мемлекеттің азаматтары үшін жер мәселесі аса маңызды. Бұл тұста қандай да бір саясаткер үшін компромиске бару оңай емес. Өкінішке қарай, Таулы Қарабақ мәселесі бойынша ЕҚЫҰ аясында жұмыс істеп жатқан топ жұмысы тоқырауға ұшырап отыр. Ары қарай бұл мәселені шешудің құқықтық жақтары саралануы керек. Қайталап айтайын, бұл жерде саясаткерлер өздерінің саяси ерік-жігерін білдіруі керек. Халық арасында қолдауға ие болмайтын, бірақ мәселені шешудің даңғыл жолын көрсететін шешімге баруы керек, – дейді саясаттанушы Жұмабек Сарабеков.  Сондай-ақ мамандар қазір­гідей әлемдік пандемия өршіп, экономика тығырыққа тірелген заманда кейбір елдердің бақай­шағына дейін қарулануы негізсіз дейді. Саясаттанушы Әлкей Марғұлан пандемия тұсында халықаралық қауым­дастықтың бұл қанды қақ­тығысқа ерекше мән беру қажетін екшеп айтты: – Әлемдік коронавирус ин­фекциясын, одан өзге БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерриштің пандемия уақытында қарулы қақтығыстарды тоқтату жөніндегі үндеуін ескере отырып, халық­аралық қауымдастықтың аталған қақтығысқа пассивті түрде мән беруін де күтуіміз мүмкін. Себебі әлемдік державалар экономикалық және медициналық қауіпсіздікті күшейтіп жатқанда екі елдің локальды қақтығысы тек қана аймақтық державалардың мүддесі үшін ғана қажет болуы мүмкін. Соңғы мәліметтер бойынша, Әзербайжан мен Армения шека­расындағы жағдай әлі де ушығып тұр. БҰҰ мен Еуропалық одақ тарапы ұрыс қимылдарын тоқта­тып, шекаралас территорияға ЕҚЫҰ бақылаушыларын қайта­руды ұсынып отыр.  

Кәмшат ТАСБОЛАТ