Роза МҰҚАНОВА, жазушы-драматург: Қазақта ақын қыздар көп, бірақ Фариза – жалғыз
Роза МҰҚАНОВА,  жазушы-драматург: Қазақта ақын қыздар көп, бірақ Фариза – жалғыз
433
оқылды

5-6-шы қыркүйекте Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Фариза» спектаклінің премьерасы өтеді. Осыған орай пьеса авторымен сұхбаттасқан едік.

– Апаймен көзі тірісінде жақсы бай­ланыста болдыңыз, ол кісі сіз­дің шығармашылығыңызды ерек­ше құрметтеді. Бұл шығарма­ңыз­ды оның ықылас-ниетінен, сіздің са­ғы­нышыңыздан туды деуге бола ма?

– Солай деуге де болар. Әр ұлт­тың қаһарман тұлғалары бола­тыны сияқты, өнер әлемінде де әр дәуірдің өз кейіпкерлері бола­ды. Өз заманы, өз уақыты оларды бағалай да, бағамдай да алмауы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе тарих өз бағасын береді. Фариза Оңғарсынова да қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы. Тағдырлы тұлға! Табиғаты бөлек, топты жарып оза шап­қан дара жаратылыс. Ол кісі­нің көзі тірі­сін­де бір сұхбатта айт­қаным бар екен. «Қазақта ақын қыздар көп, бірақ Фариза – жал­ғыз» деп. Қазір де сол ойды қай­талауға болады. Мен үшін Фариза – ұлы суреткер, ұлы ақын.

«Мәңгілік бала бейне» пьесам алғаш театрда қойылғанда Фариза апай Мәжілісте депутат еді. Ар­найы келіп, гүл шоқтарымен сах­на­ға шығып, маңдайымнан сүйді де, құлағыма сыбырлап: «Роза­жан, біздерді, депутаттарды оң­дыр­­мапсың» деп күлді. Қайран апам, бәлкім ол кісінің орнында бір шабарман, делқұлы бір депу­тат болса, ол пьесаны жаптырып тастар ма еді, кім білсін?! Фариза шын өнерді жоғары бағалайтын, қиянатқа қарсы тұратын, мінезді еді. Сол «Мәңгілік бала бейнеге» Фари­за апаның көтеріп келген тау­дай гүлдері менің әлі есімде. Ол күндер қазір сағынышқа айналды.

– «Фариза» коммерциялық туынды ма?

– Иә. Коммерциялық туынды. Бас продюсер – Айнұр Көпба­са­рова. Маған ұсыныс Айнұрдан түсті. Айнұр спектакльге кейбір мамандарды шетелдерден алдыр­ды. Бұл әрине, үлкен қаражат­ты талап етеді. Спектакльдің режис­сері Фархат Молдағалиев, компо­зи­торы – Ринат Гайсин, актерлер құрамы – Лейло-Ханинга Бекна­зар, Қуандық Қыстақбаев, Назгүл Қарабалина сияқты қазақ өне­рі­нің бүгінгі дүлдүлдері. Қазіргі заманда продюсерлер көп қой, бір күндік қызыл-жасылды малда­нып, қаражат шашатын. Ал Айнұрдың рухани байлығы, білім парасаты, қайраткерлігі ұнады. Осы жобаға зор жауапкершілікпен барын салды. Бұл кісінің де Фариза ақынға деген жеке басы­ның құрметі болса керек. Спек­такль­дің сыртында қаншама тер төккен қазақтың ұл-қыздары тұр. Ұйымдастырушылық, жауапкер­ші­­лік артқан бүтін бір ұжым бар. Осынша шығармашылық күш үйлесім тапқанда ғана көңілдегі­дей қойылым шығады деп ойлай­мын.

– Бұл мерейтойлық премьера екені белгілі. Биыл ғана сахнала­нып, ары қарай тоқтап қалмай ма деген де қауіп бар.

– Бұл – үлкен жоба. Мұның өміршеңдігін уақыт көрсетер. Біле­тінім – Мәскеудегі «Совре­мен­­ник» театрына қойы­ла­тын­дығы. Қазақтың қайраткер ұлы, Ресейдегі елшіміз Иманғали Тасмағамбетов қолдау көрсетіп отырғанын естідім. Шет елдегі Қазақстан елшілерінің барлығы дәл осындай қолдау көрсетулеріне болар еді. Бірақ ол үшін ұлтын сүю, ұлтқа қызмет ету, рухани   құн­дылықты сезіне білу керек қой. Қазақ әдебиетінің көркем де келісті жанры драматургияны қолдап, жәрдем беретіндер бұл күнде тым аз... Осы орайда бел ше­шіп, азаматтық танытқан Ай­нұр сіңіліме алғыс айтамын.

– Фариза апай – тағдыры күр­де­лі тұлға. Пьесаңыз арқылы обра­зын аша алдым деп ойлайсыз ба?

– Білмеймін... Оны көрермен айта жатар. Бірақ апамыз тірші­лік­те маған көп қолдау білдірді, жақсы көрді, еркелетті. Демек шы­ғар­машылығыма көңілі тол­ған шығар. Әйтпесе мен де қазақ­тың қалам ұстаған көп қызының бірі­мін ғой.

Әр ұлт­тың қаһарман тұлғалары бола­тыны сияқты, өнер әлемінде де  әр дәуірдің өз кейіпкерлері бола­ды. Өз заманы, өз уақыты оларды бағалай да, бағамдай да алмауы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе тарих өз бағасын береді.


Иә, Фаризаны жазу оңай болған жоқ. Ол кісі өмірден кеше ғана өтті. Бүгінгі көрермен Фари­заны жақсы біледі. Сондық­тан оның образын өтірік жасай алмайсың. Ол кісінің 70 жылдығы қарсаңында ақын Оңайгүл Тұржан апаның «Шашы ағарған қыз» деген кітабын әкеп берді. Ол үнемі маған «Сен түбі апай туралы жазатын сияқтысың» дейтін. Фариза апа өзінің он томдық шығар­малар жинағын берді. Өзі де «Түбі саған осы керек болар» деп, қолтаңбасымен сыйға тар­тып еді.

Өзің білетіндей, апай соңғы сәтте ауырып жүрді. Мен апайға бара алмадым. Оның шаршаған, қажыған, дерт меңдеген сәтін көргім келмеді. Көп адамдардан сәлем айтып жатты. Шәрбану Бейсенова, Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскербекқызы, Танакөз Толқынқызы, Дәурен Берікқа­жы­ұлы, бәрі маған хабарласып, апайдың сәлемін жеткізіп жатты. Бірақ... бара алмадым. Апай дүниеден өткен соң, шаңырағына бару тіпті қиын болды. Дегенмен... бардым. Еңсем көтертпей әрең кірдім. Сіңлісі Алмагүл өкпесін айтты. «Соңғы сәтке дейін «Роза, Роза» деп іздеді ғой. Қаншама адамнан сәлем айтты. Сонша жақсы көргенде бір рет келме­ді­ңіз» деді. Өкпесі орынды еді. Үнсіз кеттім. Өзімді кінәладым. Осы пьесаны жазып отырғанда, Фариза апайдың кітаптарын көп ақтардым. Қайта-қайта оқыдым. Көп ойландым. Оның өлеңдері­нен апайдың өзін іздедім. Сонда өзінің үлкен өкінішін айтыпты. Мұқағали ауырып жатқанда апайды көп іздепті. Ақыры келме­ген соң атақты «Фариза» деген өлеңін жазып, жігіттерден беріп жіберсе керек. Апай өлеңді де оқыған. Бірақ, бара алмаған. «Бакуге ұшатын күнім жақын еді» деп жазыпты кітабында. Бұл да бір жұмбағы бар құпиясы шығар деп ойлаймын. Адамның аяғы тұсалатын, табаны тартпай, бұғауын үзе алмайтын түсініксіз бір сәттің жауабын ешкім білмес. Мен де осы күйді басымнан өткіз­дім. Фариза апа дүниеден өткен соң өзімді кінәлаумен жүрдім. Бір күні түсіме енді. «Розажан, тоңып жүрмін» дейді. Сұқ саусағымен бір саңылауды көрсетіп: «Осы жақтан бір суық жел үрлейді де тұрады» дейді жарықтық...Таң атар-атпастан көзі тірісінде жанына жақын тартып жүретін, сіңлісі боп кеткен Оңайгүлге хабарластым. «Кеттік, Оңқа. Апамның басына барып құран оқуымыз керек» деймін ғой. Сөй­тіп, апамның құлыптасында ұзақ отырдық. Жақсы көретіні­міз­ді айттық. Рухымен тілдестік. Міне, Фариза – сондай адам. Ол – қасиетті. Фаризаға түбі бір ора­лар­мын, арнайы жазармын деп ойлайтын едім. Осы сәт туды.   

– Апайдың өмірінің соңы бас қалада өтті. Қойылымды елор­да­­лық театрлардың бірінде сахна­ла­­май, неге Әуезов театрын таңдап алды­ңыздар?

– Нұр-Сұлтан қаласының әкімі, мәдениет департаменті мүмкіндік жасаса, қолдау көрсет­се астаналық көрермендер де сөз­сіз «Фаризамен» қауышады. Өйт­кені жан-жақтан сұраушылар, көрермендер өте көп. Мұндай сұраныс, әрине қуантады.

 

Сұхбаттасқан
Гүлжан РАХМАН