DW хабарлауынша, Беларусь президенттігіне үміткер ретінде 7 кандидат құжаттарын тіркеуге ұсынған. Танымал блогер Сергей Тихановскийдің құжаты кері қайтарылған. Блогердің жұбайы Светлананың кандидатурасын қолдау мақсатында қол жиналып жатқан тұста блогердің өзін қамауға алған. Екінші жағынан, президенттік кампанияның тағы бір өкілі «Белгазпром» басшысы Виктор Бабариконың кеңсесінде тінту жұмыстары жүргізіліп, басшыдан бастап көптеген қызметкері қамауға алынып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, Беларусьті 26 жылдан бері басқарып келе жатқан президент Александр Лукашенко өзінің негізгі қарсыластарын жолдан тайдырған. 14 шілде күнгі қажетті құжаттарды тексеру барысында орталық сайлау комиссиясы Беларусь президенттігіне үміткер ретінде 5 адамды тіркеді. Олар – оппозициядағы блогер Сергей Тихановскийдің жары Светлана, бұрынғы депутат Анна Канопацкая, «Говори правду» кампаниясының көшбасшысы Андрей Дмитриев, «Беларусь социал-демократиялық Грамадасы» партиясының басшысы Сергей Черечнь және қазіргі мемлекет басшысы Александр Лукашенко. Бұл тұрғыдан негізгі үміткерлер бұрынғы банкир Виктор Бабарико мен саясаткер Валерий Цепкалоның құжаттарын Беларусь ОСК-сы тіркемей тастаған. Сарапшылар сайлау науқанының бар қызығы осымен аяқталды деген пікірде. Осындай заңсыздыққа наразы болған жұрт көшеге шықты. Алайда жергілікті құқық қорғау органдары оларды қуғындауға кірісті.
Еуропарламентте Беларусьтегі сайлау қарсаңындағы жағдайға байланысты дебаттар өтті.
– 9 тамызда өтетін президенттік сайлау біздің ары қарайғы қарым-қатынасымызды анықтау үшін аса маңызды, – деді ЕО-дағы сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкіл Жозеп Боррель. Дипломат Минскіні оппозициядан шыққан кандидаттарды қудалауды қойып, оның орнына олардың азаматтық һәм саяси құқықтарын қорғауға мүмкіндік беруін сұрады.
Тәуелсіздік алғаннан бері ел тарихында алтыншы рет өтетін кезекті президенттік сайлау жаңа есімдерге толы болды. Оның ішінде елге сыйлы, саяси имиджі жоғары Бабарико мен Цепкалоның кандидатурасы сайлауалды науқанға бір серпіліс бергені анық. Десе де, оппозицияны жаппай қудалау мен қамауға алу фактілері Еуропарламент депутаттарының үлкен наразылығын туғызумен қатар, қатаң санкцияларды қолға алуды ұсынумен аяқталып отыр.
Неміс басылымына сұхбат берген еуродепутат Роберт Бедронь: «Виктор Бабариконы тіркеуден бас тарту мен қоғам белсенділеріне қарсы репрессиялар Минскідегі режимге қарсы санкциялар қолдануға негіз болады» деп жауап берген. Беларусь ОСК-ның шешімінен кейін көптеген азамат наразылық танытып көшеге шыққан. Сарапшылардың есебінше, алдағы сайлауда қазіргі президент 80 пайыздан астам дауыс жинайды. Ал оның кез келген қарсыласына 5 пайыздық дауысты беру жоспары да болуы мүмкін.
ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы президенттік сайлауға байқаушыларын жібермейді. Себебі Беларусь елінен тиісті шақыру жіберілмеген.