Мөлдір махаббат
Мөлдір махаббат
521
оқылды

Әкемнің Шынәлі деген немере ағасы соғыстан оралмады. «Қара қағаз» да, хабар-ошар да жоқ, шамамен Сталинград шайқасында қаза тапқан сияқты. Анасы жылай-жылай «соқыр кемпір» атанып өлгені менің есімде бар.

Сол Шынәлі сонау мың то­ғыз жүз қырық бірдің көкте­мінде өзімен қатар, бірге ойнап өскен көршінің қызы Қазинаға үйле­ніп­ті. Той тарқап та үлгер­мей, «Со­ғыс басталды» деген суық ха­бардан жүрек түршігіп, жас жі­гіт ел көзінше алған жа­рын құ­шып-сүйіп те қошта­су­дан ұя­лып, қол бұлғап атта­нып жүре бе­­ріпті. Қазинаның көзінде бір там­шы жас мөлтіл­деп тұра беріп­ті. Шынәліні сүйіп, еңіреп қош­тас­қан ана­сы­мен қатар құ­шақ­тау­ға ауыл қызы­ның ұяңды­ғы жі­бер­месе керек. Кейде жы­лап оты­рып: «Әттең, дүние-ай, құ­ма­­­рым қанып құшақтап та қош­­таса алмай қалдым-ау!» деп күңі­­ре­ніп, күрсініп алатыны есім­де.

Мұндай мөлдір сезім сол әйел­дің бүкіл ғұмырына сүйе­ніш бо­лып еді. Ол енесін бағып оты­ра берді. Бертін келе құда түсіп, сөз айтқандар да болған. Қазина оларға нақты жауап беріп, қай­тарып отырды. «Бала күннен сүйіп қосылған жарым­ның ақ тө­­сегін мен ешкімге таптата ал­мас­пын. Алланың салғанына көн­дім, Шынәлінің анасын ба­ғып, осы босағада өлемін» деп нақ­ты қайыратын еді. Сол тағ­дыр­ға белін бекем буып, дүние­ден озды. Ауылдағы молада қа­тар жатқан екі төмпе­шік – сол екеуі, басында бір қу ағаш шіріп тұр.

Мен осындай бірді сүйген жү­ректі екіншіге ұсына алмаған қазақ қызымен бірге оқыдым. Нұрсила Бегалиева менімен Алматы Қыздар университетінде бір курста оқыды. Жамбыл об­лы­сының бір ауданында рай­ком хатшысы болып қызмет атқарды, қазір өмірден озып кеткен. Екін­ші курста бір жігіт сөз айтып, оны құлай сүйген. Ал жігіт, шір­кін, қыз махаббатын қастерлей бер­мейді. Нұрсила оқу бітіргесін той жасайық де­ген батырың асы­ғыстау бол­ды, кешікпей бас­қа қызға үйленіп кетті. Нұрсила енді ешкімге сенбейтін болып, қатайып кетті.

Оған да сөз салғандар бол­ған, бірақ бірді сүйген жүрек екін­шіге елти қоймаған. Ақыры жал­ғыз өтті өмірден. Мен ғұмы­рым­да осындай мөлдір махаббат ие­сін көрдім.

Бұл күнде қоғамды шуға бө­ле­­ген көпбалалы аналар мәсе­ле­сінен құлақ тұнып тұр. Ұлттың өсуіне үлес қосады деп қуанайын десең, шындап кел­генде, көңіл суы­татын да жәйт жетіп жатыр.

Әкімге келіп әкіреңдеп тұр­ған жас келіншектің бес баласы бар көрінеді. Соғыс жоқ, айдың-күннің аманында бес баланың әкесі жоқ, азаматтық некеде бо­­­лып, кетіп қалыпты. Ол – жұ­мыс іздеп көрші респуб­ли­кадан кел­­ген, ол жақта заңды әйел-ба­ла­сы бар адам. Табысын тауып, ақ­­шасын жинап, бәйбі­шесіне ке­тіп қалған көрінеді. «Сонда біз­­дің қазақ әйелінің ары, на­мы­сы қайда?» деген заңды сұрақ туа­ды. Біздің аналар «Аты жоқ тек­сіз бала әкелме үйге!» деп тәр­биелеп еді ғой. «Жолда жүр­ге­н­ге жолбике болма!» деп өсі­ре­тін еді ғой. «Ақ төсекті был­ғама!» деген ұғым қайда қал­ған? Айтуға ауыз бар­майды, қоғамда белгілі қызда­ры­мыздың бірі тү­рік­тің, бірі қытайдың, бірі кә­ріс­тің қойны­на еріп жүргені жанды қи­найды. Расында, қазақ жігіт­тері шеті­нен намыссыз ба? «Ба­тыр баба ұрпа­ғымыз» деп кеуде со­ғатын­дар қайда жүр?

Шұбырған баласын мектеп­ке бермей жүрген уахаббист ке­лін­­шектің құжаттарын қара­дым. Бес баласының тегі бес түрлі. Не­ге деймін-ау, «Бірінші күйеу түр­меде, екіншісі «талақ» деп, өз­гемен кеткен, үшіншісі жұмыс із­деп кетіп, оралмай жатыр» де­ген сан сылтау тыңдап отырмын. Тек­сіздік деген осы емес пе? Қай бала ертең ата-тегімен мақ­тан­бақ? Оның үстіне намазға жы­ғып, миын шатасты­рып отыр, білімсіз-біліксіз ұр­пақ қоспақ қа­зақ ұлтына.

Біз өткенді айтсақ, «Уақыт бас­қа» деп таласатындар бар. Иә, бәрі жаңарды, қоғам да бас­қа, ұрпақ та бөлек, даму да ға­жап. Сонда өткен ғасырдың «на­­­дандары» сияқты ақпейіл, мейір­бан жандар қайда? Жаңа техника мен технология игер­ген сауаттыларың қаншалық мейі­рім­ді? Қатыгездер қайдан шы­ғып жатыр? 

Көпбалалы анаға көмек қо­лын ұсынып отырған азамат­тар жоқ емес, шүкір, саналы байлар, ме­ценаттар шығып келеді. Асы­рап сақтау әр ата-ананың өз боры­шы болса керек еді, қазір баласын қолына ұстап, көшеге еркек шығып тұр. Ау, намыс қай­да, «азамат»? Соғыс жоқ бейбіт заманда көп­балалы әйел­дің қа­сын­да неге күйеуі жоқ? Үйің жоқ, күрке жалдап жүрсең, неге ба­ла туа бересің? Неге әкесі тас­тап кетеді екен?

Бүгінде әйел балаларын ері­не тастап, басқаға тиіп те кететін болды. Бұл не жетіскен­дік екен? Ана деген асыл сөз аяқас­ты болуы­на себеп болып жүр­ген қыз­дарды кім тәр­бие­леп жа­тыр? Көшеге сәби лақ­ты­рып ке­тетіндердің анасы қайда? Иә, «Сүйекке таңба түсі­ріп, тек­сіз ба­ла әкелме ете­гіңе са­лып» деп сөйлейтін қа­зақ ана­сы таусылған ба сонда?! Ұлттың намысын, елдің ертеңін ойлай­тындар азай­ды ма біздің қоғам­да? Қала кө­шелерінде ашық-шашық жүрген қыз­дар­дың іздеушісі неге жоқ? Оларды бұзып, ойын­шық етіп тас­тап, алименттен қашып, ұрпа­ғын қаңғытқан қазақ жігіт­терін кім тәрбиеле­ген? Ар да жоқ, заң да жоқ ел болдық па? Жан­ды қинай­тын сұрақ көбейіп тұр. Тәрбие жұмысын насихат­тай­тын теледидар мен ақпарат құралда­ры өнегелі хабарды аз көрсетеді. Мәнді, маз­мұнды, терең хабар аз, рей­тинг дегенге сүйенген, ұлт­тық бағыттан, ата-ба­ба жолы­нан ауып бара жатыр.

Біз өткенді айтсақ, «Уақыт бас­қа» деп таласатындар бар. Иә, бәрі жаңарды, қоғам да бас­қа, ұрпақ та бөлек, даму да ға­жап. Сонда өткен ғасырдың «на­­­дандары» сияқты ақпейіл, мейір­бан жандар қайда? Жаңа техника мен технология игер­ген сауаттыларың қаншалық мейі­рім­ді? Қатыгездер қайдан шы­ғып жатыр? Аферист қазақ қыз­да­ры мен ұры қазақ жігіт­те­рі ас­паннан түскен жоқ қой. Қос дип­лом сатып алған жас жігіт үл­кенге сәлем де, орын да бер­мей, кәкірейіп неге тұр? Жас ке­­­лін дәрігер мен ұстазға жұ­ды­рық жұмсайтын халге қалай кел­дік?

Пәрәнжа жамылғандар Ұлы да­ла тарихында болған емес. Оны бүркеніп жүрген есірт­кі сату­шы немесе іздеуде жүр­ген алаяқ болуы мүмкін ғой.

Ұлтқа ана болатын қазақ қы­зының тәрбиесін бүкіл ел болып ойластыратын күн өтіп барады, бұл да кезек күттірмей­тін күрделі мәселе. Арды ой­лай­­тын анасы бол­маған елдің сал­танат сарайы­мен сәні кір­мейді.

 

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері