«25 шілдеде жүрегі тоқтап, академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев 82 жасында қайтыс болғанын терең қайғыра отырып хабарлаймыз. Жаппай тараған ауру өкінішке қарай, біздің отбасыға да жетті», – деп мәлім етті Сағадиевтер отбасының мүшелері.
Оның туған-туыстары К.Сағадиевпен қоштасуға арналған барлық шара бір жылдан соң, 2021 жылғы 25 шілдеде ұйымдастырылатынын жеткізді. Академик көз жұмар алдында осыны өсиет етіпті.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Кенжеғали Сағадиевтің қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Ол К.Сағадиевтің ұзақ жыл түрлі жауапты қызметтерді атқарып, үлкен экономист ғалым ретінде өзінің бар білімі мен ұйымдастырушылық мол тәжірибесін Отанымызды өркендетуге, тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге арнағанын атап өтті.
«Кенжеғали Әбенұлы абыройлы қызметі мен бойындағы азаматтық асыл қасиеттерінің арқасында халқымыздың лайықты құрметі мен қошеметіне бөленді. Халқымыз оның есімі мен еңбегін ұмытпайды деп сенемін», – деді Елбасы.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та аса көрнекті ғалым, белгілі қоғам қайраткері, Қазақстанның Ғылым академиясының бұрынғы президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор Кенжеғали Әбенұлының дүние салуына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, жеделхат жолдады.
«Кенжеғали Әбенұлы мемлекетімізді дамыту ісіне мол үлес қосты. ҚР Ғылым академиясына және Қазақ мемлекеттік аграрлық университетіне басшылық жасады. Парламент Мәжілісінің ІІІ және IV шақырылымдарының депутаты болып, отандық заңнаманы жетілдіруге атсалысты, ұзақ жылдар бойы ұстаз ретінде шәкірттер тәрбиеледі. Артында өшпес із, ұлағатты ұрпақ, ғылыми мұра қалдырды. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын», – деді Қ.Тоқаев.
К.Сағадиев қазақ елі қуғын-сүргіннің құрсауына түскен аласапыран шақта, 1938 жылы 18 ақпанда Қостанай облысының Жангелді ауданының Ақкөл ауылында өмір есігін ашыпты. Халқымызға келген нәубетке бала кезден куә болған, өзі де бастан өткерген ол ержете келе, «қайтсем, ұлттың ұпайын түгендеп, дәулетін еселеймін?» деп, ұдайы ізденіске, экономика саласына ден қойды. Бұл қазақ баласы көп құлаш ұра бермейтін ғылым түрі саналатын. Содан ол 1960 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің экономикалық факультетін, ал 1966 жылы Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтының аспирантурасын бітіріп шықты. Кейін экономика ғылымдарының докторы, академик атанды.
Кенжеғали Әбенұлы ғалым ретінде халықаралық деңгейде де танымал: Нью-Йорк ұлттық ғылым академиясының, Америка экономист-ғалымдары қауымдастығының мүшесі, Пәкістан ғылым академиясының, Халықаралық жоғарғы мектеп академиясының академигі атағына ие. Бертінде Қазақстанның 5 ірі жоғары оқу орнына басшылық етті.
Парламент Мәжілісінің үшінші (2004-2007 жылдар) және төртінші (2007-2011 жылдар) шақырылымының депутаты болды, палатаның Қаржы және бюджет комитетіне төрағалық етті. Кенжеғали Әбенұлы 2007 жылғы еліміздегі конституциялық реформаға, Парламенттің құзыретін және рөлін күшейтуге белсенді атсалысты.
«Әлеуметтік-экономикалық сала тізгіні тапсырылатын басшыларды тағайындағанда депутаттардың пікіріне сүйенсе, біздің көзқарасымызды есепке алса, өте дұрыс болар еді. Өйткені тек Үкімет қана емес қой ел қамын жасайтын! Біз де сол салалар мәселесімен тікелей айналысамыз, олардың кем-кетігін жетік білеміз. Әрбір заңды талқылау барысында қай саланың кемшін жағы бар, ал қайсысының оңды тұсы жетерлік, осы бағыттағы мәселелерді шешуге қай министрдің қабілеті көп, қайсысының ыңғайы жоқ – осының бәрін біліп, ойға түйіп отырамыз», – деп академик ағамыздың конституциялық жаңғыруға қатысты ұсыныс айтқаны есте.
Қазақстанда барлық шенеуніктер миллиардтаған мұнай доллары тасқынының эйфориясына бөленген заманда «қара алтынға» тәуелділіктен кету, экономикадағы мемлекеттің қатысу үлесін азайту, шағын және орта бизнесті дамытып, экономика ұстынына айналдыру керегін алғашқылардың бірі болып көтерген де Кенжеғали Сағадиев еді.
«Ел экономикасы шикізат саласына тәуелді. Осы сектор 2004 жылы күтілген табысты әкелген жоқ. Саладан корпоративті табыс салығы жоспардағыдан 13,36 миллиардқа кем түсті. Ол - ол ма, барлық сала бойынша республикада тіркелген 200 мың корпоративті табыс салығын төлеушінің тек 60 мыңы ғана қазынаға салық аударады. Яғни нарықтың 30%-ы ғана! Бүкіл салық төлеушінің үштен бірі 100 доллардан аз салық төлейді. Мемлекеттік акциялар пакеті бойынша бюджетке берілетін дивидендтерді 2004 жылы 13 ұлттық компанияның тек бесеуі ғана қамтамасыз еткен. Дамыған елдерде экономикаға тірек болып отырған шағын және орта бизнес Қазақстанда қалыптаспады және бюджеттің негізіне айналмады», – деді академик-депутат 2004 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Есеп комитетінің есебі тыңдалғанда.
Ол Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы ретінде Үкіметтен ел қаражатын босқа шашпауды, халық игілігіне жаратуды, бюджетті толық игеруді талап етумен болды. «Экономикалық тұрақты өсім пайда болғалы Үкімет пен әкімдер бюджеттік дисциплинаны нашарлатып жіберді!» деп қатты сынап жүрді.
Кенжеғали Сағадиев парламентаризмнің дамуына да сүбелі үлес қосты. Депутат бола салысымен, жаңа тәжірибе енгізді: Үкіметтен бюджет жобасын әкелгенде, онымен бірге ел қаржысына жаңадан салынатын барлық нысандардың тізбесін қоса енгізуді талап етті және соны орындатты. Нәтижесінде, депутаттар нақты қандай қала, аудан, ауылда мектеп, аурухана және басқа да нысандар тұрғызылатынын нақты білетін болды. Әйтпесе, бұрын бюджет жобасы «ауыз суға бәленше млрд, автожолға түгенше млрд теңге» деген қасаң цифрлардан ғана құралатын, депутаттар сұрамаса, егжей-тегжейін айтпайтын. Академик негізін салып кеткен бюджеттік жоспарлаудағы сол тың бетбұрыс қазіргі кезде де қапысыз сақталып, елдің ілгерілеуіне ықпал етуде.
Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетін К.Сағадиев басқарған тұста Парламент заң қабылдап, Елбасы бастамасымен Ұлттық қорды қалыптастырды: мұнай-газдан және металдан түскен ылан-ойран табыс бюджетке соқпай, сол қорға құйыла бастады. Бұл академик ағамыз айтқан «қара алтынға» тәуелділіктен құтылудың бір қадамы болатын.
К.Сағадиев депутат ретінде аса беделді еді. Оның кабинетіне, қабылдауына экономика, қаржы министрлері имене, иіле кіретін.
«ДСҰ-ға кіруге келіссөздер жүргізудеміз. Министрлерге айттым: сендер ең алдымен болатын шығынды есептеңдер, сосын ол шығыннан қалай құтылып кетудің жолын іздеңдер деп...» деуші еді бізбен сұхбатында.
Кенжеғали Әбенұлын журналистер депутаттар арасындағы жалғыз академик қана емес, сондай-ақ ұлтжанды азамат ретінде білетін. Жазғы демалыста қалаулылар шетелдің жағажайына жамырағанда, Кенжеғали Сағадиев қаншама жыл қатарынан отандық Алакөлге аттанатын. Енді Кенжеғали Әбенұлының рухы пейіштің төрінде дамылдағай!