333,5 млрд теңге табыстан қағылды
Пандемияға байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде ішкі және халықаралық рейстер уақытша тоқтатылғаны белгілі. Сәуір мен мамыр айының арасында тұрақты ішкі рейстердің барлығы, яғни 45 маршрут бойынша ұшатын 540 рейс тоқтатылды. Ал 3 ақпаннан бастап 97 маршрут бойынша аптасына 440 халықаралық рейс (442-ден 2-ге дейін) немесе халықаралық рейстердің 99 пайызы қысқартылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиеваның айтуынша, ішкі және халықаралық рейстердің тоқтатылуы жолаушылар тасымалы статистикасына тікелей әсер етті. Мысалы, осы жылдың алғашқы 7 айында отандық авиакомпаниялар тасымалдаған жолаушылар саны 2,6 млн адамды құрады. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңінен (4,6 млн адам) 43 пайызға аз. Мұндай төмен көрсеткіш қызмет көрсетілген жолаушылар мен транзит жолаушылар санынан да байқалды. «Қазақстан аумағындағы рейстердің тоқтатылуына байланысты азаматтық авиация ұйымдарының операциялық кірісі шамамен 333,5 миллиард теңгеге азайды. Авиакомпаниялар 250 млрд теңге, әуежайлар 25,2 млрд теңге, ал «Қазаэронавигация» РМК 28 млрд теңге табыстан қағылды», – дейді Салтанат Томпиева. Егер Үкімет тарапынан әуекомпанияларды қолдау шаралары дер кезінде қолға алынбағанда шығын бұдан да ауқымды болар еді. «Жағдайдың ауқымын ескере отырып, авиакомпаниялар мен әуежайлардың шығынын азайтып, банкроттықтың алдын алу мақсатында көптеген мемлекет азаматтық авиацияның отандық субъектілеріне өтемақы, салық жеңілдіктері, субсидия беру сияқты қолдау көрсетіп жатыр. Біздің министрлік азаматтық авиация саласы субъектілерінің барлық өтінішін қарап, Ұлттық экономика министрлігімен бірге Үкіметке мемлекеттік қолдау шараларының пакетін ұсынды. Осылайша, салық жеңілдіктеріне қол жеткіздік», – дейді. Авиация саласы әлеуметтік төлемдерден және мүлік салығынан босатылды. Бұл жеңілдік «шағын және орта әуежайлар, авиакомпаниялар үшін осы жылдың 1 сәуірінен 1 қазан аралығында, ал ірі авиакомпаниялар үшін осы жылдың 1 сәуірі мен 1 шілдесі аралығында күшінде болады. Сонымен қатар импортталатын қосалқы бөлшектер мен резидент еместер ҚҚС-тан босатылды. Жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төленетін төлемдер мен жер салығынан босату да авиация саласы үшін үлкен демеу болды. Себебі аталған шараларды іске асыру отандық әуекомпаниялары мен әуежайларына түсетін қаржылық ауыртпалықты 6,1 млрд теңгеге дейін азайтуға мүмкіндік береді.Кадрлар қысқарған жоқ
Төтенше жағдай кезінде әуекомпаниялары қызметі толық тоқтатылды. Жекелеген әуекомпаниялар репатриант рейстерді орындауға тартылды. Кейбірі жолаушылар ұшағын жүк тасымалдаушы ұшаққа айналдырды. Әйтеуір табыссыз қалмаудың амалын жасап жатты. Шетелде қалып қойған қазақстандықтарды елге алып келген ұшақ экипажының арасында коронавирус жұқтырып, көз жұмғандары да бар. Ұшақ бортында жұмыс істеу қай-қашанда қауіпті саналған. Ал пандемия кезінде қауіптілігі екі есе артты. Екінің бірі тәуекел ете бермейтін мамандық иелері де пандемияда жұмыссыз қалды, бірақ жұмыстан шығарған жоқ. Біз хабарласқан әуекомпанияларда кадрлар қысқартуға ұшырамаған. Алдағы уақытта да ондай жоспар жоқ. Себебі ішкі рейстердің қалпына келуі жұмыстың жандануына ықпал еткен. «Коронадағдарыс жағдайында авиакомпания жұмыс орындарын 100 пайыз сақтау үшін барлық мүмкіндікті қарастырды. Осы мақсатқа жету үшін төтенше жағдай кезінде компания жұмысы үнемді режимге өтті. Кейбір әкімшілік департаменттер ең төменгі жалақы төлеу арқылы қашықтан жұмыс істеуге ауыстырылды. Ал стратегиялық маңызды қызметтер төтенше жағдай кезеңінде әдеттегідей штаттық режимде жұмыс істеді. Рейстердің қайта басталуына байланысты барлық бөлім қауіпсіздік шараларын сақтап, қалыпты жұмыс кестесіне оралды. Жолаушылар мен әуекемелеріне қатынайтын барлық қызметкер күнделікті медициналық тексеруден өтеді», – дейді SCAT әуекомпаниясының баспасөз хатшысы Виктория Старожилова. Салаға жасалған салықтық жеңілдіктер кадрлардың жұмыссыз қалуының алдын алды деуге болады.Жолаушылардың жаңа тобы пайда болады
Әуе қатынасы қашанда сұранысқа ие болып келген. Бірақ коронадағдарыс бұл саланы да тәубесіне түсірді, тіпті жұмысына түзету енгізіп жатыр. Рейс тоқтады, жолаушы азайды деп қол қусырып отыруға болмайтынын уақыт көрсетіп отыр. Сондықтан пандемияда жұмыс істеуге бейімделуге тура келеді. Қазақстан авиация әкімшілігінің бас директоры Питер Гриффитстің айтуынша, бұл үрдіс қазірдің өзінде байқалып отыр. «IATA 6 тамыз күні Еуропалық авиация саласының жай-күйі туралы соңғы мәліметтерді жариялады. Сол мәліметке сүйенсек, жүк рейстерінің саны 2019 жылғы деңгейден 4 пайызға өскен. Бизнес авиация да қалпына тез келе бастады. Әрине, рейстер саны былтырғы деңгейден 9 пайызға төмен болғанымен, бұл бағыттың болашағы бар. Өйткені пандемияға байланысты жеке ұшақтармен ұшуға мүдделі жаңа клиенттер контингенті қалыптаса бастады. Ал лоукостерлер, яғни қолжетімді ұшақтардың рейсі 2019 жылғы деңгейден 63 пайыз артта қалды. Бірақ дәстүрлі коммерциялық авиациямен салыстырғанда (2019 жылмен салыстырғанда 68 пайызға төмен – ред.), қалпына жылдам келіп жатыр. Осы статистикаға сүйенер болсақ, Қазақстан да жүк рейстеріне сұранысты арттыру мүмкіндігін жібермеуі керек», – дейді. Оның айтуынша, халықаралық рейстерде шектеулер болғанына қарамастан, Еуропа нарығы жеке авиациялық рейстерге деген сұранысты қолдауға қол жеткізген. Біздің елде де бұл сегментті қалпына келтіруге болады. Себебі жеке бас қауіпсіздігі үшін жеке әуекемесімен ұшуды таңдаушылар клиенттердің жаңа тобын қалыптастырады. «Біз үшін қазіргі кездегі басты мәселе – халықаралық авиация талаптары бойынша басқа елдермен ортақ ұстанымға қол жеткізу. Бұл біздің авиация саласы үшін қажет ішкі рейстерді қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге бізге аурудың жоғары деңгейіне қайта оралмау үшін бақылау шаралары қажет», – дейді Питер Гриффитс.Халықаралық рейс қашан қалпына келеді?
Авиация саласының коронадағдарысқа дейінгі жағдайға қашан оралатыны бәріміз үшін маңызды. Сондықтан IATA ұйымына иек артамыз. Алайда бұл ұйымның болжамы көңіл көншітпей тұр. 2019 жылғы тасымалдау көрсеткішіне жету үшін әлі 3-4 жыл керек дейді. Себебі пандемиядан жүрегі шайлығып қалған елдер халықаралық рейстерді ашуға тәуекел ете алмай отыр. Әйтеуір саланы сақтап қалу үшін ішкі рейстерге рұқсат беріп қойған. Біздің елде де ішкі рейстер қалпына келе бастады. Мысалы, бүгіндері 45 бағыт бойынша ішкі рейстер толығымен қалпына келтірілді, күніне ел ішіне 71 рейс жасалып жатыр. Ал халықаралық рейстерді қалпына келтіру мәселесі әлі пысықталып жатыр. Себебі халықаралық жолаушылар рейстерін қалпына келтіру туралы шешім Қазақстанда коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның хаттамасына сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдарын, сондай-ақ осыған байланысты эпидемиологиялық және карантиндік шаралар тұрғысынан шет мемлекеттің саясатын ескере отырып қабылданады. Мәселен, комиссияның 2020 жылғы 11 маусымдағы шешіміне сәйкес, 2020 жылдың 20 маусымынан бастап Түркия, Оңтүстік Корея, Қытай, Грузия, Таиланд және Жапонияға рейстерді қалпына келтіруге рұқсат етілген еді. Алайда қазіргі уақытта шет мемлекеттер қойған шектеулерге байланысты тұрақты халықаралық рейс Кореяға ғана орындалып жатыр. Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары айтқандай, мемлекеттік комиссия 2020 жылдың 2 шілдесінде халықаралық рейстерге қатысты карантин шаралары алынғанға дейін елдер тізімін көбейтпей, бұрын рұқсат берілген елдермен ғана (Түркия, Оңтүстік Корея, Грузия, Таиланд, Қытай, Жапония) рейстер жүргізуге шешім қабылдаған болатын. Ал күні кеше, яғни, 11 тамыздағы комиссия шешіміне сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдарын, эпидемиялық жағдайдың деңгейін ескере отырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) картасына сәйкес 17 тамыздан бастап Біріккен Араб Әмірліктері, Беларусь Республикасы, Германия, Нидерланд, Египет, Украина және Ресейге халықаралық рейстер кезең-кезеңмен жаңартылатын болды. «Аталған елдердің авиациялық органдарымен бірлесіп тұрақты жолаушылар рейстерін қалпына келтіру мәселесін алдын ала пысықтадық. Осылайша, бұл елдер санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтай отырып (термометрия, әлеуметтік қашықтық, бетперде тағу, ПТР тестілеу), Қазақстанмен әуе қатынасын қалпына келтіруді қолдайды. Осы тұста Ресейге ұшу үшін Ресей тарапынан рұқсат талап етілетінін айтқым келеді. Ал халықаралық бағыттар бойынша рейстердің саны әуе қатынасы туралы үкіметаралық келісім негізінде және әр бағыттағы ұшақтардың коммерциялық жүктемесіне байланысты орындалады», – дейді С.Томпиева. Оның айтуынша, еліміздің бас санитарлық дәрігері осы елдердегі жағдайды қадағалап отырады, егер эпидемиялық жағдай нашарласа, тиісті шаралар қабылданады. Мәселен, аталған елдермен арадағы әуе қатынасы тоқтатылуы әбден мүмкін. Мұндай жағдай өткен аптада болды. Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасы екі аптаға тоқтатылды. Бұл шешімді Түркия қабылдады. Ол Түркия мен Қазақстан арасында жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын барлық әуекомпанияны қамтыды. Шешім қабылданғаннан кейін 2020 жылғы 5 және 6 тамыз күндерінде жоспарланған соңғы өзара рейстер қажетті рұқсатпен ғана орындалды.Халима БҰҚАРҚЫЗЫ