Қазақстанда Қытай компаниялары Ресеймен салыстырғанда 6 есе аз тіркелген
Қазақстанда Қытай компаниялары Ресеймен салыстырғанда 6 есе аз тіркелген
174
оқылды

ҚР Статистика комитетінің дерегінше, Қазақстанда көрші мемлекеттердің қатысуымен жұмыс істеп жатқан бірлескен кәсіпорындардың саны артқаны байқалады.

2019 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша елімізде ресейдің қатысуымен жұмыс істейтін 6805 кәсіпорын тіркелсе, 1083 кәсіпорын қытаймен, 834 кәсіпорын қырғызстанмен бірлескен жобалар негізінде жұмыс істеп тұр.

Биылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша, Ресей қаржысымен жұмыс істеп жатқан кәсіпорын саны 6274 болса, Қытайдың қатысуымен 934, Қырғызстанмен 718 бірлескен компания тіркелген.

Бұл тұрғыда Қазақстандағы қытай кәсіпорындарының саны жыл басынан бері 16%-ға, ресейлік – 8,5%-ға, ал қырғызстандық компания саны 16,1%-ға өскен.

Экономиканың әр секторына бөліп қараған кезде 1 тамыздағы есеп бойынша қытай компанияларының дені сауда саласында (380), тау-кен өндірісінде (87) және қайта өңдеу өнеркәсібінде (80) жұмыс істеп жатыр.

Ал РФ қаржысымен жұмыс істейтін бірлескен кәсіпорындар сауда-саттық саласында (3319), құрылыста (630), кәсіби, ғылыми-техникалық бағыт бойынша (399) және қайта өңдеу өнеркәсібінде (344) болып бөлінген.

Қырғызстанның қатысуымен жұмыс істеп тұрғандар: сауда саласында (407), кәсіби, ғылыми-техникалық бағыт бойынша (85), қайта өңдеу өнеркәсібінде (33) кәсіпорын.