Тұқым шаруашылығы тасада тұра бере ме?
Тұқым шаруашылығы тасада тұра бере ме?
261
оқылды

Бидай ұны қашан да нарықтағы құндылығын жоғалтпайды. Өйткені әлем бойынша ұн өнімдеріне деген сұраныс азайған емес. Еліміз ұн экспорттауда алдыңғы қатарда тұрғанымен, бидай өндірісінде отандық мамандарды алаңдатып отырған күрмеуі қиын мәселелер бар. Соның ішіндегі ең өзектісі – селекция мәселесі, яғни елімізде тұқым шаруашылығы бір жүйеге қойылмаған.

Халықаралық бидай жөнін­дегі кеңестің болжамына сәй­кес, әлем бойынша биылғы би­­дай жиынының көрсеткіші 758 млн тоннаға жеткен. Ал өт­кен жылы әлемде 754 млн тон­на бидай жиналған болатын. Халықаралық кеңес биыл Қа­зақ­­стандағы бидай өндірісі 14 млн тонна болады деп бол­жап отыр.

Қазақстан осы жылдың алғаш­қы айында 691,8 мың тонна бидай мен бидай-қара­бидай қоспасын экспорттап, өткен жылмен салыстырғанда 35,1 пайыз артық көрсеткішке қол жеткізді. Қазақстандық бидай экспорты бойынша Өзбекстан (290,7 мың тонна), Тәжікстан (118,4 мың тонна) және Әзірбайжан елдері көш басында. Тізімді ары қарай Ресей, Қырғызстан, Беларусь елдері толықтырады. Бидай мен бидай-қарабидай қоспасы бұдан басқа 13 елге экспорт­та­лып, оның жалпы көлемі 112,6 мың тоннаға жеткен. Сонымен қатар осы жылдың бірінші айы­ның қорытындысы бойын­ша, бидайдың экспорттық бағасы 24,6%-ға көтерілген.

Еліміз әлем бойынша ұн экспорттауда алдыңғы қатарда тұр. Отандық ауыл шаруашы­лығы өнімдерінің басым бөлігі Орта Азия елдеріне тасымалда­нады. Өзбекстан, Түркіменстан, Ауғанстан, Тәжікстан – негізгі импорттаушы мемлекеттер қатарында. Отандық өнімге Қытай тарапынан да сұраныс жоғары екенін айта кету керек. Сонымен бірге, Грузия да Қазақ­станнан сатып алатын бидай көлемін арттыруға ниет білдіріп отыр.

Жалпы, бидайдың 20-дан астам түрі бар. Соның ішінде ең көп тарағаны – жұмсақ бидай. Бидайдың бұл сорты жер шары­ның барлық аймағында өсірі­леді. Өйткені өсу қабілеті жоға­ры әрі табиғаттың түрлі жағ­дайына төзімді болып келе­ді. Еліміздегі егіс көлемінің негізгі бөлігіне осы жұмсақ бидай егіледі.

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі қазір бидай егетін ал­қаптың көлемін азайтуды қол­ға алып жатыр. Егістік ау­қы­­­мы азайғанымен, әр гек­тардан алынатын өнім көлемін арт­ты­ру­ға мүмкіндік бар. Әри­не, ол үшін заманауи техни­ка және ең бастысы, сапалы тұқым керек. Қазір еліміздің бидай өндірісін­дегі ең күрделі мәселе де – осы.

– Бидай шаруашылығына тыңайтқыш енгізілмеген. Қолданыстағылар заманға сай емес. Кеңес өкіметінен кейін қолданған жоқ. Өйткені зама­науи техника қымбат. Әсіресе, жеке шаруалар бидай өсіру технологиясын, шаруашылық­ты жүргізу тәртібін сақтамайды, зиянкестерге қарсы құралдарды дұрыс қолданбайды, – дейді С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті Егіншілік және өсімдік шаруа­шылығы кафедрасының мең­геру­шісі Бекзат Аманбаев.

Мол әрі сапалы өнім алу үшін сапалы тұқым керек. «Қазір өзімізден шығатын сорт­тар түрлі зиянкестерге, құр­­ғақшылыққа, басқа да фак­торларға төзімді емес. Со­сын, өкінішке қарай, шетел­дік өнім алға шығып кетіп отыр» дейді Бекзат Аманбаев.

Мамандар бұрынғы жүйенің жойылғанына наразы. Шетел­дік өнімнің мақтауын асырып, бизнес жасағаннан гөрі отан­дық өндірісті жолға қойғанымыз абзал. Ол үшін тұқымның таза сортын бастапқы қалпында сақтап қана қоймай, шаруа­шылықтарға таратып, барынша көбейту қажет. Әрине, елімізде түпнұсқа тұқым өндіріп отыр­ған мекемелер аз да болса бар. Бі­рақ сол сапалы тұқымды кө­бейту жағы кемшін болып тұр.

– Қазір тұқым шаруа­шы­лығы бір жүйеге қойылма­ған. Бұрынғы жүйені тарқатып жіберді. Ең басты мәселе – осы. Қазір көбі қай жерде арзан баға бар, соған қарай жүгіреді. Сапа­сының төмендігіне қарап жат­қан жоқ. Негізінен селек­ция­лық мекемелер бар. Солардан сатып алу керек. Бұрын тұқым шаруашылығымен айналыса­тын арнайы мекемелер түп­нұсқа тұқымды көбейтетін. Олардан шаруашылықтар алып, егетін. Қазір мұндай жүйе жоқ.  

Кімнің қандай тұқым алып, егіп жатқаны белгісіз. Оның сапасын тексеріп, қағазына қарап жатқан ешкім жоқ. Өкі­ніш­ке қарай, қазір кәсіп­кер­лер шетелдік тұқымдарды көп жарнамалайды. Ондай азамат­тардың еліне жаны ашиды деп ойламаймын. Осы нәрсеге тосқа­уыл қойғанымыз дұрыс болар еді. Шетелдік тұқымның біздің жерге бейімделмегенін де ескергеніміз жөн.

Ең абзалы, отандық өндіріс­ті дамытуымыз керек. Негізінен еліміздің барлық аймағына бейімделген сапалы бидай сорт­тары бар. Тек соны енгізіп, егу жағы қолға алынбай тұр. Мысалы, біз де тұқым өндіру­мен айналысып жатырмыз. Әрине, алатындар бар. Бірақ олар тұқымды көбейту жағын ойламайды, сатып жібере салады, – дейді Қазақ егіншілік және шаруашылық ғылыми-зерттеу институтының Жемдік дәнді-дақылдар бөлімінің меңге­рушісі, биология ғылым­дарының кандидаты Қалдарбек Құрақбайұлы.   

Былтыр елімізде бастапқы салмақ бойынша 22,8 млн тон­на бидай жиналды. Сәйке­сін­ше, оның шығымдылығы гекта­ры­нан 15,1 центнерден айнал­ған. Отандық ғалымдар барлық алқапқа жоғары сапалы тұқым егіп, озық технологияны қолда­ну арқылы бұл көрсеткішті 25 центнерге дейін жеткізуге болатынын айтып отыр. Ол үшін тұқым шаруашылығы тасада қалмау керек.


Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ